Смайылов азық-түлік бағасы туралы: Мұндай жағдайға көне алмаспыз
Бүгін Үкімет үйінде премьер-министр Әлихан Смайылов және орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктері басшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы мәселелері бойынша кеңес өтті.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, биылғы жылы 10 ай ішінде азық-түлік инфляциясы 20,5%-ға жеткен.
Өткен айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағасы 0,8%-ға өскен. Жұмыртқа 7,6%-ға, ұн 3,9%-ға, күріш 3%-ға, сүт 2,2%-ға қымбаттады.
– Абай облысына барған кезде Семейден 200 шақырым жерде орналасқан құс фабрикалары жұмыртқаны ондығына 360-380 теңгеден сатқан, ал соңғы сатып алушыға ол 600 теңгеден өткізілгені анықталды. Осыған байланысты монополияға қарсы әрекет етудің шұғыл шараларын қабылдау қажет. Сонымен қатар соңғы кездері баспасөзде жекелеген тауар өндірушілердің алдағы уақытта бағаның көтерілетіні туралы мәлімдемелері жариялануда. Бұл ретте тиісті түрде әрекет ету қажет, – деді сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиев.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызанақ, қияр және жұмыртқа бағасының өсу себептерін талдау қорытындылары туралы баяндама жасады. Министр кейбір тауар өндірушілер мемлекеттік субсидиялау көлемін ұлғайтуды сұрайтынын атап өтті.
– Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялау екі есеге ұлғайтылды, бірақ оны алатындардың азық-түлік бағасын 20%-ға көтергенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайға көне алмаспыз. Егер біз субсидия берсек, онда олар қарсы міндеттемелер қабылдауы керек. Субсидиялау жүйесі нақты жұмыс істеуі тиіс. Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысының және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі. Өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін аталған өңірлер әкімдерінің жетекшілік ететін орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын, – деді Смайылов.
Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрлігіне осы бағытқа жетекшілік ететін лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуға ұсыныс енгізуді, сондай-ақ Сауда комитетінің төрағасын қызметінен босатуды тапсырды.

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.