«Түркия халқында ерекше бір қасиет бар»: Түркия қазағы елдегі жағдай жайлы не дейді?
Түркияда табиғи апат салдарынан үйлер мен ғимараттар қирандыға айналып, 20 мыңға жуық адам қаза тапты. Зілзала зардабынан ағайын-туысынан айырылып, үйсіз қалғандардың саны сәт санап көбейіп жатыр. Қахраманмараш, Хатай және Адьяман қалалары апат ошағына саналған соң бұл қалаларға кіріп-шығу тоқтатылған. Түркияның 10 аймағы жер сілкінісінен жермен-жексен болған. Көрші ел Сириядағы жағдай да көңіл көншітпейді.
Түркияның Измир қаласында тұратын қазақ Әсел Қайролла Exclusive.kz тілшісіне елдегі қазіргі жағдайды сипаттап, Түркия халқының төтенше жағдай кезіндегі ерекше қасиетін айтып берді.
– Измир қаласында жағдай тұрақты. Кеше Мендерес ауданында 2-3 баллдық жер сілкінісі болды. Измирде 2020 жылы жойқын жер сілкінісі болды. Сол апатты жағдайдан соң қатаң бақылау жүргізілетін болды. Ескі үйлер мен құрылыс алаңдары тексеріліп, кейбірін сүріп тастады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша оның орнына жаңа үйлер салынып, қолданысқа берілді. Бұл жақтағы студенттердің де ата-аналары алаңдап отыр. Бұл қаладағы барлық мемлекеттік мекемелер, университеттер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Бірақ мектептер мен балабақшалар ғана бір апталық демалысқа кетті. Халықтың көңіл-күйі бұрынғыдай емес, бәрі алаңдаулы. Мұндай сәтте теріс ақпарат берушілер көбейіп кетеді. Ақпарттық соғыс кері әсерін тигізіп жатыр, – деді ол.
Әселдің айтуынша, Түркиядағы билік өкілдері төтенше жағдай кезінде тәуелсіз әрекет етуге үйренген.
– Мен Түркия халқының кез келген төтенше жағдайға дайын болатынын құрмет тұтамын. Кезінде Измирдегі жер сілкінісі кезінде 10 мыңға жуық адам үйсіз қалды. Сол уақытта мектеп, мейрамхана, супермаркет егелері қиын жағдайға душар болған халқына қажетті көмек көрсетті. Спорт басқармасы, әкімшілік бюрократияны күтіп отырмай тез шешім қабылдай алады. Төтенше жағдай кезінде халық үшін қызмет етеді. Зілзала болған аймақ өте үлкен. Ас-сусыз көз жұмғандар да бар деген ақпарат бар, – деді Әсел Қайролла.
Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған алапат жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады. Табиғи апат Түркиядағы 1939 жылдан бергі зардабы зілмауыр жер сілкінісі ретінде тіркелді.
Кісімін дерсің, кім екеніңді басыңа іс түскенде білерсің…
Жойқын жер сілкінісі туралы жантүршігерлік ақпарат толастар емес. Ел басына күн туғанда Түркия топырағына аттанып, көмек қолын созған елдер жетерлік. Жалпы саны 3 мыңнан астам шетелдік жасақ апат орнына келді. Бауырлас түрік халқына Қазақстан да көмек жіберді. 8 ақпан күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, бауырлас елдің оңтүстік-шығысында болған зілзаладан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ Қазақстанның жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары зілзала салдарын жою үшін Түркияға ат басын тіреді. Топтың құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары мен медициналық қызметкерлер, құтқарушы иттер бар. Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 миллион доллар бөлінді.
Түркияға 45 ел, Еуропа Одағы және НАТО тарапынан көмек ұсынылды. Еурокомиссия Түркия мен Сирияға ЕО-ға мүше 19 елден, Черногория мен Албаниядан 30 құтқару тобы мен дәрігерлер тобының жіберілетінін жариялады. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін барлығы 1,2 мың құтқарушы жұмылдырылды.
8 ақпан күні ЕО Түркия мен Сирия жеріндегі зардап шеккендерге көмектесу үшін 6,5 миллион еуро бөлетінін жариялады. Сондай-ақ БҰҰ тарапынан да көмек ұсынылды.
Рим Папасы Түркия мен Сирияда құрбан болғандар үшін дұға етіп жатқанын хабарлады. Ал Сирияның Қызыл Крест ұйымы жер сілкінісінің салдарын жеңілдету үшін Сирияға қарсы халықаралық санкцияларды тоқтатуға шақырды.
Украинамен соғысып жатқан Ресей билігі де Түркияға 100 құтқарушы мен екі Ил-76 ұшағын жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Президент Владимир Путин Түркия мен Сирия басшыларына көңіл айтты. 8 ақпанда Төтенше жағдайлар министрлігі Түркияға тағы 50 құтқарушы жіберуге уәде берді.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Түркияға 420 құтқарушы жіберуге бұйрық беріп, жақын арада барлық қажетті заттар мен материалдарды жіберуге уәде берді. Ердоғанға телефон соғып, көңіл айтты. Сондай-ақ жер сілкінісі кезінде жараланғандарды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Әзірбайжан ауруханаларында бұл үшін барлық жағдай жасалған.
Көмек қолын созғандар қатарында Армения, Беларусь, Израиль, Ұлыбритания, Испания, Оңтүстік Корея, Жапония, Хорватия, Иран, Ауғанстан елдері бар.
Комментариев пока нет