«Өте маңызды құжаттарға қол қойылады»: Тоқаев Қатар әмірімен кездесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірінің «Diwan Amiri» сарайына келді. Резиденцияда Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Құрмет қарауылының бастығы екі ел басшыларына рапорт берді. Қазақстан мен Қатардың әнұрандары шырқалғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды, – деп жазылған хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізіп, Қатар Әмірінің шақыруын зор ризашылықпен қабыл алғанын жеткізді.
– Қатар – ислам әлеміндегі біздің сенімді әрі маңызды әріптесіміз. Екі елдің қарым-қатынасына тың серпін беретін кез келді деп ойлаймын. Қазақстан мен Қатар байланыстарын толық стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеруді ұсынамын. Сапар кезінде өте маңызды құжаттарға қол қойылады. Бұл келісімдер біздің ынтымақтастығымызды стратегиялық деңгейге көтереді. Біз үшін Қатар өте ерекше ел, сіздермен байланыстарымызды жоғары бағалаймыз. Сондықтан бұл қатынастарымызды одан әрі дамыту үшін күш-жігерімізді саламыз. Бізге көрсетілген қонақжайлығыңызға ризашылығымызды білдіреміз, – деді Тоқаев.
Шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни де өз кезегінде келіссөздер екі ел арасындағы қарым-қатынастарды еселей түсетініне сенім білдірді.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.