Тек бұлардың басымызға отыруы қалды – депутат
Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, Рамиль Мухоряповтың даулы пікіріне жауап қайтарды.
– Шыдамныңда шегі бар! Мухоряпов деген біреу мемлекеттік тілде, яғни қазақ тілінде жауап беруді мәдениетсіздікке жатқызыпты. Бұл Қазақстан Республикасының Конституциясын мойындамау және қазақ халқының ар-намысына тию! – деді Жаңбыршин.
Депутаттың пікірінше, кәсіпкер қазақтардың ар-намысын таптағаны үшін Бас Прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғауы тиіс.
– Сондықтан ел арасында алауыздық туғызып, қазақтардың ар-намысын таптағаны үшін Бас Прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғауы керек!
Мәжіліс депутаты ретінде осыны талап етемін!
Шыдамныңда шегі бар, енді тек бұлардың басымызға отыруы қалды! – деп жазды ол.
Chocofamily холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов Ресей Федерациясында ішінара жұмылдыру жарияланғаннан бастап елге келген ресейліктер үшін тренингтер өткізе бастады. Осындай кездесулердің бірінде кәсіпкер қазақ тілі туралы пікір білдірген. Бұл бейнежазба көпшіліктің наразылығын тудырды.
– Сізге орыс тілінде қызмет көрсетілмей сізбен қазақ тілінде сөйлесе ме? Бұл агрессия емес. Бұл жағдайға түсіністікпен қараңыздар. Қандай да бір жеккөрушілік танытпайық. Бірақ егер мұндай жағдай болса, мен де ауыр қабылдаймын. Мен үшін бұл ұлтшылдықтың көрінісі және мәдениеттің төмендігін көрсетеді, – дейді кәсіпкер жиналған жұртқа.

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.