Тілеухан елорда атауын ауыстыруға үзілді-кесілді қарсы шықты
Экс-депутат, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті Бекболат Тілеухан әлеуметтік желі арқылы қазақ халқына үндеу жасады.
– Мен кешегі Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіздердің мұрасын паш еткен, сол жыраулардың сарқыншағы іспеттес болғандықтан осы сөзді айту міндетім деп білемін. Осыдан отыз-ақ жыл бұрын боданнан босаған ондаған елдердің арасында маңдайы жарқырап, оза шапқан қазақ елінің тізгінін Нұрсұлтан Назарбаев ұстаған еді. Бжезинский тап осы Қазақстан ел болмайды, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді деген болжам жасады. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін Бжезинский мырза болжамыңыз болмады ғой деді. Сонда ол мен Назарбаев феноменін ескермеппін деп айтқанын ұмытып кеттік пе? Назарбаев орыспен келісіп, тіпті Қытайдың тілін тауып шекара шегендегені есімізден шығып кеткені қалай, ағайын? – деді Тілеухан.
Оның айтуынша, елорданың Нұр-Сұлтан аталуы тарихи әділеттілік.
– Израиль мен Германияны қоспағанда қандасты тарихи отанына қайтарған қандай ел бар? Миллионға жетпейтін ұлттар бар. Назарбаев орысы қайысқан солтүстікке қазақты әкелудің тәсілін тапты. Ол да бейне бір біздің есімізден шығып кеткендей. Алатаудың бауырында туған Алматының жігіті. Алматыдан астананы Ақмолаға ауыстырды. Руласы, сырласы, бәрі қарсы болды. Ештеңеге қарамады, саяси тегеурінге салып ауыстырды. Өйткені, мұрат асыл, мақсат айқын болатын. Осы бір терең сарабдал саясатқа бойлай алмай қалғанбыз ба, ағайын?! Астанамыздың Нұр-Сұлтан аталуы бұл – тарихи әділеттілік. Ердің ерекше еңбегіне берілген баға. Алаштың алғысы. Құсығын қайта жеген құнсыз сияқты болмай аталған сөз қайтпаса нағыз әділеттік болар еді. Кеше ғана Назарбаевтың көзіне қалай түсерін білмей жүрген бір-екі депутат алаштың аяулы ақсақалының сағын сындырмаққа бастама көтеріпті. Бірақ бұл бүкіл қазақтың көзқарасы деп түсінбейміз. Отыз жыл ел басқарды жаза басқан жері бар шығар. Біз кешірімшіл, дархан көңіл қазақ едік қой. Таблода тағы да астананың аты өзгеріп жатса мынау бір берекесі қашқан ел дейді ғой. Сондықтан тарихи әділдікке жүгініп, астана қаласы Нұр-Сұлтан деген атауында қалу керек, – деді Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының вице-президенті.
Фото: Тұрар Қазанғапов
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.