Тоқаев ҰҚШҰ саммитінде Украинадағы соғыс туралы мәлімдеме жасады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ереван қаласына жұмыс сапарымен келіп, ҰҚШҰ-ның алдын ала бекітілген жұмыс жоспарына сай өтетін Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысты.
Мемлекет басшысы ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді. Ұйымға мүше елдер басшыларының қорытынды кездесуі күрделі геосаяси қайшылықтар мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын айтты.
– Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Украина төңірегіндегі жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге шақырды.
– Украина мәселесіне келер болсақ, бейбітшілік формуласын бірлесе қарастыратын уақыт келді деп ойлаймын. Кез келген соғыс бейбіт келіссөзбен аяқталады. Бітімге келудің кез келген мүмкіндігін пайдалану керек. Ыстанбұлдағы келіссөз раунды үміт сыйлаған еді. Бірақ түрлі себептермен келісім іске аспады. Ондаған, жүздеген жылдарға созылатын өкпе-реніштен бауырлас орыс және украин халықтары арасының алшақтауына жол бермеу керек, – деді президент.
Фото: Ақорда

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.