Ya Metrika Fast


English version

Тоқаев АЭС құрылысы жөнінде түпкілікті шешім қашан қабылданатынын айтты

Контекст дня — 8 ноября 2023 14:30
0
Изображение 1 для Тоқаев АЭС құрылысы жөнінде түпкілікті шешім қашан қабылданатынын айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне сұхбат берді, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы қатынастардың дамуына баға беріп, Ресей президентінің сапарынан не күтуге болатынын айтып берді.

– Шын мәнінде, біздің Владимир Владимирович Путинмен кездесуіміз тұрақты сипат алып келеді. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін айқын көрсетеді. Екіжақты кездесулерде немесе интеграциялық бірлестіктер аясындағы көпжақты келіссөздерде болсын, талқылайтын мәселе жеткілікті. Ресей Президенті – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға. Оның жаһандық және өңірлік процестерге көзқарасы көп жағдайда қазіргі әлемдік ахуалға ықпал етеді. Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі. Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді. Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз. Бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында аталған жиын 19-шы рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық. Форум Ресей Президентінің Қазақстанға алдағы сапары секілді табысты өтеді деп сенемін, – деді Тоқаев.


Сондай-ақ сұхбатта АЭС құрылысы да сөз болды. Оның айтуынша, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол.

– Елімізде АЭС салуға қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Бір жағынан, Қазақстанның атом энергетикасын дамыту әлеуеті мол. Еліміз табиғи уран өндіру көлемі жөнінен әлемде бірінші орын алады. Сондай-ақ ядролық отын компоненттерін өз елімізде өндіреміз және уранды изотопты байыту жөніндегі қызметтерге қол жеткізе аламыз. Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығарылады.
Екінші жағынан, көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады.
Мен 2019 жылғы сайлауалды бағдарламамда аса маңызды стратегиялық проблемаларға қатысты шешім референдум арқылы қабылданады деп мәлімдеген едім, – деді ол.

Фото: ашық дереккөз


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.