English version

Тоқаев «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырды

Контекст дня — 5 октября 2022 16:30
0 -1

Мемлекет басшысы Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келіп, Қарағанды облысы жұртшылығымен кездесті.

– Қарағанды облысы еліміздің дәл ортасында орналасқан. Оңтүстік пен солтүстікті жалғайтын ең басты күре жол осы өңірді басып өтеді. Аймақты дамытуға автокөлік жолдарының сапасы айрықша ықпал ететіні анық. Қазір Орталық – Оңтүстік көлік дәлізі салынып жатыр. Балқаш қаласы арқылы өтетін жолдың құрылысы өте баяу жүріп, мерзімі қайта-қайта кейінге қалуда. Үкіметке «Қарағанды – Балқаш» және «Балқаш – Бурылбайтал» тас жолын келесі жылы салып бітіруді тапсырамын.

Сонымен бірге, «Қарағанды – Жезқазған» күре жолы да аса маңызды. Ұзындығы 500 шақырымнан асатын жол жөнделсе, орталық өңірлерге барыс-келіс жақсарады. Жүк тасымалы көбейеді. Бұл Ұлытау облысын дамытуға зор септігін тигізеді. Екі облыстың инвестициялық және туристік мүмкіндігін арттырады. Осы жолды жөндеу жұмысына алдағы жылы дереу кірісу керек. Сондай-ақ, «Қарағанды – Қарқаралы» тас жолын жөндеуді тапсырамын. Қарқаралының туристік әлеуетін арттыру мақсатында бұл жұмысты алдағы екі жылдың ішінде аяқтау қажет, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Балқаш көлінің күрт тартылып бара жатқанын атап өтті. Сәтбаев каналы мен Балқаш көліне қатысты мұқият зерттеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

– Облыстағы 176 ауылда таза су жоқ. Биыл 37 елді мекенге таза су беріледі. Басқа ауылдарды көп созбай сумен қамту қажет. Соңғы жылдары Балқаш көлі күрт тартылып барады. Еліміздің орталығын сумен қамтамасыз ететін Сәтбаев каналының техникалық жағдайы мәз емес. Білікті мамандармен бірлесіп, осы екі мәселені мұқият зерттеуді тапсырамын. Көлді сақтау және каналды қалпына келтіру үшін барлық шаралар қабылдануы керек. Қазір суды тазартып, тұшытатын заманауи технологиялар баршылық. Қандай шөлді жер болса да, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге болады. Әкімдік ірі бизнес өкілдерімен бірге бұл жұмысты мықтап қолға алуы керек, – деді президент.


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.