Тоқаев Қазақстандағы инфляцияға шетелдегі жағдайды кінәлады
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшыларымен кездесті.
Президент Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың басшыларына елімізде түрлі салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Өз саясатымызда «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген постулатты берік ұстанамыз. Сондықтан азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, түрлі қоғамдық күштерді біріктіруге, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға маңызды іс-шаралар қабылданып жатыр, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның демократияландыру және кешенді қоғамдық-саяси өзгерістер бағыты өзгермейтінін атап өтті.
– Жаңа модель биліктің тұрақты ротациясын және Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін одан әрі демократиялық тұрғыда дамуын қамтамасыз етеді. Бірнеше аптадан кейін өтетін кезектен тыс Президент сайлауында осы өзгерістер ескеріледі. Бұл сайлау Қазақстанда жаңа саяси дәстүрді қалыптастырады, жаңа саяси дәуірге жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыруы үшін тең жағдай мен мүмкіндік жасалатын Әділетті Қазақстанды құру. Әділеттілік идеясы бұдан былай халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел назар аударуға бағытталған Қазақстанның барлық мемлекеттік саясатының өзегі болады. Мен және менің Әкімшілігім Президент сайлауын ашық және әділ өткізу үшін барлық жағдайды жасаймыз, – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде елдегі инфляция туралы айтты.
– Биылғы 6 айда шетелдік серіктестеріміз еліміздің экономикасына шамамен 15 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйды. Бұл былтырғы осы кезеңдегі көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайызға көп. Сонымен қатар бізді шетелдік азық-түлік импортының жоғары деңгейі алаңдатады. Бұл инфляцияның өсуіне алып келеді. Сарапшылар Қазақстандағы инфляцияға сыртқы факторлар ықпал ететінін айтып отыр, – деді президент.
Фото: Борт 1

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.