English version

Тоқаев қазақ тілі мәселесін саясиландырмау керек екенін айтты

Контекст дня — 22 октября 2022 17:10
0 -1

Бүгін Астана қаласында Республика күніне орай шара өтті. Ақордада мемлекеттік сыйлықтар табысталды. Бұл шарада президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі мен ұлтаралық қатынастар мәселесі туралы пікір білдірді.

– Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – Мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді. Жақында мен «Өз тілің – бірлік үшін, өзге тілдер – тірлік үшін» деп айттым. Жастарымыз көп тіл білген сайын бәсекеге қабілетті, білікті маман болады. Тіл, ұлтаралық қатынас – ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды факторлар. Сондықтан, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайды. Осындай қоғамдық тұрғыдан сезімтал мәселелерді саясиландырудың кесірінен кейбір елдер қасіретті жағдайға ұшырады. Бұл – біздің жол емес, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару туралы шешіміне түсініктеме берді.

– Мен Ұлытауда өткен алқалы жиында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсындым. Оны Қазақстанның басты мейрамы ретінде атап өту туралы бастама көтердім. Бұл бастама халықтың кең қолдауына ие болып, тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Биылдан бастап Республика күні – ұлттық мереке. Енді бұл мейрамды күллі ел болып жаңа мазмұнда атап өтетін боламыз. Қайта жаңғырған Республика күні – бұл халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін аса маңызды тарихи қадам. Сондықтан, осы мерейлі күн азаматтарымыздың өзара түсіністігін, тұтас ұлтымыздың еркін өмірге және дербес дамуға ұмтылысын паш ететін мереке болмақ. «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені, азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды, – деді Тоқаев.

Фото: Ақорда

Изображение 1 для Тоқаев қазақ тілі мәселесін саясиландырмау керек екенін айтты
https://t.me/kzexclusive

Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.