Тоқаев БҰҰ делегациясын қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ делегациясымен – БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясының Атқарушы хатшысы Армида Алисджабанмен, Бас хатшының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчимен және БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі – БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі Ивана Живковичпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен БҰҰ институттары арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
– Президент Астана халықаралық форумына белсенді қатысқаны үшін дипломаттарға ризашылығын білдіріп, олардың БҰҰ аясындағы ұсыныстары форум жұмысының мазмұнын байытуға үлес қосқанын айтты. Мемлекет басшысы БҰҰ-ның бейбітшілікті нығайту, қауіпсіздік пен жаһандық дамуды қамтамасыз ету ісіндегі айрықша рөліне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін жан-жақты реформа жүргізу қажеттігіне және осы органның өкілдігін кеңейтудің маңыздылығына тоқталды. Президент осы әмбебап ұйымның рөлін нығайту мақсатында Қазақстан БҰҰ-мен күш біріктіруге ниетті екенін растады, – деп жазылған хабарламада.
Қазіргі күні Қазақстанда БҰҰ-ның 20-дан астам бөлімшесі табысты жұмыс істеп жатыр.
Фото: aqorda
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.