Тоқаев Конституциялық Сот төрағасын қабылдады
Мемлекет басшысы Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Азимованы қабылдап, баяндамасын тыңдады, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Эльвира Азимованың баяндамасына сәйкес, былтыр Конституциялық Сотқа бес мыңнан астам өтініш, оның 99 пайызы азаматтардан келіп түскен.
Сондай-ақ азаматтар өз өтініштерінде сот актілеріне, лауазымды тұлғалар мен судьялардың іс-әрекеттерінің заңдылығына, қылмыстық жазаның түрлері мен шарттарына, қылмыстық қудалау кезінде адам құқықтарының сақталуына, еңбек және әкімшілік-құқықтық қатынастарда құқықтың қорғалуына қатысты мәселелерді көтергені айтылды.
– Былтыр 558 құқық нормасы тексеріліп, нәтижесінде 29 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізу жөнінде кеңес берілген. Қылмыстық-процессуалдық, Салық кодекстерінің және бірқатар заңның жекелеген нормаларын қайта қарау жөнінде ұсыныстарын берген. Бүгінде Үкімет пен уәкілетті органдар аталған ұсынымдардың 16 пайыздан астамын орындаған, – деп жазылған хабарламада.
Кездесу соңында Тоқаев Конституциялық Соттың қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге, адам мен азаматтардың құқықтарын, бостандығын қорғауға қатысты қоғам мен мемлекеттің сұранысына сай келетінін айтты.
Фото: ашық дереккөз



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.