Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтар санының көбейгенін айтып, тапсырма берді
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтіп, жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылды, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды, – деді президент.
Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, Тоқаев жаман әдетке жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.
– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Тоқаев. Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.
Сондай-ақ президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.