Тоқаев Түркістан облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдап, облыстың былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есепті тыңдады, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дархан Сатыбалдының баяндамасына сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша аймақтың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалады.
– Атап айтқанда, өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,5% өсіп, 1 трлн теңгеден асқан. Өңдеу өнеркәсібін дамыту үшін жалпы сомасы 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске қосылып, 594 жаңа жұмыс орны ашылған. Алдағы 5 жылда өңірдің өз кірісін 100 млрд теңгеге арттыру жоспарланып отыр. Алдын ала есеп бойынша былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 трлн теңге болған. Ал ауыл шаруашылығындағы өнім көлемі 1,1 трлн теңгені құраған. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада көш бастап тұр, – деп жазылған хабарламада.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне халықтың әл-ауқатын арттыру, өңірдің экономикалық жағдайын жақсарту жөнінде берген тапсырмаларын жүйелі әрі сапалы орындау қажет екенін айтты. Сондай-ақ Түркістан өңірін дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.