Ыстық пен құрғақшылық Қазақстанға қандай қауіп төндіріп отыр? - Exclusive
Поддержать

Ыстық пен құрғақшылық Қазақстанға қандай қауіп төндіріп отыр?

Шыжыған ыстық Қазақстанның барлық аймағын шарпыды. Қапырық, аптап әрі шыжыған ыстықтан бірқатар өзендердің таяздана түскендігі жөнінде хабарламалар келіп түсуде. Каспий таязданып, тарылып бара жатыр, бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер болса биылғы жазға арналған ақырзаманғы болжамдарымен жарысу үстінде. Абай облысында орын алған өрт, адамдардың өмірін жалмаған қайғылы оқиғалар туралы хабарлар жағымсыз жаңалықтардың апофеозына айналды. Осы жағдайлардың барлығы қазақстандық қоғамды дүр сілкіндіріп, толғандырғаны белгілі. Бірақ, шын мәнінде не болып жатыр? Exclusive.kz осы сарындағы сұрақтармен белгілі қазақстандық маман, техника ғылымдарының докторы, профессор, «ҚазҰАЗУ Water Hub халықаралық зерттеу орталығының» директоры Анатолий Рябцевке жүгінген болатын.

– Анатолий Дмитриевич, жағдай шынымен қауіпті ме?

– Мұндай проблемалар бізде жыл сайын қайталанып отырады. Жағдайдың күрт ушығуы осындай продлемалардан басталады, алайда биылғы жылы әлеуметтік желілердің барлығы табиғи апаттарға, яғни көлдердің жойылуы, Африкада, Оңтүстік Америкада және өзге де аймақтарда өзендердің құрғап жатқаны жөнінде хабарламаларға толы болды. Италияда су тасқыны, Испанияда қапырық, аптап әрі шыжыған ыстық пен құрғақшылық орын алды… Мұның бәрі көрер көзге айқын көрініп отыр… Бұл жер бетіндегі жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты болып отырған құбылыс, сол себепті бұған таңдана қарайтындай еш нәрсе жоқ.

Проблеманың тағы бір өзге қыры, мұндай процестің түрлі формада жүретінінде және уақыт пен кеңістікте іске асатындығында болып отыр. Мәселен, біздің өңірде мұндай процестер өте баяу дамып келеді және сол себепті біз пәлендей бір күрт өзгерістер жайлы айта алмаймыз. Сырдария, Іле, Ертіс, Шу, Талас және басқа да өзендеріміздің ағындары көпжылдық мәндер шегінде қалып отыр. Жыл өткен сайын біз ағын көлемінің үлкен ауытқуын байқамаймыз. Әрине, отыз-елу жылдағы көрсеткіштерді ескеретін болсақ, онда өзгерістерді байқауға әбден болады. Елу жыл бұрын өзендердің жылдық жер үсті ағыны шамамен 120 текше шақырым болатын. Бүгінде бұл көрсеткіш шамамен 20 текше шақырымға азайған. Әрине, мұндай көрсеткіштер жыл сайын есептелмейді, алайда шамамен алғанда бағалау көрсеткіштері осындай межені көрсетіп отыр. Бұл бізге сондай бір қатты қорқыныш туғызып отырған жоқ және елді сумен қамтамасыз ету перспективаларына оптимистік көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Сөз жоқ, мәселенің күн тәртібінде тұрғаны баршаға мәлім. Ішкі және трансшекаралық өзендеріміз негізінен мұздықтардың еруі арқылы қалыптасады және осындай өзен ағындарының басым бөлігін құрайды. Ғалымдар көп жылдық бақылаулардың нәтижесінде планетадағы, соның ішінде біздің аймақтағы мұздықтардың ауданы азайып келеді деген нақты бір қорытындыға келді. Аралдың құрғап, кепкен сайын оның түбіндегі тұз бен шаң-тозаңдар мұздықтарға жетіп, олардың еру процесін одан әрі күшейте түседі. Полюстердің жылжу салдарынан жаһандық процестер, мәселен, Алматыдағы климаттың қатаңдана түсуіне, ал Орталық және Солтүстік Қазақстанда, керісінше, жұмсақ болуына әкеліп отыр. Ресейдің солтүстік облыстарында да күн жылына түсуде, мәңгі ерімейтін мұздықтар ери бастады. Жылу аймағының солтүстікке қарай жылжуына байланысты Ресейдің Обь, Лена, Енисей сияқты солтүстік өзендеріндеріндегі су ағыны арта түсті, сөйтіп олар суды мұхитқа құйып жатыр. Бұл жерде 1980-1985 жылдары қызу талқыға түскен, Ресейдің солтүстік өзендерін оңтүстікке бұру жобасын айтпай кетуге болмайды. Бұрынғы Кеңес одағының жүздеген ғылыми-зерттеу және жобалау институттары жұмыс істеген мұндай жоба жүзеге асқан болса, біз Аралды құтқара алып, Сібір мен Орта Азиядағы миллиондаған гектар егістік жерлерді сумен қамтамасыз еткен болар едік. Осылайша, климатқа болжам жасауға әбден болар еді. Алайда…. Тарихтың шартты, бағыныңқы райды білмейтіні, ескермейтіні белгілі, яғни не ексек, соның жемісін көретін боламыз. Осы жылдар ішінде триллиондаған текше шақырым су Солтүстік Мұзды мұхитқа пайдасыз ағып, оның тұздылығын сұйылта түсті. Жобаға қарсы болған экологтар да, оның зиянды екенін алға тартқан оппоненттер де Арал теңізі тәрізді әлдеқашан құрдымға кеткені бесенеден белгілі.

– Бүгінгі күні бұл идеяны қайта жаңғырту мүмкін бе?

– Мүмкін, мәселе техникалық тұрғыдан да жеңілдей түсті. Алайда, саяси, қаржылық, ұйымдастырушылық, еларалық және өңіраралық мәселелер мен қайшылықтардың бүгінгі күні қатты белең алғаны сонша, бұл туралы әзірше тек армандауға ғана болады. Бізде мұндай жаһандық жобаны жасаудың бірегей мүмкіндігі бір мемлекетте, яғни КСРО кезінде ғана болды. Ендігі жерде, мұндай әрекет әлдеқайда қиындай түсті.

Бүгін біз әр адамның мүддесін ескере отырып, көршілерімізбен су мәселесін келіссөздер арқылы жүргізуді үйренуіміз керек. Бұл үнемі өз нәтижесін бере бермейді. Нақты мысал келтіре кетсем. Мәселен, Ауғанстан қазір ауыл шаруашылығы үшін Амударияның жоғарғы ағысындағы суды белсенді түрде өзіне тартып жатыр. Оның үстіне Түркіменстанның мүддесін ескеріп отырған жоқ. Ал аталмыш өзеннен кемінде 5 текше шақырым ағын су алу дегеніміз нені білдіреді? Бұл Түркіменстан мен Өзбекстандағы барлық ауылшаруашылық өндірісін апаттың алдында қалдырады, яғни апат шегіне жеткізеді деген сөз! Неліктен? Бір қызығы, бұл елдерде суармалы егіншілік деңгейі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда жоғары болғандықтан осындай әрекеттерге барып отыр! Бұл тұрғыда бізден ұзап кеткені сонша, оларды жылдар бойы «қуып жетуге» мәжбүр боламыз. Мен студенттеріме дәріс берген кезде үнемі мысал келтіріп отырамын. Бізде бүкіл егістікке қатысты суармалы жерлердің ауданы шамамен 5 пайызды құраса, Өзбекстанда жаңбырлы, яғни суарылмайтын деп аталатын жерлер мүлдем жоқ! дегенді алға тартып, түсіндіріп отырамын. Түркіменстанда да жағдай осындай. Барлық ауылшаруашылық жерлері суармалы, өйткені суармасаңыз еш нәрсе де өспейді. Әрине, олар Амудариядан, Сырдариядан келетін су ағынының кез келген азаю себебін бізге қарағанда әлдеқайда сезімталдықпен қабылдайды. Егер, ертең климатта теріс, жағымсыз өзгерістер мен құбылыстар орын алатын болса, көршілеріміз қандай да бір саяси немесе экономикалық проблемаларға тап болса, онда біз олардан су ала аламыз ба, жоқ па, ол жағын айта алмаймын. Біз өзендер ағынының соңында тұрғанымызды естен шығармауымыз қажет, ал су алу мәселесі көбінесе көршілерімізбен жақсы қарым-қатынасқа және олардың ізгі ниетіне байланысты екенін ұмытпағанымыз жөн.

Болашаққа сенімді түрде қарау үшін ынтымақтасуымыз қажет. Бұған балама жоқ. Көрші елдердегі әріптесіммен бірігіп халықаралық су-энергетикалық консорциум құру идеясын талқыладық, бұл менің ойымша, бәрімізге үлкен көмек беретін болады.

Қырғызстанда трансшекаралық өзендердің ағыны қалыптасады, ол Тогтогул ГЭС құрылымдарының каскадымен реттеледі. Тәжікстанда суармалы жерлер көп емес, бірақ оның аумағында көрші елдердегі өсімдіктердің вегетациялық кезеңінде өте маңызды рөл атқаратын Қайрақым су қоймасы бар; көктемде және күзде суармалы суға өмір бойы мүдделі Өзбекстан мен Қазақстан дәл осы кезеңде көршілеріміздің су қоймаларына су жинау науқанының азабын тартады. Ал, консорциум өзара мүдделер мен жеңілдіктер арқылы аймақтың барлық елдерінің түрлі, тіпті қарама-қарсы мүдделерін байланыстыруға көмектесер еді. Бұл қиын шаруа, келіссөз жүргізу шеберлігін талап етеді, оған ізгі ниет қажет, бірақ тығырықтан шығар өзге жол жоқ.

Әлемде мұндай ынтымақтастық тәжірибе-үлгісі бар ма?

–Мұндай бірлестіктердің жағымды сипаттарға ие әрі оң халықаралық тәжірибесі бар. Мәселен, егер консорциум құрамындағы бір ел су ағынының бір бөлігін көршілеріне беру кезінде шығынға ұшыраса, соңғысы аталған шығындарды қаржылық немесе материалдық түрде өтейді. Мәселен, біз Қырғызстан мен Тәжікстанның шығындарын оларға мұнай, газ, азық-түлік заттарын жеткізу арқылы өтер едік немесе өзге өзге формаларды табуға да болады. Мәселе мынада: консорциум тұтастай алғанда біртұтас коммерциялық кәсіпорын ретінде жұмыс істеуі керек, ал пайда бүкіл ел арасында тең бөлінуі тиіс. Қазақстан осындай өтемақылар аясында Қырғызстаннан белгілі бір кезеңде электр энергиясын сатып ала алар еді – бұл да кірістілік балансын реттеу нысандарының бірі болып табылатыны белгілі. Бір сөзбен айтқанда, біртұтас ұйым ретінде энергетиктер де, ауыл су тұтынушылары да өз пайдасын алуы үшін практикалық жұмыс жасай алады.

Айтпақшы, мұндай механизм бұған дейін де болды және жақсы жұмыс істеді. Су ресурстары комитетінің төрағасы ретінде біз Бішкек ЖЭО–на келісім бойынша Қарағанды көмірін-еліміздің оңтүстігіне су жеткізу есебі арқылы жеткіздік. Және бұл барлығына тиімді болды. Жазғы уақытта біз Қазақстанның оңтүстік өңірін Екібастұз станцияларынан ажыратып, Тогтогул ГЭС энергиясынан қуат алуға көшірдік. Не үшін? Олар біздің ауыл тұрғындарына ең қажетті уақытта су берді, бірақ мәселе ГЭС турбиналарына да қатысты болғанын жақсы білеміз. Демек, ол жақта біз сатып алатын электр энергиясы өндірілді деген сөз, сондықтан көршілеріміз бұл мәселеге қызығушылық танытқан болатын. Осыдан жиырма жыл бұрын біз консорциум жайлы ойлай бастадық. Бүгінгі таңда оны құру менің ойымша өте маңызды болмақ.

Өз сөздеріңізде сіз кадрларды мелиорациялауда, оларды заманауи оқып-үйретуде, оларды даярлау мен қайта даярлауда, өндіріске егінді суарудың жаңа технологияларын енгізуде кездесетін проблеманың маңыздылығын үнемі атап өтесіз. Бүгінгі таңда аталған салада жағдай қалай қалыптасқан?

Естеріңізде болса, Қазақстанда егістік жерлердің тек 5 пайызы ғана суармалы жерлер, ал Өзбекстанда суарылмайтын жерлер мүлдем жоқ екенін айтқан болатынмын. Міне, сұрағыңыздың қысқаша жауабы осындай. Үкімет жоспарларына қарағанда, 2030 жылға қарай біз суармалы жерлердің аумағын 3 миллион гектарға дейін жеткізуіміз керек, яғни оларды екі еседен астам ұлғайтуымыз қажет. Тапсырма өте күрделі. Сондай-ақ, бізде көптеген мелиораторлар, материалдық ресурстар және т.б. жоқтың қасы, соңғы жылдары біз Кеңес одағының мелиорациядағы көптеген жетістіктерін ұмытып, жоғалтып алдық.

Ол үшін, менің түсінігім бойынша су хабы құрылған болатын-ды…

Су хабы – барлық деңгейдегі мелиоратор мамандарын оқыту және қайта даярлау жөніндегі Аграрлық университеттің бастамасы. Оның ішінде заманауи аграрлық секторды дамытуда осы заманғы технологияларды, инновацияларды енгізу болып табылады.

Мәселен, хаб құрамына инженерлер-мелиораторлардың біліктілігін арттыру институты кіреді. Біз мұндай институтты осы салада оқыту және қайта даярлау процесі үздіксіз болуы керек деп ойлағандықтан құрған болатынбыз. Кеңес заманында адам қайта даярлаудан өтпесе және өзінің біліктілігін растамаса, ол мелиорациядағы жауапты лауазымға тағайындалмайтын еді. Менің ойымша бұл дұрыс жасалған қадам. Шынында да, бүгінде фермерлер мен жеке шаруа қожалықтарының жұмысшылары көбінесе мелиорация ісінің негіздерін білмейді, ал мелиорация дегеніңіз ғылым, бұл үздіксіз дамып келе жатқан технологиялар! Бүгінгі таңда бізде суару кезінде судың 50 пайызына жуығы ысырап болады, өйткені фермерлердің білімі мен дағдылары жоқ, қалыптаспаған…

Қазірдің өзінде біз әр өңірден 60-тан астам адамды қайта даярлаудан өткіздік, оның 40-ы «Қазсушаруашылығынан». Бұдан өзге ең айқын факт ретінде қайта дарлаудан өткендердің жартысына жуығы тіпті аталған саланың мамандары емес, яғни су шаруашылығына жұмысқа келген, өйткені мұнда бос жұмыс орындары бар болған еді. Әрине, оқыту кезінде олардың көзі ашылып, көкірегі ояу бола түседі, түрлі дәрістер тыңдайды, Үлкен Алматы каналына барады, ол жерде жүздеген, кең таралған гидротехникалық құрылыстармен танысады, мамандардан ақпарат алады… Осы бір шағын деректің өзі-ақ су шаруашылығы жүйесінде орын алып отырған үлкен кадр мәселесінен сыр беріп отыр емес пе? Менің ойымша мемлекет, министрлік мамандарды қайта даярлаудың осындай бағдарламаларын қаржылай қолдауға тиіс. Бұл соншалықты көп ақша емес, 5-10 миллион теңге шамасында, алайда жылма-жыл бөлінетін осындай қаржы жерді суаруға бөлінетін миллиардтаған теңгенің дұрыс игерілуіне байланысты болатынын естен шығармаған абзал. Өкінішке орай, аталған мәселе жайында билік бөлмелерінде толық түсінік жоқтың қасы, білім беру бағдарламаларын қаржыландыру жиі кешіктіріліп жатады.

Қазір біз су шаруашылығы мамандарын ғана емес, фермерлерді де заманауи жұмысқа дайындағымыз, білімдерін шыңдағымыз келеді. Адам суармалы жер учаскесін сатып алды делік, бірақ онымен не істеу керектігін жетік білмейді. Бұл өте жиі кездесетін құбылыс. Технология туралы да, ауыспалы егіс жайлы да, ауыл шаруашылығы жөнінде де түсініктері жоқ. Ал, біз су хабының бір бөлігі ретінде адамдарға мұндай білімді беруге әрқашан да дайынбыз.

Бұдан өзге аграрлық университет базасында жақын арада Ташкент ирригация және мелиорация институтының филиалы ашылатын болады. Өзбек әріптестеріміз суармалы егіншілік саласында үлкен тәжірибе жинақтап, оны қазақстандықтармен және өзге де елдердің студенттерімен бөлісуге дайын.

Сіз суармалы егіншілікті үнемі қолдап келесіз, оның қолмен суарылмайтын технологиялардан басты артықшылықтарын дәріптеп отырасыз. Алайда, жақында сіз суармалы жерлерді біршама қысқарту туралы айттыңыз… Неліктен?

– Қараңызшы: осыдан отыз жыл бұрын 2 миллион 300 мың гектар суармалы жеріміз болған. Бүгінде – 1 млн 400 мың гектар. 900 мың гектар жерді жоғалттық, айналымнан шығардық. 600 мың гектар жерге реконструкция жүргізу көзделіп отыр. Ол жерлерді халықаралық қаржы институттарынан несие тарту арқылы айналымға қайтарғысы келеді. Мұндай мәселемен бүгінде министрлік пен басқа да мемлекеттік ұйымдар айналысып жатыр.

Мәселенің өзге қыры да бар екені белгілі. Біз бұл жерлерден үлкен экономикалық нәтиже ала аламыз. Жаңа мыңдаған гектар жерлерді айналымға енгізудің қажеті жоқ, қолда бар жерлерді суару бойынша жұмысты жандандыру қажет. Бізде орасан зор жер қоры бар, бірақ көптеген аймақтар мен шаруашылықтар байырғы, атам заманғы суару әдістерін қолданады, агротехниканы мүлдем сақтамайды, дәнді дақылдардың жақсы, құнарлы тұқымдары жоқ, тыңайтқыштарды аз пайдаланады… Сондықтан мен қайтарымы жоқ, көп суаруды қажет ететін, жақсы өнім бермейтін жерлердің бір бөлігін айналымнан шығару, яғни алып тастау – дұрыс деп есептеймін. Суаруға жаңа мыңдаған гектар жерді мүмкіндігінше тезірек енгізуге деген ұмтылыстың өзі өндірістің тиімділігіне кепілдік бермейді. Ең бастысы мәселенің түп-тамыры міне, осында жатыр! Бізде барлық дәнді дақылдардың өнімділігі дамыған елдерге қарағанда 2-3 есе төмен! Проблеманың осы жағына көп күш-жігер жұмсауымыз қажет.

Өйткені, бүгінде біз суарудың заманауи әдіс-тәсілдерін, яғни жаңбырлатып суару және т.б. әдістерді өте сирек қолданамыз. Біздің есептеуіміз бойынша суармалы судың жартысы ысырап болып, босқа кетіп жатыр. Біз осы көрсеткіш бойынша егістікте «Волжанка», «Фрегат» тәрізді мыңдаған жаңбырлатқыш агрегаттар жұмыс істеген кеңестік деңгейге де жеткен жоқпыз… Әрине, мұндай агрегаттардың бүгінде ескіріп-тозғаны белгілі, алайда олардың орнын қандай агрегаттар басты? Шындығына келгенде ешқандай қондырғы басқан жоқ. Жүздеген жылдар бұрын ата-бабаларымыз сияқты суды егістік, соқамен жыртылған және т.б. жерлерге жібереді. Бұл жағдайды да шұғыл түрде өзгерту керек, суарудың заманауи әдістеріне және жалпы заманауи ауылшаруашылық технологиясына көшу қажет. Мұндай процесс қазір дамып келеді, бірақ өте баяу. Біздің фермерлер көбінесе өздері айналысатын істің мән-жайын, жай-жапсарын жіті біле бермейді. Ал, кейбіреулері болашаққа, оның құнарлылығына мән бермей, кез келген жағдайда жерден алынатын пайданы «жұлып алуға» ұмтылып, жерді жай ғана сарқып, тоздырып жатыр.

Осылайша, сіздің пікірлеріңізден түйгенім, Қазақстандықтардың құрғақшылық пен астық шықпай қалу қорқыныштары шамадан тыс асырылған болып отыр ғой….

– Иә, басты қауіп-қатер біз өзгерте алмайтын климатта емес, мәселенің түп-төркіні ауа-райының тосынсыйларына толық қарулана алмауымызда жатыр. Біз бұған дайын емеспіз. Заманауи білімге, техникаға, аграрлық және мелиорациялық технологияларға, нақты әрі тиімді ұйымдастырушылық құрылымға ие бола отырып, шешім қабылдау орталықтары мен жергілікті аграрлық өндірушілер арасында тұрақты байланыс орната отырып, біз туындаған барлық мәселелерді жылдам шеше алатын боламыз. Сонда ғана аграрлық апат пен жақындап келе жатқан табиғи күйреу туралы фантомдық қорқыныш өткенге айналып, келмеске кететін болады.

Дмитрий Слинько




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *