Қытай азаматтары үшін визасыз режим туризмді дамытуға ықпал етеді – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды Exclusive.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бүгінгі саммит ашықтық, өзара сенім мен тең құқықтық принциптеріне негізделген жаһандық көпжақты диалогқа тың серпін береді. ШЫҰ қарқынды түрде кеңейіп келеді. Бұл ұйымның рөлі артып келе жатқанын және көпжақты өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нығая түскенін білдіреді. Осы ретте әріптесіміз Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисиді ШЫҰ-ға толыққанды мүше мемлекет мәртебесін иеленуімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Беларусь Республикасының да біздің Ұйымға мүше атану процесі аяқталуға жақын» деді Тоқаев.
Сондай-ақ президент мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту туралы пікір білдірді.
«Елдеріміз бен халықтарымыздың арасын жақындатудың тағы бір тиімді тетігі – туризм. Дүниежүзі халқының 45 пайызын қамтитын ШЫҰ кеңістігі әлеуеті әлі толық пайдаланылмаған алып туристік нарық саналады. Мұны мойындау керек. Қазақстан бұл бағыт бойынша кешенді шаралар қабылдап жатыр. Былтырдан бастап елімізде Үндістан, Иран және Қытай азаматтары үшін визасыз режим енгізілді. Бұл шара мемлекеттеріміз арасындағы туризмді дамытуға ықпал етеді. Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Алматы қаласын Шанхай ынтымақтастық ұйымының туристік және мәдени астанасы деп жариялауды ұсынамын. ШЫҰ-ның кең байтақ кеңістігі – Еуразиялық өркениеттің алтын бесігі. Ал мәдениеттердің біртұтастығын айшықтайтын бірегей «Шанхай рухы» – оның баға жетпес құндылығы. Ортақ идеалдарымыз бен құндылықтарымызды әлемге дәйекті түрде дәріптеу маңызды. Қазақ жері – ежелден өркениеттер тоғысқан, дәстүрлер мен мәдениеттер біте қайнасқан мекен. Ал бүгінде Қазақстан бәрімізге ортақ, бай рухани мұраны сақтау және оны насихаттау ісіне барынша атсалысуға дайын» деді ол.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.