«Заман басқа»: Тоқаев Үкіметке стратегиялық міндет жүктеді - Exclusive
Поддержать

«Заман басқа»: Тоқаев Үкіметке стратегиялық міндет жүктеді

Мемлекет басшысы көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистика саласының Қазақстан экономикасында ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Президент өңірлердің өзара қарым-қатынасын жандандыру үшін бұл саланың маңызы зор екенін жеткізді.

Президенттің пікірінше, отандық өнімнің экспортқа қауіпсіз әрі үздіксіз шығарылуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау қажет. Мемлекет басшысы еліміздің Орталық Азия аймағындағы көшбасшылығын сақтап, Қазақстанды сенімді транзиттік хаб ретінде дамыту керек екенін айтты. Осы мақсатта балама теміржол бағыттарын қалыптастыру қажет.

– Отандық теміржол саласында машина жасау ісін дамытуға баса мән беру қажет. Оның алғышарттары бар. Қазақстандық өндірушілерді белсенді түрде қолдау керек, – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын толықтай жаңғырту қажет деп есептейді.

– Қазақстан теміржолын ұлттық көлік-логистика компаниясы ретінде трансформациялайтын уақыт келді деп ойлаймын. Бұл ҚТЖ-ның мандаты мен міндеттерін кеңейтуге, компанияға еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жұмыстарын кешенді түрде жүргізуге мүмкіндік береді, – деді президент.

Президент теңіз арқылы тасымалдау ісін дамытуға ерекше назар аударды.

– Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Үкіметке порттарымызды Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналдыра отырып, трансформациялау жөнінде стратегиялық міндет жүктедім. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет деген ұсыныспен толық келісемін. Транскаспий бағдары басым бағыт саналады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторларын тарту мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы қажет, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, ең алдымен, құрылысы басталған магистральды бағыттардағы (Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат, Атырау – Астрахань, Алматы – Қарағанды және Талдықорған – Өскемен) қайта жаңарту жұмыстарын уақытылы әрі сапалы аяқтау қажет.

Сондай-ақ, Үкіметке жыл соңына дейін кедендік рәсімдеу үдерісін және шекаралық бақылауды толық автоматтандыру тапсырылды.

Фото: Ақорда




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *