Жаңаөзендік жұмысшылардың наразылығына қатысты арнайы жұмыс тобы кездесу өткізді
Жаңаөзенге қала кәсіпорындарының мәселелерін қарап, талдау үшін келген арнайы жұмыс тобының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды Exclusive.kz «ҚазМұнайГаздың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс кезінде жұмыс тобын екі шағын топқа бөлу туралы шешім қабылданды. Біріншісі қаржы-шаруашылық және сатып алу қызметін тексереді, ал екінші топ аса өзекті мәселелерді анықтау мақсатында фокус топтармен және жұмыс ұжымдарымен коммуникация орнатуға жауапты болады.
– «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өкілдері өз тарапынан «Өзенмұнайгаз» АҚ компаниясының еңбек жағдайын жақсарту және инфрақұрылымын жаңарту бойынша қажетті өзгерістер енгізуге дайын екендігін білдірді. Кездесуде Д.Хасанов жалақы мен әлеуметтік пакетті сақтай отырып, «БерӘлінің» бұрынғы қызметкерлерін жұмысқа орналастыру және алдағы уақытта ұзақ мерзімді еңбек шарттарын жасасу жөнінде ұсыныстар айтты. Айтылған сөздерді растау үшін кездесуге қатысқандар тиісті хаттамамен танысып шықты. Жалпы «Өзенмұнайгаз» АҚ қызметін тексеру жұмыстары бірнеше аптаға созылатынын атап өтеміз. Сондай-ақ жақын арада жұмыс тобы 67 мұнай өндіру және мұнай сервисі ұйымдарының ұжымдарымен кездесетін болады, – деп жазылған хабарламада.
Фото: ашық дереккөз
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.