English version

Жыл сайын 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалады – Оралов

Контекст дня — 17 августа 2023 17:00
0

Бүгін Мәдениет және Спорт министрі Асхат Оралов дубляж мәселесі бойынша аппарат кеңесін өткізді, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.

Күн тәртібіндегі басты тақырып – көрермендердің сұранысына ие кассалық фильмдерді мемлекеттік тілде дубляждау. Министр жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасау міндеті туралы атап өтті.

– Жыл басынан Қазақстанда бірнеше ірі кинопремьера өтті. Олардың кейбірі қазақ тілінде дубляждың болмауына байланысты көрермендеріміздің назарынан тыс қалды. Мен халықтың пікірін бақылап отырмын. Біз бұл мәселені ешқашан естен шығармаймыз. Кассалық фильмдер аудиторияға мемлекеттік тілде қолжетімді болуы керек. Мысалы, былтыр Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен көрермендердің қызығушылығын тудырған 3 кинопремьера қазақ тіліндегі дубляжбен шықты. Биыл біз мәдениет саласын дамытудың 7 жылдық тұжырымдамасын әзірлеп, Үкімет қаулысымен бекіттік. Енді жыл сайын кем дегенде 15 кинопремьераға қазақ тілінде дубляж жасалуы керек деген міндет қойдық, – деді Асхат Оралов.

Сондай-ақ Оралов министрліктің алдағы бірнеше жылда жалпы прокаттағы қазақ тіліндегі фильмдердің үлесін 30%-ға дейін жеткізуге ниетті екенін айтты.

– Тағы бір өзекті мәселе — қазақша дубляжбен шығатын картиналар сеансы әрдайым көрермендерге ыңғайлы уақытта қойыла бермейді. Бұл туралы да маған әлеуметтік желіде жиі жазады. Фильмді мемлекеттік тілде көргісі келетіндер көбінесе түнде киноға баруға мәжбүр. Бұл, әрине, дұрыс емес. Біз кинотеатрлардың жекеменшік кәсіп нысаны екенін түсінеміз. Дегенмен де мемлекеттік тұрғыдан біз дүниежүзі көретін кинопремьералардың қазақ тілінде және ыңғайлы уақытта көрсетілуін қамтамасыз етуге міндеттіміз. Сондықтан жеке кәсіпкерлермен, кинотеатрлардың иелерімен осы бағыттағы жұмысты жандандыруымыз қажет, – деді ол.

Фото: ашық дереккөз


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.