Қайратты сынағынан құтқарсын деп дұға қылам – Бекболат Тілеухан
Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті Бекболат Тілеухан журналист Нартай Аралбаййұлына сұхбат беріп, елдегі маңызды мәселелер туралы пікір білдірді.
– Қайрат менің жан досым, бауырым. Қайратты сынағынан құтқарсын деп дұға қылам. Қайрат қамалғалы дым демедің дейді. Оның әкесі орнындағы Нұрсұлтан Әбішұлының өзі ештеңе демейді. Тергеу ісіне араласуға болмайды. Менің ұлттық спортқа келуіме себеп болған адам – Қайрат. Мені алып келіп «осыған ие бол, көмектесіп жібер» деді. Қайратқа ұлттық спорттың ақшасын апарып берді деген сыбыстар айтылып жүр ғой. Халықты хабардар етейін, ұлттық спорт қауымдастығында 7 федерация бар. Жалпы қаржыны жеті федерацияға бөлетін болсақ, әр федерацияға 8-9 миллион теңгеден келеді. 8-9 млн теңгең хоккейдегі бір легионердің айлығына жетпейді, – деді Тілеухан.
Бекболат Тілеухан бұрынғы ҰҚК басшысы Кәрім Мәсімовпен қарым-қатынасы жөнінде өз ойын айтты. Оның айтуынша, қазақ арасында Мәсімовтей терең саясаткер жоқтың қасы.
– Кәрім Мәсімовпен араласқан жоқпын бірақ, «әй Мәсімов» деген сөзді мен ғана айттым. Шенеуніктер Мәсімовтен қорыққан кезде ығынан жүрмейтін. ҰҚК басшысынан кім қорықпайды, шенеуніктер арасынан премьер-министрге кімнің күні түспейді? Ол терең саясаткер. Кездескен жерде жорғалап алдыңа түсіп алады. Әй білмеймін, біздің қазақтың арасында Мәсімовтей саясаткер бар ма, жоқ па? – деді ол.
Сұхбат барысында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев жайында сөз болды. Бекболат Тілеухан Назарбаевқа тілеулес екенін айтып, жақсылығы мен қателігі де болғанын жеткізді.
– Мен ол кісіні жақсы көрем. Менің ол тұңғышым. Мен мемлекет болғанда екі тізгін, бір шылбырды қолына алған тұлға. Назарбаевтың қателігі болды, оны көрсеттім. «Отан» партиясын «НұрОтан» деп өзгерткенде қарсы шықтым. Көп мәрте Назарбаетың көңілін қалдырдым. Менің әрекетімді қазақ ұлтының позициясы деп қабылдады. Назарбаевтың қазірде тілеулесімін. Назарбаевтың бойынан жақсылық іздесең де, жамандық іздесең де жетеді – деді Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясының бірінші вице-президенті.
Комментариев пока нет