Ғаламды дүр сілкіндірген империя кімге бұйырды?
Мельбурнде (Австралия) қазақстандық драматург Дулат Исабековтың пьесасы негізінде қойылған «Бөрте, әлем патшайымы» («Borte, Empress of the World») спектаклі бойынша жұмыстар қызу қарқын ала бастады. Жобаны іске асыруға және ұйымдастыруға Eurasian Creative Guild (Лондон) – британ қоғамдық ұйымы бастамашылық танытып, мұрындық болған, жалпы алғанда іс-шараның негізгі мақсаты Еуразиялық кеңістіктегі халықтардың (ЕКХ) ұлттық мәдениетін дамытуды көздейді.
Ортағасырлық пацифизм
«Бөрте, әлем патшайымы» – бұл махаббат жайлы пьеса. Бөртені алғаш көрген кезде ұлы Шыңғыс хан (Темуджин) бар-жоғы 9 жаста, ал Бөрте 10 жаста болатын. Міне, осы сәттен бастап Бөрте ұлы Шыңғыс хан үшін ғалам орталығына айнала бастады. Екеуінің бірге өткізген өмір жолдары тар жол тайғақ кешуге, қатал сынақтарға толы болды. Шыңғыс хан Бөртенің өзінің мәңгілік жауы саналатын меркіттерге тұтқынға түсіп, ол жерден жүкті болып оралғанда да сүйіктісін тастап кетпегені баршамызға таныс дүние.
– Мен ұзақ жылдар бойы сүйікті әйеліне, кеңесшісіне, досына деген қарым-қатынасы арқылы мемлекет қайраткері және өзі құрған империяның құдіретті әміршісіне айналған ұлы қолбасшы туралы туынды жазуды көп ойландым, – дейді Дулат Исабеков. – Шыңғыс ханның бес жүзге жуық әйелі мен күңдері болған деседі, алайда солардың ішінде тек Бөрте патшайымның есімі ғана тарихта мәңгі сақталып қалды. Мені ер адам ретінде Шыңғыс ханның өзге де сұлулардың бойынан таба алмаған қандай құпия сырлары бар, қандай қасиеттерімен Бөрте оның жүрегін жаулап алды тәрізді мәселелер қатты қызуғушылық тудыра бастады. Есімі аңызға айналған сұлудың құпия кілті неде? Неліктен ортағасырлық әлемнің жартысын жаулап алған қатал жауынгердің Бөртенің жанында өзін қарапайым адам сияқты сезінді? Халық арасында ер адамдар бала-шағасын сүйіктілерін жақсы көрген сәтке дейін ғана сүйеді деген пікір қалыптасқан. Сондықтан да болар, Шыңғыс ханның шамамен 600-ге жуық ұл-қызы болса да, тек Бөртеден туған балалар ғана Шыңғыс ұрпағы саналды. Шыңғыс ханның жаулап алған жерлерін оның ұрпақтары 1920 жылға дейін билеп төстегені тарихтан белгілі оқиға.
Мен Шыңғыс хан дәуіріне, ал оған дейін «Моңғолдардың құпия тарихына» арналған шығармаларды оқи отыра, осы тақырыпқа қызығушылық таныта бастадым. Ғасырлар қойнауынан Бөрте есімі шыға бастаған сәтте, оның соңынан от пен суға түсуге дайын екенімді сезіне түстім. Бөрте күйеуінің өміріндегі басты арманы, яғни батысқа соғыс ашуға қалайша қарсы болғанына қатты таң қалдым. Бөртенің түркі тектес қоңырат руынан шыққандығы мені қатты қобалжытты. Мен де оның осы рудан тарағанына сенімдімін.
Темучин-Шыңғысхан мен Бөртенің әкелері бір-бірлерімен дос болған екен. Тайпалар одағын нығайту үшін олар балаларын жаста болса атастырып, құда атанған, болашақ ғаламды дүр сілкіндірген әмірші небәрі 9 жаста, ал оның қалыңдығы 10 жаста болатын, содан бері олардың жұптары жазылмады. Мен осы екі тұлға туралы материалдарды бал арасы тәрізді маңдай теріммен бір-бірлеп жинадым. Шамамен 25 бетке жуық баспа материалдарын тердім. Осы фактілердің негізінде ұлы тұлға мен ұлы әйел жайында пьеса жазып шықтым.
Жиналған деректі материалдарды егжей-тегжейлі оқи отырып, мен Бөрте тек ақылды және сұлу ғана емес, сондай-ақ Шыңғыс ханның айналасындағы ең тәуелсіз жан екенін сезіндім. Ол ғаламды дүр сілкіндірген әміршінің қасында жер бетінде бірде-бір адамның батылы жетпейтін пікір айтып, өзін еркін ұстай білген адам. Оның алдында тайсалмай сөйледі, оған: «Ей, оян! Әлемге көзіңді кеңірек аш» – тәрізді ой-пікірін жасқанбай жеткізе білді. Шыңғыс хан қаһарына мініп, ашулана бастады, түтіп жеуге дайын тұрды … Десе де ол Бөртені өзі құрған империяның әміршісіне айналдырды. Айтысып-тартысқаны, пікіріне құлақ аспағаны үшін басыңды жұлып аламын деп те айтты, жер аударамын деп те көрді, хан ордасына жақындатпауға бірнеше мәрте бұйрық та берді, алайда Бөрте оны магнитше тартып баурай берді. Әрине, кез-келген ананың соғысты ұнатпайтыны бесенеден белгілі құбылыс, Бөрте де сондай жандардың бірі әрі бірегейі. Шыңғыс хан бытыраңқы моңғол тайпаларын біріктіріп, Қытайды өзіне бағындырған уақытта, сөйтіп ұлы империя құрған тұста да бұған таңданыс білдірмегендердің бірі Бөрте болатын. «Жорықтарың күйрейтін болады. Сен Қытайды жаулап алдың, алайда бұл ғалымдар мен ойшылдардың елі. Қашанғы жат мінезді бола береміз? Өмірімізді қай уақытта түзейтін боламыз, бала-шағамыздың қолына тек қару-жарақты ғана емес, қаламұшты да ұстауға қашан үйрете бастаймыз?» – деген де Бөрте еді.
Жошының саусағы
– Осы айтқандарыңыз, –көркем жорамал ма, әлде факті ме?
– Пьеса жазу барысында мен арқа сүйеген басты дерек, ол «Моңғолдардың құпия тарихы («Моңғолдардың құпия аңызы») болды, яғни Шыңғыс хан заманындағы бірден-бір әдеби және тарихнамалық ескерткіш. Сюжеттің 80%- ы содан алынды. Өз дәуірінде өмір сүрген ұлы әйелдің бейнесін жасау үшін маған оның мінез-құлық желісін, әдеттері мен мінезін білу анағұрлым қызықты болды.
Осы екеуінің жалпы өмірбаянындағы қай сәт сізді қатты таң қалдырды?
– Үйлену тойынан кейін бірнеше ай өткен соң, меркіттер күтпеген жерден Шыңғысханның үйіне, ол кезде әлі Тэмучин болатын, баса-көктеп кіріп, әкесінің күнәлары үшін кек алу мақсатында Бөртені өздерімен бірге алып кетеді. Себебі оның әкесі де бір кездері әйелін заңды күйеуінен тартып алған болатын. Бұл жағылған дақ, өмірлік таңба тұтқында болған әйелдің саналы ғұмырының басты драмасына айналып, өмірінің соңына дейін Бөртені мазалай берді. Сөйтіп ол сырқаттанып жатқан ғаламды дүр сілкіндірген әміршіден: «Тэмучин, төрт ұлымыздың қайсысы сенің орныңды басуға лайық? Мұны дәл қазір айтуың керек, әйтпесе олар ертең бір-біріне жау болады» – деп сұрайды. Сонда Шыңғысхан үлкен ұлы – Жошыны атайды. Бұған қалған үшеуі: «Қалайша?! Ол біздің қанымыздан таралмаған. Біз бұған жол бермейміз» – дейді.
Арада алауыздық пен жанжал туындап, төбелеске ұласады. Сол уақытта Бөрте жылап тұрып: «Неліктен ұлдарыңа әлі күнге шейін шындықты айтпадың? Жошы – сенің балаң екенін жақсы білесің. Олар мені ұрлап кеткен сәтте, ол менімен бірге болды ғой. Білесің бе жолбарыстың бүйрегін жегім келген кезде, үш күнге жоғалып кеткеніңді, содан кейін отқа өзің пісіріп бергенің есіңде ме?».
Біз жер бетінде өмір сүріп жатқанымыз үшін Бөртеге және Жошы ханға мәңгілік қарыздармыз. Хандардың рөлін сомдап, тұрақты орындаушысына айналған актер Тұңғышбай Жаманқұлов пьеса қойылымынан кейін қоңырау шалды. «Көке, мен абдырап тұрған сияқтымын. Ойымды жинақтай алмай тұрмын, кейін сөйлесейікші» – деді. Бірнеше күннен кейін телефон тұтқасынан: «Құдай-ау, не деген финал! Өзінің отаны қыпшақ даласымен қалайша қоштасты десеңізші: «Біз Еділден Алматауға (алма тауларына) дейінгі жерді ұлымыз Жошы ханға деген сүйіспеншіліктің белгісі ретінде қалдырып отырмыз. Мен бұл жерге енді қайтып келмейтінімді білемін. Бірақ көзім тірі тұрғанда, қыпшақтардың бейбітшілігі мен тыныштығын тілейтін боламын» – деп айтқаны қандай керемет еді деп, дауыстап жіберді.
Біз Жошы ханның қыпшақ даласын өте жақсы көргенін тарихи деректерден жақсы білеміз. Бұған ол әскери еңбегінің арқасында қол жеткізді. Бұл ағайынды-бауырларға жағымсыз ой тастауға себеп болды: сөйтіп әкесін тақтан түсіру үшін Жошы осы жерде үлкен әскер құрғысы келеді деген сияқты арам пиғылды ниеттерін жеткізе бастайды. Мұндай қауесетті олар Шыңғыс ханға жеткізіп, сендіруге тырысып бағады. Үлкен ұлын өлтіруге құпия бұйрық берді дейді. Қысқасы, бұл билік басындағы адамдарға тән құбылыс. Иван Грозный өзінің ұлы Иван Царевичті өлтірді, Ұлы Сүлейман да өзінің Мұстафа атты ұлын өлтіріп тынды, көз алдына бүлікші болып көрінген кезде император Нерон балаларын да, бауырларын да, әпкелерін де, анасын да, ұстазы Сенеканы да аямады. Мұндай оқиғадан Шыңғыс хан да шет қалмады, ол да жалаға еріп кете берді.
Назар аударар жәйт. Тэмучин өзінің жас әйелін меркіт тайпасының тұтқынынан құтқарған кезде үлкен шайқас орын алған болатын. Болған оқиғадан кейін бір-бірін құшақтап жатқан уақытта, олар қолында бес айлық сәбиі бар бір әжейді көреді. Ол Бөртеге қарай жақындай түсіп: «Мені таныдың ба? Баяғы Айшамын ғой, бірге өскеніміз есіңде шығар. Мен 14 жасымда, ал сен 20 жасыңда тұрмысқа шықтың. Сенің үйлену тойыңда әрекет қамын ойлағандардың бірі мен едім. Енді сен кісі өлтірушінің әйеліне айналдың. Қарашы, сенің кесіріңнен қаншама адам мерт болды, енді маған қара, мен кімге айналдым?». Сонда Шыңғыс хан төмен қарап тұрып, соғыс заңдары осындай деп жауап қатады. «Соғыста жауды өлтіреді ғой, біз сияқты бейбіт адамдардың жазығы не? Менің қолымдағы мына бала өлі анасының омырауын емген нәресте. Мен оны бауырыма бастым, саған бергім келген, алайда ендігі жерде періштені сенің қанды қолыңа беруге болмайтынын көріп тұрмын» – дейді .
Әжей кетіп бара жатқан сәтте, Бөрте: «Нәрестенің бас бармағы жоқ екенін байқадың ба?» – дейді. Мұндай оқиға туынды соңында егжей-тегжейлі, яғни Шыңғысхан Жошыны жазалауға бұйрық берген кезде баяндалады. Біраз уақыттан кейін хан өз ойын өзгерте бастайды, алайда қандықол жендет бұл уақытта өз ісін тындырып үлгерген еді. Әкесіне ұлының қайтыс болғаны туралы қалай хабарлау керектігін білмей, оның жақтастары Жошының сүйегін – бас бармағын Бөртеден беріп жібереді: «Ұлы хан бізді тірі қалдырмайды» – дейді.
Шыңғыс ханның жатын бөлмесіне кіріп келген сәтте күзет жасағының Бөртені тоқтатуға батылы жетпейді. Хан: «Неге баса-көктеп кіресің? Неге: «Эй, Тэмучин» дейсің? Мен 50 жыл бойы барлығына ұлы ханмын дейді ашуланып. Ханға дайындалған тұнбадан бір жұтым ұрттап алды да Бөрте: «Адам өлер алдында қатты шөлдейді екен,— деп жауап береді. Сен өмір бойы менің басымды аңдып өттің ғой. Енді сенің арманың орындалатын болады. Ұлымыздың сенің құпия бұйрықтарыңмен өлтірілгенін айту үшін келдім». «Мен оның сүйегін көрмейінше сенбеймін. Маған қандай шүберек көрсетіп тұрсың?». «Онда Жошының бас бармағы жатыр, бұл біздің тұңғышымыздың бармағы. Саусағы жоқ сәби есіңде ме? Баланы қолына ұстаған Айша мені қатты қарғады. Оның басынан өткен трагедиясы сенің де, менің де басымнан өтетінін айтты. Енді менің басымды кесіп тастауыңа болады» – дейді. Сөйтіп оған қылышты қынынан шығаруға көмектесе бастайды. Амалы таусылған әжейдің Шыңғысханды әбігерге салғанын көріп: «Өзіңді қолыңа алсайшы!» – деп оған дем бере бастайды.
– «Сен бәріне төтеп бердің, менің сүйікті періштем, – деп жауап береді ғаламды дүркіндірген әмірші Бөртенің иығына сүйеніп тұрып. – Сен менен де мықты жансың. Мен қол жетпейтін дүниеге өмір бойы қол созумен болдым. Менің арманым бар әлемді қан төгілмейтін біртұтас патшалыққа біріктіру үшін жаулап алу болды. Мен шайқас арқылы соғысты тоқтатқым келді. Алайда оған қол жеткізу үшін бұған бір адамның өмірі жеткіліксіз екен…
Шабылған саусақ шынында да Жезқазған қаласынан 45 шақырым жердегі Кеңгір өзенінің жағасында орналасқан Жошының бейітінен табылған болатын.
Әбдіжәміл Нұрпейісов пьеса туралы жақсы пікір білдірген сәтте, кәдімгідей мақтанып, марқайып қалдым. Тарлан жазушы оны бір тәулікке жуық оқыды. Тезірек оқуына мүмкіндігі болмады. Сырқатына немесе жоғары қан қысымы тәрізді жас мөлшерінен туындайтын өзге де проблемаларға байланысты емес, ол бәріне мұқият қарауға дағдыланған адам. Мен оның оқып шыққан нұсқасын сақтап қалдым. Жазбасын қалдырмаған бірде-бір парақ қалмады. Соңында «Жылаттың ғой», «Сен мені жылаттың» деген жазба қалдырған.
«Бөрте» Австралияны баурап алуда
«Borte, Empress of the World» премьерасы Мельбурнда 2022 жылдың қазан айында жоспарланған. Кейін Алматыға Дулат Исабековтің мерейтойына арналған (желтоқсанда драматург 80 жасқа толады) фестивальге негізгі актерлік құрамның келуі қарастырылуда, 2023 жылы осы спектакльмен Ұлыбританияға гастрольдік сапар жоспарлануда, – деп хабарлады EGG атқарушы директоры Тайна Каунис.
Спектакльді Англия театрларында 35 жылдан астам уақыт жұмыс істеген режиссер Уоррен Уиллс қойған болатын. «Borte, Empress of the World» музыкасын да өзі жазды. Сондай-ақ ол стандартсыз түрде мәтіннің бір бөлігін музыкаға аударған режиссер. Оның драма мен операны біріктіретін формалармен жұмыс істеу тәжірибесі мол. Сонымен қатар, режиссер әрі композитор Уоррен Уиллс Лондонда – Вест-Энд театрларында, Корольдік Шекспир театрында, сондай-ақ Багдад Ұлттық театрында осындай туындыларын ұсына отырып, бірнеше рет халықаралық марапаттарға ие болды.
Бөрте мен Шыңғыс ханның ғажайып махаббат хикаясына ене отырып, спектакль қойылымына Австралияның өзге де мәдениет және өнер қайраткерлері қосыла бастады. Сонымен, Джейсон Бовэйра және оның «Moving Light Production» компаниясы қойылымды визуалды безендіру бойынша жұмыс істеуде. Қойылым тамаша болады деп бізді сендіруде. Мұндай үміт отын MLP компаниясы да беріп отыр, аталған компания Мельбурндегі ең ірі өндірістік компаниялардың бірі бола отырып, соңғы төрт жыл ішінде тек Австралияда ғана емес, сонымен қатар Вест-Энд және Бродвей театрларында (Нью-Йорк) жұмыс істеген алпауыт кәсіпорындардың бірі. Мәдениет және өнер саласында денсаулықтары шектеулі талантты адамдар үшін мамандандырылған бағдарламаларды жүзеге асыратын «Upbeat Arts» компаниясы Мельбурндағы спектакльдің тең продюсері болып табылады.
Сондай-ақ, қойылымға әлеуметтік-инклюзивті «Жас Әлем хоры» да қатысатын болады. Оның 300 қатысушысы спектакльдің музыкалық бөлігін толықтырған сәтте қойылымның бірегей элементі болатыны сөзсіз.
Еске сала кетейік, Дулат Исабековтың аттас пьесасы бойынша «Бөрте» спектаклінің премьерасы өткен жылдың соңында жаңа Түркістан сазды-драма театрының сахнасында қойылған болатын. Содан кейін театр шымылдығын осы спектакльмен ашып, театр маусымын да аталған қойылыммен жапты. Сондай – ақ, еліміздің бас театры – Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры жыл сайын театр маусымын «Абай» спектаклімен ашып, сонымен жабатын болса, «Бөрте» де Түркістан театрының визиттік карточкасына айнала бастады.
Комментариев пока нет