Қазақстандағы кен орындары шетелде де танымал – Қайыржан
«Ембімұнайгаз» АҚ «Мұнай және Газ» көрмесінің аясында баспасөз конференциясын өткізіп, компания басшылығы өндірістік және қаржылық қызмет, сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік туралы ақпарат берді.
Компанияның балансында 46 кен орны бар, оның ішінде игерілетіні – 32, барланатыны – 4, 10 кен орны консервацияда.
Компанияның бас директоры Есен Қайыржан Доссор, Мақат, Байшұнас және басқа да кен орындары Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал екенін атап өтті. Сондай-ақ мұнай тасымалдау жөніндегі ұлттық компания – «ҚазТрансОйлды» құрудың бастауында тұрғанын атап өтті.
«ЕмбіМұнайГаз» АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты Тасмағамбетова Ембіні мұнайшылар ұстасы деп атады.
Компания басшысы ескі кен орындарына қатысты сауалға жауап берді.
– Әр кен орнының даму кезеңі болады. Біз жобаланған көрсеткіштерге қол жеткізбей тұрып және мемлекет бекіткен мұнай коэфицентіне жетпей кен орындарынан бас тарта алмаймыз, – деді Есен Қайыржан.
Тасмағамбетованың айтуынша, компанияда әлеуметтік жауапкершілік бар. Сол себепті ескірген кен алаңдарына қатысты шешім қабылдау қиынға соғады.
– Компанияның әлеуметтік жауапкершілігі бар. Біз кен орындарын жауып, қызметкерлер санын қысқарта алмаймыз. 4300 адам жұмыс істейді, олардың отбасылары бар. Сондықтан тиімділігі аз кен орындарына қатысты шешім қабылдау қиын, – дейді ол.
Фото: ашық дереккөз
Комментариев пока нет