Қошанов президенттің Мәскеуге сапарын саясиландырмау керек екенін айтты
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары жайында пікір білдірді, деп хабарлайды Exclusive.kz.
– Мен бұл сапарды өте дұрыс деп санаймын, өйткені Ұлы Отан соғысы мен Жеңіс күні – біздің ортақ тарихымыз. Бұл соғыста қаза тапқан ата-бабаларымызға құрмет. Қазақстаннан майданға 1,2 млн адам аттанды, жартысы оралмады, олардың көпшілігі Ресейде жерленген. Олардың арасында біздің президенттің ағасы да бар. Ресейге сапары кезінде президент өзінің азаматтық, перзенттік және президенттік міндеттерін орындады деп санаймын. Менің ойымша, бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ, – деді Қошанов мәжіліс кулуарында.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңістің 78 жылдығына орай Мәскеудегі Қызыл алаңда өткен әскери парадқа барды.
Парадта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Ресей президенті Владимир Путинмен қатар Беларусь президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Армения премьер-министрі Никол Пашинян болды.
Фото: aqorda
Комментариев пока нет