Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Парламент палаталарының бірлескен отырысына ресми тұлғалармен қатар азаматтық қоғам өкілдері де қатысады.
Мемлекет басшысы жолдауда Ұлттық қор қаржысы туралы айтып, Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет екенін жеткізді.
– Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз. Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс, – дейді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалатынын хабарлады.
– Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс, – деді Тоқаев.
Фото ашық деректерден
Комментариев пока нет