Сананы жаңғырту жолындағы тәуекелдер
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына, міне, үш айдан асты. Содан бері жаңалықтарда естігеніміз – Қоғамдық сананы жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғаны және интернет-кеңістікте жүз жаңа есімді анықтаудың басталғаны. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін «бұл үдерістің көздеген мақсаты мен жүзеге асыру жолдары қандай болмақ? Халық тарапынан бұған әлеуметтік сұраныс бар ма?» деген сұрақтарды қойған ешкім болмады. Ал жарайды, жүзеге асыруға кірісіп кеткен екенбіз, алда тұрған тәуекелдер қандай болмақ деген сұрақ осы тұста әбден орынды болар еді.
Соған орай, мен сегіз тәуекелді атап айтар едім.
Біріншісі. Қозғалып отырған жаңғыру мәселесі замандас үшін қисынды көрінгенімен, бір маңызды сұрақ тасада қалып отыр. Бұл бастаманы биліктің, нақты айтсақ, бір тұлғаның көтергенін білеміз. Қай қоғамды алып қарасақ та, уақыт өте өзгеріп, жаңғырып отырады. Бұл табиғи заңдылық. Президенттің «жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу» деген анықтамасына сүйенсек, қазақ даласында жаңғыру былай да табиғи жүріп отырғанына көзіміз жетеді, оған дәлел – этнографиямыз. Халқымыздың санасы жаңғырған сайын, тозық дәстүрлер мен кертартпа сана да қалып отырған. Тарихта бір ханның не болмаса кейінгі уақыттарда аға-сұлтанның халқын рухани жаңғыруға шақырғанын естімедік.
Табиғи жаңғыру үдерісінің тоқырауға ұшырауын қазақ даласының отарлануы мен кейін келе кеңестер мемлекетінің құрамында болған кездегі оқиғалармен байланстыруға болады. Елбасы да осыны тілге тиек етеді: «ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Ұлттық дамудың көнеден жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды».
Сонда ертеректе табиғи жаңғыру механизмі болғанын және оның тоталитарлы жүйенің орнығуымен тоқырауға ұшырағанын ескерсек, қазіргі кезде біржақты рухани жаңғыруды бастама етіп көтерген дұрыс па, әлде табиғи жаңғыру қайта қалпына келіп, өз күшімен жүру үшін институционалды жағдайларды реттеген әлдеқайда дұрыс па деген сұрақ туындайды. Жақында ғана саясаттанушы Айдос Сарым осы мәселеге арналған бір дөңгелек үстелдің басында «бұл биліктің өзі өзгермей, басқаны өзгертуге» талпынысы екенін айтты. Расында да, егер институционалды деңгейде өзгертулер жасалса, онда әрбір азаматтың өз санасы мен руханиятын автономды түрде төбеден тапсырма келмей-ақ өзгертуге қабілеті де, әлеуеті де, ниеті де пайда болар ма еді?! Сонымен, бұл жердегі бірінші және негізгі тәуекел, мақаланы қазіргі кезде қоғамда жиналған мәселелерге жауап деп қабылдасақ, бауыр асқынып жатқан кезде теріге шыққан жараларды емдеумен әлек болып жатқан жоқпыз ба?
Екіншісі – бір бағытты жаңғыру қаупі. Жақында бір сенатордан депутаттардың санасын жаңғырту қажет пе деген сұраққа ол: «Депутаттардың санасы бар, санасыз депутаттар бізде жоқ», – деп жауап бергенін білеміз. Бұл жердегі ең басты тәуекелдердің бірі – мақалада қойылған талаптар мен міндеттерді орындауға жауапты билік басындағылардың ұстанымы. Қарап отырсақ, олар мақаланы тек халықтың санасын біржақты жаңғырту үшін жазылғандай қабылдайтын сияқты. Ал ақыры санамызды жаңғыртатын болсақ, ойын бір қақпаға емес, екі қақпаға бағытталып әділетті жүруі тиіс еді.
Үшіншісі – либерализм мәселесі. Елбасының мақаласында мынадай сөздер бар: «Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді. Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті». Адам құқықтары, жеке меншік, заң үстемдігі сияқты құндылықтарды адамзатқа берген либерализмнің адамзатқа ең үлкен қасірет әкелген фашизм мен коммунизммен бір қатарда аталуы алаңдатады. Мақалада көтерілген мәселелер либерализм болмаса, қандай идеологияны қолдану арқылы жүзеге асайын деп отыр? Мынадай формулировкадан кейін еліміздегі адам құқықтары, бостандық түрлерінің күйі қалай өзгермек? Осы жерде Айдос Сарымның тағы бір сөзі еске түседі: «Билік бірде бір «изм» үшін жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді, себебі, ертең сөзден ұсталып қалудан қорқады».
Төртіншісі – сыртқы белгілерді көшіру немесе «Карго культі». «Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс». Бірақ ескере ме? Осыған дейін үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекетіміз Америкадағы Силикон алқабының қазақстандық баламасын жасаймыз деп қыруар қаражат бөлгенін білеміз. Бірақ, қазір ол ақшаның қайда кеткені айтылмайды. Миллиондаған доллар қаражат құйылғанмен, ақыры соңында алғанымыз «актауский планшетник» болғаны әлі есімізде. Жаңа технологияны өзіміз ойлап табудың орнына, бөлінген ақша желініп, ақыры Қытайдан арзан планшетниктер сатып алынып, оларға «Қазақстанда жасалған» деген жазу ғана жабыстырылған. Неліктен бізде Силикон алқабының пайда болуы мүмкін болмай тұр? Америкада Силикон алқабы қалай қалыптасты? Оны қателіктен қорықпаған компаниялар мен тұлғалар жасай алды. Америкалықтар жұмысқа алғанда да тоғыз қателік жіберген немесе сонша рет жобасы күйген үміткерді алады, өйткені, ол табысқа бір табан жақындап барып, күйреді. Бізде қателік жасасаң, басыңды жұлып алуға дайын. Біз ішкі мәніне үңілмей, сыртын дұрыс көшіре алсақ, соған мәзбіз. Өз қателіктерімізді мойындауға дайынбыз ба? Сананың жаңғыруы да осыны меңзейтін болар?
Карго культі деген құбылыс бар. Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде жапондармен соғысып жатқан америкалықтар Тынық мұхитының бір аралында әуе базасын орналастырады. Ол жерде ата заманнан бері бір тайпалар өмір сүреді. Осында келген америкалық әскерилерге азық-түлік пен қажетті заттарды аралдың үстінен ұшып бара жатқан ұшақтар тастап тұрады. Америкалықтар аборигендерге азық-түлік, киім-кешек, басқа нәрселерді беріп, оларды жаман үйретіп, араларында масылдықты қалыптастырады. Сонымен, соғыс аяқталғасын, америкалықтар құрлыққа қайтып кетеді. Тегін дүниеге әбден үйренген аборигендердің түсінігі бойынша, америкалықтар – құдайлар мен жергілікті тайпалардың арасындағы делдал, құдайлар аборигендерге игіліктерді солар арқылы жіберіп отырған екен. Сондықтан олар бұрынғыдай күн кешу үшін америкалықтар сияқты сап түзіп жүріп, ұшу алабын күтіп, ағаштан ұшақтардың дәл көшірмесін жасайды. Он шақты жылдан кейін америкалықтар аралға қайтып келіп, ағаш ұшақтардан тұратын әуе базасын көріп, қатты таң қалады. Бишара аборигендер игіліктерге кенелу үшін ұшақтың көшірмесін жасай салған жеткілікті деген пікірде болған.
Бесіншісі – формалды үстірт қатынас. Егер де Елбасының бұған дейінгі жарияланған мақалаларының тағдырына үңілер болсақ, оның «Жалпыға Ортақ Еңбек қоғамына 20 қадам» мақаласын қазір еске алып жүрген кім бар? Иә, басында төбеден төмен қарай тапсырмалар таралып, оны насихаттауға бағытталған мыңдаған мақалалар жарияланып, жүздеген шаралар ұйымдастырылды. Ондағы тапсырмаларды орындауды атойлап бастағанмен, қазір оны көп еске ала бермейді. Елбасының ендігі рухани жаңғыртуға арналған мақаласының өмірі ұзағырақ болсын деп тілейік.
Алтыншысы – қоғамдағы қалыптасқан шынайылықты елемеу, онымен санаспау. Жақында Астанада Елбасы мақаласына қатысты өткен бір талқылауға қатыстым. Сонда қатысушылар жастарға қандай құндылықтарды ұсынамыз дегенге бас қатырды. Бұл олардың жастардың бүгінгі ахуалынан бейхабар екенін байқатып қойды. Құндылықтарды жастарға жоғарыдан сілтемей, мүмкін, жастардың өздерінен олардың қандай болу керегін сұраған жөн шығар десем, талқылаушылар «жастар біздің тілімізді түсіне ме екен? Мақалада айтылғанды түсінеді деп ойлайсыз ба?» деп таңқалдырды. Қоғаммен дұрыс кері байланыс орнамаса, мақаладағы тапсырмалардың тиімді орындалуы екіталай.
Жетіншісі – бұл бастама бұрынғы бастамадан өзгерек пе? Елбасы мақаласында: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», — деді. Осы жерде бір «ұмыт қалған» бастаманы еске алғым келіп тұр.
Елбасы 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Мен қазіргі тілде жазылған кемінде жүздеген қазіргі кітаптардың тізімін жасап, қазақ тіліне қазіргіше аударуды ұсынамын. Бәлкім, жастар арасында конкурс жариялау керек шығар: өздеріне не нәрсе қызықты әрі пайдалы екенін олар да айтсын», — деген болатын. Бірақ бұл бастама сол кездің өзінде жайына қалды. Әрине, басында мемлекет азды-көпті тыпырлағандай болды. Мәселен, 2013 жылы еліміздің барлық облыстары мен екі қаласында жастар арасында сауалнама жүргізіліп, аударуға лайықты әдебиеттің тізімі жасалды. Жылдың соңына қарай жаңалықтарда қазақ тіліне аудару үшін өзекті жүз кітапты анықтау байқауының сарапшылар кеңесі алпыс тоғыз кітапты таңдағаны туралы ақпарат шықты. Тіпті,100kitap.kz сайты тіркеліп, онда қазақ тіліне аударуға ұсынылған қазіргі заманғы әдебиеттің өзекті шығармаларын анықтау бойынша онлайн дауыс беру ұйымдастырылған болатын. Бірақ, іс бұдан арыға бармады. Жүз кітаптың біреуі болса да жарық көрді деген жаңалықты естімедім. Лауазымды жауаптылар мен әуелгідегі бастамашыл топ мүшелері Президенттің осы идеясын «ұмыт» қалдырды, содан бері біреуі де ләм-мим демеді. Қазір жоғарыда айтылған сайттың сілтемесін терсеңіз, оның баяғыдан бері өшіп тұрғанына көзіңіз жетеді.
Бұл жолғы бастама да бұрынғысының кебін кимесе.
Сегізінші — жаңғыртуды қолдайтын топтар мемлекет тарапынан қолдауға ие ме? «Бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс». Жалпы елімізде жазушылар мен ғалымдар қалды ма? Осы санаттағы тұлғаларға мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетіліп жатыр ма? Әлде мақаланы қолдау оларға міндеттеле ме? Міндеттеудің арқасында келген «қолдау» халық арасында мәселеге сенім туғыза қоймайтыны анық.
Комментариев пока нет