Алматы әуежайының экс-президенті 8 жылға сотталды
Алматы қаласы Түрксіб аудандық соты Алматы халықаралық әуежайының экс-президенті Б.-ға және авиациялық жанар-жағармай қызметінің басшысы Т.-ға қатысты қылмыстық істі қарап, шешім шығарды, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
Сот олардың 2016 жылдан 2018 жылға дейін әуежайдан 1,25 миллион доллардан астам қаржы жымқырғанын анықтады.
– Қылмыстық жоспарын жүзеге асыруға ол өзінің алыс туысы — әуежайдағы авиациялық жанар-жағармай қызметінің басшысын Т.-ны тартқан. Осылайша, Б. Т.-ға «Украина» халықаралық авиакомпаниясының ұшақтарына жанармай құю кезінде отын шығыны туралы екі түрлі тапысырыс жасауды тапсырған. Толтырылған жанармайдың нақты көлемін көрсететін бір тапсырыс ұшақ экипажына берілген. Оған сәйкес, әуе компаниясы «ТА» ЖШС-не төлем жасаған. Екінші тапсырыста әуежай қызметкерлері құйылған жанармай көлемін аз қылып көрсеткен. Орташа алғанда әр толтыру көлемі 5 тоннаға кем бағаланған. Осылайша, әуе компаниясы құйылған авиакеросиннің нақты көлемі үшін «ТА» ЖШС-не ақша аударса, ЖШС өз кезегінде төмендетілген көлем үшін әуежайға төлем жасаған, – деп жазды Алматты соттарының ресми парақшасы.
Айта кетейік, айыпталушылар кінәларын мойындамады. Сот үкімімен Б. және Т. кінәлі деп танылып әрқайсысына 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы және 10 жыл мерзімге материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару және коммерциялық ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Фото: ашық дереккөз



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.