Ya Metrika Fast


English version

Қазақстан жаһандық академиялық қауымдастықтағы орнын нығайтуда: жасанды интеллект, инновациялар және халықаралық серіктестік

Контекст дня — 15 октября 2025 15:10
0
Изображение 1 для Қазақстан жаһандық академиялық қауымдастықтағы орнын нығайтуда: жасанды интеллект, инновациялар және халықаралық серіктестік

2025 жылы 13-14 қазан күндері Корея Республикасының астанасында жоғары білім беру саласындағы көшбасшылардың жаһандық желісі — Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (International Association of University Presidents, IAUP) 60 жылдығына арналған мерейтойлық конференциясы өтті. Ұйым әлемнің түкпір-түкпіріндегі университет басшыларын біріктіріп, көшбасшылықты дамытуға, білім мен тәжірибе алмасуға және стратегиялық идеяларды ілгерілетуге бағытталған. Іс-шараны Seoul Cyber University (Корея Республикасы) ұйымдастырды.

Конференцияның негізгі спикері Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек болды. Ол «AI-ready nation: Қазақстан тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, өз сөзінде Қазақстанның жасанды интеллект экожүйесін белсенді түрде дамытып жатқанын атап өтті. Министрдің айтуынша, елімізде жасанды интеллектті білім беру жүйесіне, экономикаға және мемлекеттік басқаруға интеграциялауға бағытталған саясат пен инфрақұрылым қалыптасып келеді.

Жаңа оқу жылының басынан бастап бірқатар қазақстандық жоғары оқу орындарында OpenAI компаниясының ChatGPT Edu білім беру моделін енгізу бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізуге және білім сапасын арттыруға бағытталған. Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамымен серіктестікте ChatGPT платформасының мемлекеттік тілдегі функционалын жетілдіру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, Қазақстанның тарихи мұрасы мен мәдениетіне қатысты жауаптардың нақтылығы мен шынайылығын арттыруға ерекше назар аударылып отыр

деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Мемлекеттік саясат мәселелеріне тоқтала отырып, министр Қазақстандағы жасанды интеллектті дамытудың басым бағыттарын атап өтті:

Қазақстанға жасанды интеллектті дамыту үшін кешенді әрі жүйелі тәсіл қажет. Бұл үдеріс келесі негізгі бағыттарды қамтуы тиіс: Бірыңғай деректер көлін (БДК) құру, технологиялық инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллект саласындағы адами капиталды нығайту, Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру және жасанды интеллектті танымал етуге бағытталған ұлттық бағдарламаны іске қосу

деп қосты ол.

Almaty Management University (AlmaU) негізін қалаушысы және ректоры Асылбек Қожахметов «Зерттеулер мен тұрақты қаржыландыру арқылы инновацияларды дамыту» атты сессияда баяндама жасады:

Бүгінде Қазақстан заманауи экономиканы бірізді түрде қалыптастырып келеді — бұл уақытша үрдіс емес, саналы және стратегиялық қажеттілік. Соңғы алты жылда елімізде ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі алты есе артты, бұл өз нәтижесін беріп отыр. AlmaU университетінде жүргізіліп жатқан зерттеулер ғылымға салынған инвестициялар көлемі мен отандық ғалымдардың жарияланымдық белсенділігінің артуы арасында тікелей байланыс бар екенін дәлелдейді

деп атап өтті Асылбек Қожахметов

Асылбек Қожахметовтың кәсіби еңбегінің жоғары бағалануы оның Халықаралық университет президенттері қауымдастығының (IAUP) Атқарушы комитетінің мүшесі болып сайлануынан көрініс тапты. Бұл мәртебе Қазақстанның жаһандық деңгейде танылуына және әлемдік жоғары білім беру саласының болашағын айқындайтын стратегиялық шешімдерді әзірлеуге қатысуына жаңа мүмкіндіктер ашады.


Сонымен қатар, конференция аясында AlmaU бірқатар шетелдік университеттермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды:

  1. Seoul Cyber University (Корея Республикасы)
  2. Youngsan University (Корея Республикасы)
  3. Daffodil International University (Бангладеш)

Бұл келісімдер академиялық ұтқырлықты дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және инновациялық білім беру технологияларын енгізуге бағытталған. Бұдан бөлек, IAUP өңірлік конференциясы 2026 жылғы 11-12 маусымда Алматы қаласында өтеді, ал іс-шараның ұйымдастырушысы — AlmaU болады.

Оңтүстік Кореяның цифрлық университеттер құру тәжірибесі біз үшін ерекше қызығушылық тудырады. Біз сапалы білім мен инновацияларды ілгерілету жолында халықаралық серіктестіктің зор әлеуетін көріп отырмыз

деп атап өтті AlmaU ректоры.

Конференцияға Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрғали Арыстанов және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты:

  • «Семей медицина университеті» КЕАҚ
  • «Азаматтық авиация академиясы» АҚ
  • Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті
  • Қонаев университеті
  • Almaty Management University (AlmaU)

IAUP конференциясына Қазақстан делегациясының қатысуы еліміздің зияткерлік және инновациялық әлеуетін айқын көрсетті, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық жоғары білім беру жүйесін дамытуға, академиялық көшбасшылық, тұрақты даму және халықаралық әріптестік қағидаттарын ілгерілетуге елеулі үлес қосуға деген ұмтылысын растады.


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.