«Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек: Тоқаев тәртіп сақшыларына қандай тапсырма берді?
Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысын өткізген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғаммен бірге полиция да түбегейлі өзгеруге тиіс екенін айтты, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Полиция қашанда халыққа үлгі-өнеге болуы керек. Сонда ғана жұрт полицияға сенеді, оны қорған көреді. Өкінішке қарай, тәртіп сақшыларының бәрі бірдей сондай деп айта алмаймыз. Ауыр қылмыс жасаған қызметкерлер анықталып жатыр. Соңғы кезде мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Бұған жол бермеуіміз керек және ондай әрекеттерді мүлдем ақтауға болмайды. Осындай жағдайлар бүкіл жеке құрамның жұмысын бір сәтте жоққа шығарады. Ондай адамдарды полиция қатарынан шығару қажет. Олар биліктің абырой-беделін түсіреді. Қызметкерлерін дер кезінде тәртіпке салмаған басшылар мәселесін де қарау керек, – деді Тоқаев.
Бұдан бөлек мемлекет басшысы кәсіби кадр резервін жасақтау мәселесіне мән беруді тапсырды.
– Министрлік осы сынақ кезінде табандылық танытуға тиіс. «Бармақ басты, көз қысты» болмауы керек. Алайда аттестация біреуден есе қайтарудың құралы болмауға тиіс. Басты мақсат – жеке құрамды біліксіз және жұмысына адал емес басшылардан тазарту, яғни кәсіби кадр резервін жасақтау. Сонда ғана ахуалды түбегейлі өзгерте аламыз. Президент Әкімшілігі бұл жұмысты бақылауда ұстайды, – деді президент.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.