Бюджет кірісін толықтырудың басқа жолдарын іздеуіміз керек – Үкімет басшысы
Қазақстан Үкіметінің отырысында 2024 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралып, ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті екенін айтты, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Ұлттық экономика министрлігіне салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде биыл 6% деңгейінде экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарын әзірлеп, бекітуді тапсырамын. Жоспарда нақты әрі тиімді іс-шаралар көрініс табуы тиіс», — деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ Бектенов биылғы қаңтар айында негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскеніне назар аударды.
– Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы былтыр бизнеске 600 млрд теңгеге жуық қосымша құн салығы қайтарылмағанын атап өтті. Сонымен қатар шұғыл шығындарды қаржыландыру үшін бюджетке 2024 жылғы төлемдермен аванс берілген. Бұл дұрыс жоспарламаудың салдарынан орын алған, 2023 жылы түсуге тиіс болған кірістер жоспары асыра бағаланды. Мұндай тәжірибе қайталанбауға тиіс, – деді Премьер-Министр.
Бектенов мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейтінін мәлімдеді.
– Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады, – деп түйіндеді ол.
Фото: Ukimet



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.