“Қазақстан” мен “Қазақ” арасындағы ойлар
Таяуда президент Нұрсултан Назарбаев мемлекетіміздің атауын “Қазақ Елі” деп өзгерту жайлы қоғамға ой тастағаны белгілі. Осынау маңызды бастамалар жоқтан-жоқ пайда бола салмайтынын ескерсек, елбасының бұл пікіріне де түрткі болған алғышарттар аз емес. Оның ішінде, әсіресе соңғы жылдарда, ұлттық сана-сезімнің өскені, республикада тұратын басқа ұлыстарды мемлекетқұраушы халықтың айналасында топтастыру, сол арқылы мемлекетіміздің біртұтастығын күшейту секілді өзектіліктерді атауға тұрарлық. 23-жылдық тәуелсіз тарихымызда елдегі қазақ халқының саны 42-ден 73-пайызға жеткендігі қайта бар. Қалай болғанда да аталмыш ұсыныс қалың бұқара ішінде зор серпіліс тапты, түрлі пікірлерді тудырды. Мемлекет атауын қазақиландыруға қатысты Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысын қазақ қоғамы толықтай қолдап шықты. Ал осындай қай жағынан орынды да заңды бастамаға бірқатар орыстілді азаматтар үзілді-кесілді қарсы тұрды, тіпті кейбіреулері қол жинауға кірісті. Әлгілердің пайымдауынша, “Қазақстан” ең лайықты атау және оны алмастыруыдың қажеті жоқ – өз алдына ойлантарлық жәйт.
Алайда, шындығына келгенде мемлекетіміздің қазіргі атауы халықаралық тәжиребеге сәйкес емес. Және мәселе Елбасы ұсынысына арқау болған Монғолиямен мүлдем шектелмейді.Әлемнің қай елін алып қарамайық, барлығының атауы мемлкетқұраушы ұлттың негізінде: Италия, Франция, Қытай, Жапония, Иран, Бразилия, т.б. Әлбетте, аталған елдерде байырғы халқымен қатар басқа ұлттың өкілдері тұратыны белгілі. Бірақ жергілікті заңдарды мойындау, тұрғылықты елдің мемлекеттік тілін меңгеру, мемлекетқұраушы халықтың тарихын, мәдениетін, ділін білу мен құрметтеу негізінде олар да тиісті елдердің толыққанды азаматтары, яғни француз, италиян, қытай, ирандық, бразилиялық болып саналады және өздерін солай сезінеді. Сәйкесінше бұндай ортақтастығы арқылы мемлекетшілдігін дәлелдейді. Демек, заң, тіл, мәдениет, басқа мемлкетқұраушылар тізімінде маңызды орынға сол мемлекет атауы да ие.
Осы тұста, байқасаңыздар, қазақпен, оның тілі мен дәстүрімен санаспайтындар, кезінде қонақ боп, не бас сауғалап келген елдің қожайынын менсінбейтіндер Қазақстан атауын өздігінше бұрмалауға дағдыланған. Мәселен, біз қазақ емеспіз, біз қазақстандықпыз деуі. Алайда, тарихта “қазақстандық” деген ұлт болмаған, болмайды да. Ол “Қазақ” атауына “стан” (жер, мекен деген мағына беретін) жалғауының қосылуы арқылы пайда болған түсінік қана. Басқаша айтқанда, “қазақстандық” дегеніміз “қазақ жерінікі” дегеннен еш айырмашылығы жоқ. Мәселен, жоғарыда айтылған Францияның азия не африка нәсілді азаматтары өздерін “француз жерінікіміз” десе, күлкілі емес пе? Онысына ешбір заңдық негіз де жоқ. Ендіге ретте атауында әлгі “стан” жалғауы бар бірлі-жарым елдерді қарастырып көрейік. Рас, Өзбекстан, Қырғызстан немесе Ауғаныстан осы елдердің ресми атаулары болып табылады, бірақ олардың азаматтарын кімде-кім өзбекстандық, қырғызстандық немесе ауғаныстандық деп атай ма? Әрине, жоқ. Олар тиісінше, өзбек, қырғыз, ауған саналады. Ендеше, ресми атауы “Қазақстан” болғанның өзінде, Қазақ мемлекетінде неліктен басқаша болу керек?
Әдетте “Қазақстан” атауын насихаттаушылардың ендігі дәйегі Америка тәжірибесі. Олардың түсінігі Америка — түрлі ұлттардың өкілдеріне ортақ ұғым, олай болса, бізге де осы жолмен неге жүрмеске — дегенге келіп саяды. Бірақ, бұл дәйектер ұлттық негізде құрылған әлем мемлекеттерінің 99 пайызына мүлде жат. Неліктен? Біріншіден, Америка – кезінде сырттан келген басқыншылар жергілікті тайпаларды түп тамырымен жойып, олардың сүйектерінің үстінде эмингранттар құрған бірегей мемлекет. Рас, Кеңес заманында келімсектер қазақтарды да миллиондап қырды. Бірақ қазақ сақталып қалды, оның соңынан туған жерге қожайын болатын ұрпақ өсті. Екіншіден, Америка деген ұлттың атауы емес, осы құрлықты зерттеген адамның есімі. Қадым заманнан келе жатқан Қазақ болса, “азат”, “еркін” деген мағынаны беретін жауынгер халықтың атауы. Үшіншіден, Америкадан не Ресейден ерекшелігі — Қазақ ешкімнің жерін жаулаған емес, басқа халықтарды қырып, құлға айналдырған жоқ, бірақ Ата-Бабадан мирас боп қалған топырақты қастерлеген, ақылдың күші мен найзаның ұшымен сақтай алған.
Елбасы ұсынысы төңірегінде енді қазақ қоғамында туындаған ой-пікрлерге ойыссақ. Бірқатар азаматтар, зиялы қауым өкілдері Нұрсұлтан Әбішұлы жөн деп тапқан “Қазақ Елі” атауын мақұлдады. Расында да, мемлекет атауында қазақтың иісі бірден байқалуы тұрғысынан бұл ретте еш мін таға алмаспыз. Алайда, мемлекеттің аталуы мемлкетқұраушы ұлтпен қатар сол елдің саяси құрылымы мен даму жолы хақында да маңызды мағлұмат беретінін де назарда ұстаған абзал. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы дегенде бұл елдің құрылымы федерациялық, яғни оған енген мүшелердің өзіндік дербес лауазымдары барын меңзейтінін аңғарамыз. Марокко Патшалығы атауынан бұл мемлкеттің саяси құрылымы монархия екенін белеміз. Дәл сол сияқты Түркия Республикасы атауынан оның республикалық, яғни саяси құрылымы халықтық биліктегі мемлекет екенін көреміз. Бұл ретте сөз болып отырған “Қазақ елі” атауындағы “Елі” термині қазақтарға, жекелеген түркі тілдестерге түсінікті, бірақ әлемдегі басқа елдерге бейтаныс. Сондай-ақ, ол халықаралық қатынастарда ел атауларына қатысты қалыптасқан ережелерге сәйкес емес. Осыдан болар, басым көпшілік пікір білдірушілер Отанымыздың атауын өзгертер болсақ, ең лайығы – “Қазақ Республикасы” деуі.
Бұндағы қисын орынды, десе де оның өзі жоғарыда келтірілген саяси, заңдық, ұлттық не идеологиялық жақтарымен шектелмейді.Тарихқа үңілер болсақ, мемлекетіміздің XIV ғасырда құрылғаннан бергі атауы “Қазақ хандығы” болған. Сол кездегі Түрік, Ресей, Қытай, Парсы, Араб деректерінде бұл жағдай кеңінен тұжырымдалған. Тіпті кешегі озбыр Кеңес заманында 1924 жылдан бері біздің елдің ресми атауы “Қазақ Советтік Социалистік Республикасы” болған. Біз үшін бұндағы маңыздысы — еш өзгермеген және бұл кімнің жері, кімнің елі екенін анық нұсқайтын “Қазақ” атауы. Аталмыш атау ашаршылық құрсауынан, репрессиялардан, жаппай орыстандыру саясасатынан қазақтар өз елінде азшылыққа айналғанда да өзгерген емес. Олай болса, 1991 жылы еліміз Егемен болғанда осы киелі атаудан қалайша қол үзгеніміз және әлі күнге шейін сол ордан шыға алмай жатқанымыз қатты алаңдатады. Заман өте бұл жұмбақ та өз шешімін табар.
P.s. Қазақстан тәуелсіз мемлекет атанып халықаралық аренаға енді шыға бастағанда ел атауының ағылшынша үлгісі қандай болу керек тұрғысында сұрақ туындады. Қазақ, бірқатар басқа шығыс халықтарына тән “Қ” әрпі ағылшын тілінде міндетті түрде Q арқылы белгіленеді. Мәселен Құран – Quran немесе Қатар Мемлекеті — State of Qatar дегенде. Алайда 1991 жылы біздің шешім шығаратын орындар орыстарға бүйрегі бұрып тұрғанынан ба, әлде білімі жетпегеннен бе, белгісіз, еліміздің ресми атауы орыс тілінің дыбысталуындағы “Казахстан” дегеннен “Kazakhstan” деп бекітілмесі бар ма. Және осы қателік әлі күнге шейін сақталып келеді. 1994 жылы кеткен қатені жөндеп, “Қ” әрпінің дыбысталуына жақындатқысы келген шығар, одан әрі шатасып, “Kazakhstan” атауынан “h” әрпі алынып тасталды да мемлекетіміз әп-сәтте “Kazakstan” боп шыға келді. Арада алты жыл өткенде шенділердің бұл жасағанымыз қате бопты, бұрынғы үлгіге оралайық деуімен еліміз қайта “Kazakhstan” атанды. Екі ортада қаншама құжаттар өзгертілді, тақтайшалар, рәміздер, т.б. қайта жасалды, олардың бәріне қаншама шығын кетті! Ең сорақысы — өзгеріске келмейтін сол қателіктердің бірі әрбіріміздің төлқұжатымыз, яғни паспортымызға нұқсан келтірді. Нәтижесінде, қазір Қазақ азаматтарының жартсы паспорты бойынша “Kazakhstan” азаматы болса, екінші жартсы “Kazakstan” азаматы болып табылады. Күндердің бір күні халықаралық заңдарға сүйене отырып, бір елдің баласы осылайша бөлек елдің азаматтары боп танылмауына кім кепіл? Күлеміз бе әлде жылаймыз ба? Осы бассыздықтарға жауап берер шенділер табылар ма?
Расул Жұмалы
Комментариев пока нет