Қазақстанның сақтандыру нарығының активтері 64%-ға өсті
Сақтандыру нарығының активтері соңғы үш жылда 64%-ға өсіп, 1,7 триллион теңгені құрады. Қазақстан қаржыгерлерінің IX съезі аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова ақпаратпен бөлісті.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
Сақтандыру секторының өсуіне цифрландыру және жаңа технологияларды енгізу ықпал етті. Бүгінде сақтандырудың барлық міндетті түрлері электронды форматқа көшірілді.
Сақтандыру ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілді және 2020 жылы Unit-linked инвестицияларға қатысумен алғашқы сақтандыру шарттары жасалды. Эндаументті сақтандыруда 2021 жылдың қаңтарынан бастап ұзақ мерзімді сақтандыру өнімдері үшін салықтық жеңілдіктер енгізілді. Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігін арттыру үшін оның ең төменгі құны 40%-ға дейін төмендетілді.
Нәтижесінде сақтандыру сыйақыларының жалпы көлеміндегі ерікті жеке сақтандыру үлесі 43%-ға дейін өсті.
Сақтандыру нарығының келесі басым міндеті – сақтандыру төлемдерін қабылдау процесін электронды форматқа көшіру. Бұл үшін сапалы бағалау, келісім-шарт жасаудан бастап төлемді алуға дейінгі бүкіл процестің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында толық және сенімді статистикалық деректер базасы құрылатын болады.
Комментариев пока нет