Алдағы уақытта Ұлттық қордан қанша ақша алынатыны айтылды
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Ұлттық қордан жоспарланған трансферт туралы айтты.
Бұл туралы exclusive.kz хабарлайды.
Сенат отырысында сөйлеген сөзінде министр республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есептемегенде 2022 жылы 9,2 триллион теңгені, 2023 жылы – 9,7 триллион теңгені, 2024 жылы – 10,4 триллион теңгені құрайтынын айтты.
— Кепілдендірілген трансфертті 2022 жылы – 2,4 триллион теңге, 2023 жылы – 2,2 триллион теңге және 2024 жылы-2 триллион теңге мөлшерінде анықтап, әлеуметтік міндеттемелерді қаржыландыруға бағыттау ұсынылады. Қаражат республикалық бюджеттен ынтымақты зейнетақылар мен мемлекеттік базалық зейнетақы төлемдерін төлеуге бағытталатын болады, — деп хабарлады Ерғалиев.
Бұдан басқа, 2022 жылы Ұлттық қордан жыл сайын 550 миллиард теңге, 2023-2024 жылдары 400 миллиард теңгеден нысаналы трансферт тарту ұсынылады.
— Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттерді Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының іс-шараларын қаржыландыруға бағыттау ұсынылады, — деп нақтылады министр.
Мұнай бағасы барреліне 60 доллар болған кезде жоспарланатын трансферттерді ескере отырып, мұнай секторынан Ұлттық қорға түсетін түсімдер болжам бойынша 2022 жылғы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 3 триллион теңгеге дейін өседі.
Ұлттық қордың валюталық активтері 2022 жылғы 55,3 миллиард доллардан 2024 жылы 61,6 миллиард долларға дейін өседі деп болжануда.
Фото inbusiness.kz
Комментариев пока нет