Сарыағашта белгісіз біреулер журналистің ұлын өлтірмек болған
Поддержать

Сарыағашта белгісіз біреулер журналистің ұлын өлтірмек болған

Түркістан облысының Сарыағаш ауылында 4 қаңтарға қараған түні «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің үйінің жанында белгісіз біреулер ұлы Дінмұхамедке оқ атқан. Батырбеков бұл шабуыл оның журналистік қызметіне байланысты деп есептейді.

Амангелді Батырбековтің Азаттыққа берген сұхбатында, 3 қаңтар күні сағат 23.00 шамасында оның есігін бетперде киген белгісіз біреулер қаққанын айтты. Есікті журналистің қызы ашқан. Белгісіз адамдар әкесіне телефон соғуды сұраған. Батырбеков далаға шыққан кезде дүкен жақтан ұлының айғайлаған дауысын естіген. 

— Сыртқа шыққан бойда олардың оқ жаудырғанын естідім, ұлым иығынан жарақат алды, — деді ол. 

Дінмұхамед Батырбеков қазір Сарыағаш аудандық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Кеуде қуысы, иық бұлшықеттері зақымдалған.

Жәбірленушінің әкесінің айтуынша, қараша айында ол Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырған, онда жақын арада айына бір рет шығатын газетінде «Түркістан облыстық мәслихатының депутаты мен Шымкент қалалық прокуратурасының прокуроры және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес органдары төрағасының орынбасарын не байланыстырады» деген тақырыпта зерттеу жариялайтынын айтқан. 

Осыдан кейін оған «әртүрлі адамдар» материалды жарияламауды өтінген. Батырбеков «ешкімнің ұсынысын қабылдамайтынын» айтып, мақаланың жарияланатынын ескертеді. 

Сарыағаш полициясы «Адам өлтіруге оқталу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын, оның құрамына Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері кірген арнайы топ құрылғанын хабарлады. Оқиға орнына Түркістан облысы ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сахов аттанды.

2021 жылы Түркістан облыстық сотының үш судьясы Батырбековке Facebook желісіндегі жазбалары үшін жала жапты деп шағым түсірген. Бұл іске қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *