Петропавлда тұрғын үй өртеніп, 5 адам тірідей жанып кетті
Петропавлда Береке шағын ауданындағы өрт орнынан бес адамның денесі табылды. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі ақпарат таратты.
13 наурызда сағат 01.07-де Мәскеу өткеліндегі (Береке шағын ауданы) тұрғын үйден өрт шыққаны туралы телефон хабарламасы келіп түскен.
Солтүстік Қазақстан облысы ТЖ Департаментінің өрт сөндірушілері келген сәтте № 3 пәтер жанып жатқаны анықталды.
— Өрт сөндіру барысында 1975, 1979, 1960 жылдары туған үш ер адамның және 1960, 1967 жылдары туған екі әйел адамның денесі табылды. Қайтыс болған адамдардың денелері сот-медициналық сараптамаға жіберілді. Үй орталық жылыту жүйесіне қосылған. Өрт сағат 01.53-те ауыздықталып, сағат 02.24-те сөндірілді, — делінген хабарламада
Өрттің шығуына ішімдік ішіп, төсекте темекі тарту себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Келтірілген шығын мөлшері анықталып жатыр.
2022 жылы 1 ақпанда №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері үйлерді аралау жұмыстары барысында өрттен қайтыс болған 1960 жылы туған ер адамға өрт қауіпсіздік ережелері жазылған жаднама бергені белгілі болды. Қаза тапқандар халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатпаған, ішімдік ішетін адамдар ретінде есепте де тұрмаған.
Фото: ТЖМ
Комментариев пока нет