Өзбекстан-Қазақстан: 2-0
Поддержать

Өзбекстан-Қазақстан: 2-0

Таяуда Өзбекстанның жаңа президенті Шавқат Мирзияев шетелге тұңғыш сапарын жасады. Сондағысы көпшілік сарапшылар болжағандай Ресейге немесе Қытайға емес, Орталық Азиядағы көрші елдерге. Дипломатияда жаңа сайланған басшының қай елге бірінші баратыны ерекше мәнге ие. Атап айтқанда, ол арқылы сыртқы саясатта басымдық кімге беріледі, аймақтағы ықпал иесі кім екендігі меңзеледі. Бұл тұста әсіресе аузы күйген ресейлік президент Владимир Путин болды. Алдында жеке Тәшкент пен Самарқанға келіп, ол өзбек әріптесіне тығыз ынтымақтастық жайлы уәделерін үйіп-төгіп кеткен болатын. Ізінше Ресей саясаттанушылары Мирзияев өзіміздің адам, енді Өзбектің беті бізге бері қарайды деп сендірді. Тіпті кей орталар жақын арада Өзбекстан Кремль қарамағындағы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) кіруі ықтимал екенін айтты.

Олай болмады. Керісінше, ЕАО-ға қосылмақ тұрмақ, Өзбек ағайындар былтыр Бішкекте өткен ТМД саммитін де елеген жоқ. Енді міне Шавқат Мирзияев алғаш ат басын Түркменстан мен Қазақстанға бұрды. Бұл қадам ресми Тәшкенттің сыртқы саясатта сөз жүзінде емес, іс жүзінде басымдықтың Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттерге беріп отырғанын көрсетіп отыр. Екіншіден, өзбек елі халықаралық қатынастарда Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа сықылды алып күштерге қарайлап көлеңкесінде қалмай, дербес саясат жүргізетінін білдіреді. Үшіншіден, аймақтық сахнада көшбасшы болуға ынтық болған Қазақстанды екінші орынға ығыстыруы әбден ықтимал.

Бұл тұрғыда аймақтағы тарқатылмақ түйткілдер шаш етектен. Олардың қатарында Арал теңізінің апатынан құтылу, аймақтағы көршілес елдердің өзара саудасын жаңғырту (жалпы сауда айналымының 5-ақ пайызы), шекаралық дау-дамайларды тежеу, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа төнген қауіп-қатерге төтеп беру, Орталық Азиядағы су тапшылығы мен Амудария, Сырдария, басқа да трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалану бар. Еуропа мен Азияны көпірше байланыстырып тұрған аймақтың транзиттік әлеуетін арттыру өз алдына маңызды. Қысқасы, осы да толып жатқан өзге мәселерді еңсеру аймақ елдерінің ортақ ерік-жігерінсіз мүмкін емес. Ал бұл төңіректе тек сырт күштердің көмегіне жүгіну аңқаулықтың көрінісі. Шынтуайтына келгенде Мәскеу. Бейжін, Уашинтонға Орталық Азияның біртұтас, қуатты болуы керек емес, қайта бүгінгідей бытыраңқы, бірі-бірімен өштесіп әлсірегені тиімді. Және алғаш мәлімдемелері мен істеріне қарағанда ресми Тәшкент осы ақиқатты мойындап қана коймай, тағырықтан шығуға талпынып отыр.

Әрине, қысқа мерзімде Шавқат Мирзияевтің жаңа саясаты зор нәтижеге әкеле салуы неғайбыл. Жылдар, онжылдықтар бойында қордаланып келген түйткілдер әп-сәтте шешіле салмайды. Бірақ Өзбек басшылығының бүгінгі тіршілігі кеш те болса сеңнің қозғалғанына ұқсайды. Ендігі мәселе осы бетбұрысты аймақтағы басқа саяси орталар қаншалықты қолдай алатындығында. Жалпылама сөздерден нақты істерге көшу тұрғысында сыртқы ықпалдың құрсауынан шығуға қауқары жете ме басқа көршілердің? Аталған топтың ішінде көп шаруа Қазақстанға келіп тіреледі. Қалай болғанда да Өзбекстан Орталық Азиядағы халқының саны ең көп, армиясы мықты ел болса, Қазақстан экономикалық құдіреті тұрғысынан басқаларынан көш ілгері. Демек, аймақтағы ынтымақтастық Тәшкент пе Астанының өзара сенімі мен белсенді ықпалдасуынсыз мүмкін емес.

Рас, сырт қарағанда, Қазақстан мен Өзбекстан әлеуеті тең көрінеді. Алайда осы әлеуеттің сапалық жағына үңілсек, басымдық өзбек ағайынның еншісінде екенін аңғарамыз. Бірнеше дәйек:

25-жылдық егемендік тарихында Өзбекстан шын мәнісінде бақуатты мемлекетке айналды. Елдің идеологиясы да, қоғамның сана-сезімі де Өзбек тіліне, тарихына, мәдениеті мен дәстүріне негізделді. Тиісінше тұтас та мығым қоғам ретінде Өзбекстан баянды болып үлгерді. Көршілес Қазақстанда болса, жағдай мүлде басқаша. Ұлттық болмысты жаңғыртып, соған арқа сүйеудің орнына әлі күнге шейін орыс тілінің бұғауынан шыға алмай келеді. Енді Үштілділік бағдарламасын желеу етіп, мемлекет құраушы халық тілімен қоса тарихынан, мәдениетінен, ділінен мақрұм қалуда. Бұл саясат бәлкім өзге ұлыстарды ренжітпеудің қажетінен туындаған да шығар. Алайда мемлекет құру үрдісіне келгенде бүгінгі Қазақстан көзделген мақсатқа жетпегені анық.

Ақпараттық-насихаттық салада дәл сол көрініс. Аталған кезеңде өзбектер сөз бостандығын қатқыл шектесе де, толыққанды төл медиа-кеңістігін жасақтай алды. Нәтижесінде азаматтарының басым бөлігі, әсіресе жастары, Өзбек мүддесіне берілген. Қазақстанда болса, ахуал өзгеше. Ұлттық ұстаным барынша тежелген жағдайда бір жағынан қоғамның ойы Ресейге қарай ойысса, екінші жағынан Батысқа ұмтылса, үшінші жағынан асыра діншіл идеологияға ұрынған. Бұған мемлекетті іштей жайлаған жемқорлық, әлімжеттік, әділсіздік, ақшаға табыну секілді кеселдерді қосса, ондай ортаның іштей қаншалықты әлсіз, сыртқы ықпалға көнгіш екенін аңғару қиынға соқпайды.

Алн енді ішкі саясатта қалыптасып қалған стереотип – адам бостандықтары, демократия саласында Қазақстан Өзбекстаннан көш ілгері. Ақиқатында соңғы уақытқа шейін солай боп келді. Оған ұлттық қауіпсіздікті сақтау қажеттігі немесе бұрынғы президент Ислам Кәрімовтың өктем саясаты себеп болған шығар. Алайда заман өте бұл бағытта да ресми Тәшкент қатаң авторитарлық жүйеден демократиялық жылымыққа аяқ басқанға ұқсайды. Атап, айтқанда, Кәрімовтың өзі жеке басқа табынушылық, жемқорлық, шенділердің құтыруы сынды келеңсіздіктерге жол бермеді. Енді оның саяси мұрагері Шавқат Мирзияевтің жаңа реформаларды, оның қатарында өңір басшыларын бұрынғыша тағайындау емес, халықтың өзі сайлауы қажет екенін ұсынды.

Өкініштісі, Қазақстанда үрдіс принципті түрде өзгеше. Оның дені 1990-жылдардағы парламенттік жүйеден 2000-жылдардан бері суперпрезиденттік билікке мойын ұсынғаны. Ал уақыт өткен сайын қабылданып отырған демократиялық-мыс шешімдер қалыптасқан жүйені одан бетер күшейтпесе, теңестірер емес. Қаржыгерлердің мынадай қағидаты бар: барлық жұмыртқаны бір себетке салуға болмайды. Саясатта да дәл солай. Ішкі істерде лауазымның бәрін бір тұлғаға артып қою болсын, сыртқы саясатта мүдденің бәрін жылғыз Ресейге беріп қою болсын, қай жағынан қауіпті.

Қазақ пен Өзбек арасында келтірілген бағыттар бойынша ең үлкен жетістігіміз ретінде экономика мен қаржы саласы аталып келген еді. Әйткенмен, біздегі икемсіз де тұйық басқарудың кесірінен ол да бүгінде тығыраққа тірелген. Мұнай мен газға деген әлемдік бағалар құлдырауы мұң екен, экономика дағдарысқа ұшырап ұлттық валюта долларға шаққанда 80 пайызға құнсызданып шыға келді. Басы бар, аяғы жоқ даму бағдарламалары, тұсауы бүгін кесіліп, ертең жабылып жатқан кәсіпорындар, нақты істермен араласу орнына қажеті шамалы имидждік ОБСЕ саммиті, Азияда, Экспо сықылды жылтырақтармен әуезтену – бұл да Қазақстанның бүгінгі аянышты тіршілігі. Сол түрімен Қазақстан дамыған 30 елдің қатарына кірем деп жүріп 50-тен шығып қалды.

Өзбектер болса, алтын уақытын сауатты пайдаланып, халық ақшасын талан-таражға салмай талай істі бітірді. Мәселен, соңғы 25 жылда бұл елде су жаңа газ, мұнай, мақта өңдеу зауыттары, тоқыма фабрикалары бой көтерді, толыққанды көлік өндіру өнеркәсібі жолға қойылды, өзін 100 пайыз отандық азық-түлікпен қамтуға қол жеткізілді (Қазақстанда — 50 пайыз). Нәтижесінде соңғы он жыл бойында үзбей Өзбек экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді, орта есеппен жылына 7-8 пайыздық көрсеткішпен. Салыстырма үшін Қазақстан Жалпы ішкі өнімі жылына болғаны 0,5-1 пайызға ұлғайып отыр. Оның өзі статистикалық салаға шенділердің араласуынан кейін.

Ал ең бастысы Өзбекстан шын мәнісінде ұлттық нақыштағы Тәуелсіз мемлекетке айналды. Көңілге тисе де, Қазақстан бұл мақсатқа жете алмауы бұлай тұрсын, әлі де советтік-ресейлік шекпеннен шыға алмай әуре. Ендеше Кувейтті иә болмаса Оңтүстік Кореяны қуып жетеміз дегеннен не пайда? Арзанқол науқаншылдықты қойып ең болмаса жанымыздағы бауырымыздан үйренген абзал.




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *