Экологиялық акциялардан жауапкершілік мәдениетіне: «Stop Musor» әлеметтік жобасы алтыншы маусымның қорытындысын шығарды
120-дан астам іс-шара, қайта өңдеуге жіберілген 150 тоннадан астам қалдық, мыңдаған қатысушы мен жүздеген ерікті-Stop Musor жобасының алты маусымдағы нәтижесі осындай, деп хабарлайды Exclusive.kz. Жоба 2020 жылдан бері Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы тарапынан жүзеге асырылып, экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасын қолдап келеді.
Алтыншы маусымның жарқын оқиғаларының бірі-1000-ға жуық адамды біріктірген үшінші «Jasyl Fest» фестивалі. Қатысушылар интерактивті алаңдар мен шеберлік сабақтарында экологиялық дағдылармен танысты. Алматыда 50 ерікті қалдықтарды бөлек жинау бойынша оқытудан өтсе, Аршалы ауданында тағы 50-ге жуық қатысушы табиғи бұлақты абаттандыруға атсалысты.
Астана мен өңірлерде жоғары оқу орындарының қатысуымен заттарды айырбастауға арналған «Дармарка» акциялары ұйымдастырылып, қайта пайдалану мен саналы тұтыну қағидаттары насихатталды. Ал республикалық «Eco Art» байқауы экология мен шығармашылықты ұштастырды.

Маусымның басты оқиғасы 14-19 қыркүйекте Астанада өткен Sustainability Week апталығы болды. Оған 500-ден астам адам, алты жоғары оқу орны мен екі еріктілер ұйымының өкілдері қатысты. Бағдарлама Eco-Quiz, Water Care Day пікірталасы, қорытынды конференция және World Cleanup Day акциясын қамтыды.
«Тұрақты өзгерістер адам өзі тұратын жерге жауапкершілік сезінген кезде басталады. Сондықтан біз үшін экологиялық мәселелерді түсіндірумен қатар, адамдарға нақты әрекет етуге мүмкіндік беру маңызды», – дейді Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы басқармасының төрайымы Айгүл Соловьева.

Эко-карта мен Stop Musor мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар ауаның ластануы, қалдықтар, су нысандары мен топырақ мәселелері туралы хабарлай алады. 2026 жылы жүйеде 100-ден астам экологиялық өтініш тіркелді.
Алтыншы маусым аяқталғанымен, жұмыс жалғасуда. Бір реттік акциялардан күнделікті экологиялық дағдыларға, еріктіліктен экологиялық көшбасшылыққа көшу «Таза Қазақстан» бастамасының негізіндегі жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды қадамы.
Фото: Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.