«ӨКМ Операторының» директоры Шәмшиев кісі қолынан қаза тапты – Боқаев
Қоғам қайраткері, кәсіпкер Санжар Боқаев Бас прокурор мен Ішкі істер министріні үндеу жасап, «ӨКМ Операторының» басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің кісі қолынан қаза тапқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Exclusive.kz.
Санжар Боқаев тәуелсіз сараптамаға сүйеніп, «ӨКМ Операторының» басқарушы директорының өліміне қатысты тың деректер айтты.
– Мен, Боқаев Санжар Омарұлы, «ӨКМ Операторы» ЖШС директоры Руслан Шәмшиев тәуелсіз сараптаманың нұсқасы бойынша кісі қолынан қаза тапты деп ашық мәлімдеймін. Менің қолымда мәскеулік сараптаманың толық мәтіні бар. Сараптама суицид нұсқасын жоққа шығарады, басқа тиген соққы әсерінен гемотома болған. Сондай-ақ бөгде адамның тұншықтырғанын көрсететін мойын іздері бар. Сонымен қатар, мәскеулік сарапшылар қазақстандық сараптаманың объективтілігіне күмән келтіріп, істе көрсетілген барлық жағдайларда адам өз-өзіне қол жұмсай алмайтынын дәлелдеді.
Жоғарыда айтылған мәлімдеме негізінде:
- Мәскеу сараптамасын іске қосуды;
- Істі «кісі өлтіру» бабы бойынша қайта қарауды;
- Қылмыстың орындаушысы мен тапсырыс берушіні табуды сұраймын. Біз тергеу органдары сараптама материалдарын зерделеп, істі қайта қарайды деп күттік. Алайда бұл болған жоқ. Жоғары лауазымды шенеуніктер бұл істі объективті тергеуге мүдделі емес. Жақын арада марқұм Руслан Шәмшиевтің отбасы мүшелерімен баспасөз мәслихаты өтеді, олар істің барлық мән-жайы туралы айтып береді, – деп жазды ол facebook парақшасында.
Еске салайық, 2022 жылдың қаңтар айында «ӨКМ Операторы» ЖШС Құқықтық мәселелер жөніндегі бұрынғы басқарушы директоры Руслан Шәмшиев қайтыс болды.
Коллаж: Exclusive.kz
Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.