Ya Metrika Fast


English version

Мәжіліс депутаты Боранбай мен Намазбаевты босатуды сұрады

Контекст дня — 5 апреля 2023 16:50
0
Изображение 1 для Мәжіліс депутаты Боранбай мен Намазбаевты босатуды сұрады

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бас прокуратураны Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбаевқа қатысты істі қайта қарауға шақырды, деп хабарлайды Exclusive.kz.

Депутат бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдап, Петропавл қаласындағы сепаратизм насихаты туралы айтты.

– Құрметті, Берік Ноғайұлы! Ендігі өзіңізге анық-қанығы белгілі болғандай, Петропавл қаласында (СҚО) болған, сепаратизм сипатындағы оғаш оқиға Қазақстандағы сепараттық-жікшілдік пиғылдың өте актуальды тақырып екенін тағы бір рет көрсетті. Мемлекетіміздің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қауіпті әлеуметтік элементтердің ауық-ауық бой көрсетуі «Жаңа Қазақстан» идеясына қарсы бағытталған және оған тікелей төнген қатердің бірегей белгісі деп бағалау керек. Ел ішіне жік салу синдромы қоғамның қатты алаңдаушылығы мен зығырданын туғызып отырғанын баса айту керек. Сіз бен біз қоғамға жарқышақ салуға ұмтылған бұл мемлекеттік қаскүнемдікке қызмет бабымен ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен перзенттік парыз тұрғысында алаңдаушылық білдіруіміз керек. Иә, ел Конституциясы мен тиісті мемлекеттік заңдар кез келген сепаратизмге қарсы тұра алады. Бірақ елдің тұтастығы мен халықтық мүдденің қасиеттін қорғайтын «ҰЛТТЫҚ НАМЫС» деп аталатын тағы бір құдіретті күш бар.

Марғұлан Боранбаев әлеуметтік желіде ұлттық намысты қорғау сипатындағы жазбалары үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 174 және 179-бабы («Ұлтаралық алауыздықты қоздыру» және «Конституциялық құрылысты күшпен өзгерту») бойынша, Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының шешімімен 2022 жылғы наурызда 5 жылға сотталды. Данат Намазбаев Фейсбук желісіндегі жазбалары үшін, «ұлтаралық алауыздықты қоздырды» деген айыппен – ол да бес жылға сотталды.

Анығында, бұл азаматтар «ұлтаралық араздықтан» бұрын, қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Осы да әділеттілік пе, президент Қ-Ж. Тоқаев мырза мұрындық болған «Әділетті Қазақстанның» мұраты осы ма еді?! Мен әділетсіз сотты бұл азаматтарды интернеттің виртуалды әлемінде Қазақстанның ұлттық мүддесіне араша түсіп жүрген намысқой жігіттер ретінде білетін едім. Бұл екеуіне қатысты тергеу ісінен бастап, кейіннен өткен бірнеше сот отырысына журналист ретінде қатыстым, бұл азаматтарды соттауға желеу болған «алауыздықты қоздыру» сараптамасын оқыдым.


Бірақ, көршілес елдердің саяси елірмелері Қазақстанға, оның территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне күмән келтіріп, аузына келгенін айтып және жазып жатқан алауыз пікірлермен салыстырғанда, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевтың әлемжелідегі әрекеті баланың ойыны болып қалды. Оларға қатысты жасалған қиянат пен әділетсіздік осы салыстырудан туындайды. Бір ел неге өзінің сыңарезу саясатшыларына тыйым салмайды, ал біздің ел неге өзінің елдік мүддесі мен халықтық намысын қорғаған азаматтарын соттайды? Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігіне күмән келтіріп, ешбір тарихи негізсіз халықаралық алауыздықтың көрігін қыздырған жекелеген ресейлік депутаттар мен тележурналистер «орыс патриоттары» болып саналса, өз халқының намысын жыртқан, сол үшін тағдырлары тәлкекке түсіп, сотты болған Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Бұл қатарда қиянатпен сотты болған ел патриоты Ермек Нарымбаевты да атауға болады.

Қазақ халқы мен Қазақстан мемлекеттігінің бірлігіне қарсы жарты әлемге жар салған көрші елдің «ұраншылары» қылмыстық сотқа тартылмақ түгілі, өз билігі мен тиісті органдары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысы үшін әлеуметтік желіде пікір айтқан біздің екі жігіт неге сотты болады?

Құрметті, Бас прокурор мырза! Ұлттың қауіпсіздігі мен оның болашағы алдында сіздің жауапкершілігіңіз лауазымдық қызмет шеңберімен ғана шектелмейді деп білем. Сіздің құзіретті қызметтегі сөзіңіз бен ісіңізден ел алдындағы азаматтық жауапкершілігіңіз мол екенін журналист ретінде аңдап жүрмін. Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіпсіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін! – деп жазылған депутаттық сауал мәтінінде.

Коллаж: kaztag.kz


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.