Неліктен «екінші сортты» адамдар «орыс әлемі» үшін күресіп жатыр?
«Путиннің 23 жылдық билігінің нәтижесі – бұл адамдардың кедейшілік тауқыметі салдарынан келісімшарт негізінде әскери қызметке жаппай бет бұра бастауы», – дейді шілде айының бірінші жартысында, келісімшарт негізінде қызмет ететін 150 бурят әскери қызметшілерінің Украинада соғысудан бас тартқаннан кейін танымал болған ресейлік журналист әрі саясаттанушы, «Еркін Бурятия» қорының негізін қалаушы Александра Гармажапова.
Мемлекет құрушы халық
– Соғыс басталған сәтте не болып жатқанын түсіну қиын болды. Алайда қазір соғыстың алғашқы кезінде буряттардың ең көп шығынға ұшырағаны анықталып отыр. Олар ұрыстың қайнаған ортасында болып, тозаққа бірінші болып жіберілді, – дейді Александра. Содан кейін кремльдік үгіт-насихат халқымыздың арасынан шыққан, әлдебір жабайылардың бейнесін әдейі қолдан жасай бастады. Ғаламторда «біздің орыс жігіттері» қаза тапты деген жазбалар пайда болды. Қаза болғандар буряттар және орыс емес өзге де ұлт өкілдері болса жақсы болар еді, оларға жанымыз ашымайды сияқты хабарламалар өрши бастады. Бұл фейк пе, жоқ па, ол жағын білмеймін, бірақ «қандай да бір буряттар, олар кімге қызықты дейсің»? тәрізді түсінік-пайымдардың ресей қоғамындағы белгілі бір көңіл-күйді көрсетіп отырғаны сөзсіз.
Меніңше, аз ұлт өкілдері арнайы операцияға қатысуға зеңбірек жемі, яғни соғыс құрбаны ретінде жіберілді, бұл әдейі жасалған әрекет. Ресей Федерациясының конституциясында «мемлекет құрушы халық» деген анықтама бар. Әрине, мұндай адамдар «Путиннің жауынгер буряттары» деген қорлау эпитеті тіркескен буряттар емес. Бурятия тумалары соғысқа бандерашылар жайлы ертегілерге сенгісі және Украинаны денацификациялағысы келетіндіктен емес, амалдың жоқтығынан барып отыр. Ресей, барлық субъектілер тең дәрежеде болатын федерация деген атауға қарамастан, шын мәнінде барлық колониялар жұмыс істейтін абсолютті империя. Мәселен, Бурятия алтын өндіруде алғашқы орындардың бірін алады, оның жер қойнауында көптеген пайдалы қазбалар жетіп артылады (нефрит, көмір және т.б.), бұған шексіз ормандар мен бірегей Байкал көлін қосыңыз. Алайда, мұндай байлыққа қарамастан, өмір сүру деңгейі бойынша республика Ресей Федерациясының 85 субъектісінің ішінде 81-ші орында тұр.
Украинаға жаппай басып кіру кезінде және Бучада, Ирпенде және Мариупольде не болып жатқаны белгілі болған сәтте Кремльдің үгіт-насихаты, оған кейбір ресейлік квазиоппозиционерлер келіп қосылды (бұл өте маңызды, мен олар туралы кейінірек айтатын боламын), бұл өркениеттің игілігін білмейтін «індерінен шыққан «жабайы буряттардың» ісі» деп жариялай бастады. Егер мұндай қисынсыз әрі қисық логикаға сенетін болсаңыз, онда мәселен, Ленинград облысында тұратын орыстардың да «жабайы» болғанына көз жеткізесіз, өйткені қала көшелерінде абаттандырылмаған аумақтар көптеп саналады.
Ал Бурятия ұландарының өмірінде бар болғаны үш қана басымдық бар. Біріншісі – Бурят өлшемдеріне негізделіп, соған сәйкес келетін тұрақты әрі лайықты жалақымен қамтамасыз етілген келісімшарт бойынша әскери қызмет, ең бастысы әскери ипотека. Түсіндіре кетейін: Бурятияның астанасы Улан-Удэде ауданы 35 шаршы метр болатын бір бөлмелі пәтердің құны 3 миллион рубльді құрайды, ал екі бөлмелі пәтер (45 шаршы метр) 4 миллион рубль тұрады. Ресей провинциясында мұндай ақшаны табу өте қиын. Менің әріптесім, журналист, Бурят теледидарының нағыз жұлдызы Анна Зуева ипотеканы қиындықпен алғаны соның айқын дәлелі.
Екінші жол – Ресейдің солтүстігінде мұнай немесе басқа да пайдалы қазбаларды өндіру бойынша вахталық әдіспен жұмыс істеу. Мақсатқа жетудің тағы бір жолы – Мәскеуге немесе Санкт-Петербургке барып қандай да бір жұмыс іздеп табу, бірақ онда буряттар нәсілдік пен ксенофобияға тап болады. Өз елінде жүргенін дәлелдеуге тырысқан сәтте: «Төлқұжатты қайдан сатып алдың, көзі қысық шөрке?» сияқты құлаққа жағымсыз сөздерден мезі бола бастайды.
Бурятты немесе славян тобына жатпайтын кез келген ұлт өкілін гастарбайтер ретінде қабылдамау үшін жақсы киініп, ешбір акцентсіз анық әрі нақты сөйлеуге тура келеді, ал құжатыңызды тексеру мақсатында тоқтатпасын десеңіз, полиция қызметкерінің қасынан өтіп бара жатқан сәтте сенімді әрі салмақты түрге енуіңіз қажет болады. «Шөрке» жайлы өз тәжірибеммен де бөлісе аламын. 6 жасқа толғанда ата-анам Петербургке көшіп келді. Мектеп пен университті таңдауда жолым болды деп айта аламын, оқу орындары көңілімнен шықты, бірақ қоғамдық көлікке кірсеңіз немесе банкте кезек күтіп тұрсаңыз болды, өзіңді екінші сортты адамдай сезінетін боласың. «Өзбекстаныңа кет» деген тіркесті құлағыңыз жиі шалатын болады. Неге екенін білмеймін, бірақ мені осы елге үнемі жіберіп тұратын. Мені эскалатордан итеріп жібере жаздаған сәтте: «Әуелі орыстарды бірінші өткізуің керек» – деген сөзді өз басым метрода естіген болатынмын.
2018 жылы орыс тілінен басқа Ресей халықтарының өзге де тілдері факультативтік санатқа ауыстырылды, яғни затты нақты атауымен атайтын болсақ екінші сортты тілге айналды. Бұл тілдерді ерікті түрде оқып-үйрену туралы заң деп аталады, мұндай әрекет аз ұлт өкілдерінің тілін оқып-үйрену міндетті емес, толыққанды тілдер санатына жатпайды тәрізді ұғымға сай келеді.
Бұған алғашында Владимир Путин бастамашылық танытқан болатын. Нөлдік жылдары ол өзінің көпшілік алдында сөйлеген сөздерінде «басты орыс ұлтшылы» екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Немесе Украинадағы нацизм туралы айтуды ұнататын Роскосмос басшысы Дмитрий Рогозин сияқты кейіпкерді мысалға алып көрейікші. «Родина» партиясының жетекшісі ретінде орыстардың шерулеріне қатысып, «Мәскеу – орыс қаласы» деп зығырданы қайнап айтқаны есімде жақсы сақталып қалды.
Сол бір нөлдік жылдары біз, яғни «қысық көзді» адамдар, үйімізден шығуға қорқатынбыз. Ұлттық негізде көптеген шабуылдар жасалды. Әсіресе Гитлердің туған күні, яғни 20 сәуірде сондай қорқынышты болды. Бұл күні біреулерді үнемі ұрып-соғып, өлтіріп жатты. Петербург жасөспірімдерінің «Ресейден кет!» және «Қараларды ұрып-соқ!» деген айқай-шумен 2004 жылы тәжік қызы Хуршеда Султонованы өлтіруі сол жылдардағы ең резонанс тудырған қылмыстардың бірі ретінде қаралады. Ұлтшылдарға қарсы процестерде сөз сөйлеген этнограф ғалым Николай Гиренко өз үйінде өлтірілді. Бұл уақыта теледидар алдында, жоғарыда аты аталған Рогозин этникалық тазартуға шақырған «Кедергіге!» атты бағдарлама көрсетіліп жатқан еді.
Басты орыс ұлтшылы
Енді қараңыз, Ресей Украинаны «денацификациялау» үстінде. Украина аумағында әскери қылмыстар туралы белгілі болған кезде, барлық жауапкершілікті азшылық ұлт өкілдеріне жүктеуге бағытталған арсыз әрекеттер жасала бастады. Мәселен, орыстар мұндай қатыгездік пен айуандыққа қабілетті емес деп айтылады, мұның бәрін «жабайы буряттар» жасайды дейді.
– Егер көп ұлтты елдің президенті өзін басты орыс ұлтшылы ретінде көрсетсе, яғни бір сөзбен айтқанда тек орыс халқының мүддесін ғана қорғайтын болса, онда буряттар мен басқа азшылық ұлт өкілдері неліктен «орыс әлемі» үшін қаза болуы тиіс? — деген сауалды алға тартады «Еркін Бурятия» қорының президенті. – Осы сұраққа жауап іздеу мақсатында, жақында аталмыш қор Украинамен болып жатқан соғыс ксенофобиялық сипатқа ие екені туралы бейнежазба түсірген-ді. Мұндай бейнежазбаны түсіруге: Украин мемлекеттілігі де, украин тілі де жоқ (бұл орыс тілінің сәтсіз шыққан диалектісі дейді), ал украиндықтардың өздері – інілерінің қолын жарып шыққан, толық дамымаған адамдар деген тәрізді кең тараған риторика басты себеп болды.
Мұндай шовинистік риториканы жоқ жерден өздерін оппозиционерміз деп жариялап жүрген ресейліктер де айтып жүр. Сонымен, қазіргі таңда Украинаны жақтап қорғап жүрген Александр Невзоров – (Айтпақшы, Владимир Путиннің бұрынғы сенімді адамы) «Кімді зорлап жатқанына бас ауыртып, мән бермейтін бурят ротасын қанағаттандыру үшін Маша Захарова (Ресей Сыртқы істер министрлігінің өкілі. – Ред.) Украинаға баруы керек» деп мәлімдеді. Ал публицист Андрей Пионтковский Украина бұған төтеп бере алмаса, Милан мен Париждегі шопингке бурят пен шешен садистерінің баратынын баса айтты. Демек, мұндай жағдай орыс сарбаздары Украинада жануарларды құтқарып, гүл отырғызады дегенді білдіре ме? Алексей Навальный командасының өкілі Ольга Гусева тіпті ресей-украина арасындағы қақтығысқа – «мәселен, буряттардың» кім көрінген азғын сілімтіктері қатыстысады деп мәлімдеді. Расында, Невзоров пен Пионтковскийден айырмашылығы, Ольга Гусева мені дұрыс түсінбеді деп, көпшілік алдында кешірім сұраған болатын.
Алайда мұндай квазиоппозиционерлер бір жағдайды, атап айтқанда – барлығымыз ССРО құрамынан шыққанбыз, онда украиндықтар хохол, қазақтар – калбит, буряттар-налим деп аталғанын, ал бұл халықтардың тілдері ауылдық болып саналғанын ескермеді. Санадан тыс деңгейде агрессордың құрбанына айналған адамдар бұл елде өздерінің «ақ» болмағанын, олардың барлығына тән ортақ дерт: «ақ пәлте» киіп алып, кейін жалғыз біз ғана дұрыспыз, ал қалғандарының бәрі адамдық қасиет емес деп үнемі айтып жүретін адамдарға қарағанда, ашаршылық жылдарын бастан өткерген қазақтардың өздеріне анағұрлым жақынырақ екенін жақсы түсінеді.
Мұндай нәзік психологиялық сәт – тек аз ұл өкілдеріне ғана сенімді әрі түсінікті. Жақында мен бір украиндық бағдарламаға қатысқан болатынмын, бағдарлама соңында жүргізушіге алғысымды білдірдім де, онымен ана тілінде қоштастым. Ол өз кезегінде маған: «рақмет» сөзін бурят тілінде қалай айтуға болады деді? Тілдері ұзақ жылдар бойы жойылып келген екі халық өкілінің сол сәтте қандай күй кешкенін империялық тұрғыда ойлайтын орыстардың ешқашан түсіне алмасы анық.
Ресейді денацификациялау
Сәуір айында «Еркін Бурятия» қоры «Ресейді денацификациялау» жобасын бастады, іс-шара аясында қор адамдарды нәсілшілдік пен ксенофобияға қалай тап болғаны туралы өз оқиғаларын айтуға шақырды. Менің Instagram парақшамдағы аккаунтым көп жылдар бойы жабық болды, мен оны осы науқан үшін қайта ашқан кезде, бірнеше ондаған оқиғаларды ғана оқитын шығармын деп ойлаған болатынмын. Алайда бар-жоғы үш аптаның ішінде мұндай әңгімелердің саны жүзден асып жығылды. Бурят, қалмақ, ингуш, шешен, қазақ деп аталатын славян тобына жатпайтын ұлт өкілдері ғана емес, сондай-ақ орыстар да немістер де, еврейлер де, карелдіктер де, чуваштар да, комилер де жазды … Мәселен, удмурттардан мен оларды вотяк деп атайтынын білдім. Чукча халқы өздерінің беделін қаралайтын анекдоттарды еске алды. Кеңестік «халықтар достығы» туралы ақиқат міне осындай.
«Мен ұлтыма байланысты осындай жағдайларға үнемі жалғыз өзім ғана түсе беремін деп ойлайтынмын. Сіздің флешмобыңыздың арқасында мұндай құбылыстың менде емес, нәсілшілдердің бойында болғанын түсіндім», – деп жаза бастады көптеген адамдар. Кейбіреулер ана тілін білмейтіндерін өкінішпен мойындаса, ал өз тілін сақтай білген адамдар «Сен орыс емессің бе?» тәрізді акцентке байланысты жиі еститін тіркесті естеріне алды.
Біздің қор жүргізетін науқанның басты мақсаты – адамдарды орыс ұлты өкілімін тәрізді қалыптасқан қалыпты жағдайға ендіріп, өздерін бурят, авар немесе чукча ретінде сезіндіріп көру болатын. Ал империялық ойлаумен уланған орыстардың өздерін басқалардан артық емес, тең дәрежеде екенін түсінген-ді.
Айтпақшы, орыстардың өздері де ресей қоғамында қалыпты жағдайға айналған ксенофобиядан зардап шегуде. Қара нәсілді жігітке тұрмысқа шыққан бір орыс қызы баласына қатысты қолайсыз жағдайға тап болғанын жазған болатын. Оның бір құрбысы бірде: «Сен оның қара түсті екеніне үйреніп қалдың ба?» деп, тіпті анасы үшін қаншылықты қорлық екенін түсінбестен тосын сұрақты кесе көлденең қойып қалған.
Күйеулері Кавказ тумалары болып табылатын әйелдер, жұбайларын «Хачи»деп атаған кезде дірілдеп, қалшылдай бастаймыз дейді. Бірнеше жыл бұрын денсаулығына байланысты туа біткен проблемалары бар бурят баласын асырап алған мәскеулік Наталья Бурдинаның оқиғасы ерекше қызық. Наталья, сәтті дизайнер және екі ересек баланың анасы, бір кездері ауыр науқастан аман қалған жан. Мұндай сәтте ол алғыс айту мақсатында осы өмірде біреуге тағы бір мүмкіндік сыйлау үшін көмек қолын ұсынуды жөн көрді. Жеті жыл ішінде бала аурудан құлан таза айығып шықты, алайда Натальяға: «Балалар үйінде жөні түзу бала таба алмадың ба?» деген сауалды сан мәрте естуге тура келді.
– Сіз қазір Ресейде тұрып жатырсыз ба?
– Егер ол жерде тұрып жатқан болсам, мені баяғыда-ақ ұстап алар еді. «Еркін Бурятия» қорының командасы шетелде тұрады. Біз Ресейде үндемеуге мәжбүр болған Бурятия тұрғындарының үні саналамыз. Біздің «Буряттар соғысқа қарсы» атты алғашқы бейнежазбамыз соғыстың басында-ақ абсолютті экспромт болды және миллионға жуық оқырмандарын тапты. Біз жерлестерімізден хейт күткен едік, алайда олар бізге: «Ақыры, біз соғысқа қарсымыз деп біреуі айтты ғой!» деп жазған болатын.
Осы оқиғадан кейін біз әскери цензураның кесірінен адамдар ақпараттық вакуумда өмір сүріп жатқанын түсіндік. Әрбір нақты адамға мұндай құбылыс жалғыз болып көрінеді, ал өзге жағдайлардың барлығы соғыс үшін деген ұғымға сай келеді. «Мен сіздің блогыңызды оқып, жылап отырмын, – деп жазды маған бір әйел. Мұндай соғыс – біз сияқты шағын халық үшін ауыр соққы саналады, балалар нақақтан-нақақ қаза тауып жатыр, бірақ не істеу керек екенін білмеймін. Егер наразылыққа шықсам, мені түрмеге отырғызады» дейді.
Екінші және одан кейінгі бейнетүсірілмдер бірінен соң бірі пайда болды, өйткені шетелде тұратын қандастар біздің соғысқа қарсы науқанымызға қосылуға өте ынталы болды. Осы кезде бізге әскери қызметшілер мен олардың туыстары келісім-шартты қалай бұзуға болатынын сұрап хат жаза бастады. Біз шұғыл түрде заңгерлерді іздей бастадық. Осылайша «Буряттар соғысқа қарсы» бастамашыл тобынан «Еркін Бурятия» қоры дүниеге келді. Біздің жұмысымыздың негізгі үш бағыты – білім беру, талдау және заңгерлік көмек. Қазір біз психологтар тобын іздеп жатырмыз.
Біз қайтып оралған барлық келісімшарт қызметкерлеріне: «70 жастағы Владимир Путин ұзақ өмір сүруді жоспарлап отыр, ол өзін жақсы көреді, өзіңді шынымен де одан төменмін деп санайсың ба? –дейміз. Ал өзін орыс ұлтшылымын деп жүрген ол неліктен майданның алдыңғы шегінен көрінбейді?
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, Ресей армиясында Кремльдің үгіт-насихат тобы бастапқыда көзге елестеткендей, келісімшартты бұзғысы келетін әскери қызметшілердің аз емес екені белгілі. Келісімшарт қызметкерлері келісімшартты бұзу туралы баянаттарын қабылдамай, қылмыстық іс қозғап, әскери билетке «сатқындық, опасыздық жасауға, өтірік айтуға, алдауға бейім» мөрін басамыз деп қорқытып жатқаны жөнінде шағым жасауда. Келісім мерзімі аяқталған әскери қызметшілерді келісімшарт автоматты түрде ұзартылатыны деп жаңылыстыруға тырысып жатыр.
Тиімді күресу үшін мотивацияның қажет екені белгілі, ал кейбір сарбаздар тіпті не үшін шайқасып жатқанын түсінбейді. Өйткені, Владимир Путин 2015 жылы Донецк шахтерлерінің атын жамылып Украинаға бурят танкистерін жібере бастағанға дейін, украиндықтар мен буряттар арасында ешқандай проблема болмаған. Бір кездері этникалық бурят Юрий Ехануров Украинаның Премьері болғаны, ал бурят қызы Аюна Морозова осы елдің су добы бойынша ұлттық құрамасына енгені белгілі. 2022 жылдың наурызында ол Харьковты артилериямен атқылағаннан кейін үш сағат бойы үйінді астында жатты. Өмірімен арпалысып жатқан сәтте не ойлағанын спортшы қыз біздің соғысқа қарсы науқанымызда айтып берген болатын.
«Жабайы» халық саналатын буряттарға «Фриц» деген лақап аты бар Санкт-Петербург ұлтшылы Алексей Милчаковпен бір қатарда «орыс әлемі» үшін соғысуға негіз жоқ. Мен оны 2015 жылы журналист ретінде жолықтырған сәтте, ол маған егер Гитлер Кеңес Одағына шабуыл жасамағанда, ол тарихтағы ең жақсы билеуші болар еді деген уәжін айтқан еді.
Комментариев пока нет