Президент сайлауы, қаңтар оқиғасы, АЭС: Тоқаев сұхбатта не айтты?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беріп, түрлі тақырыптарға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі.
Тоқаев ең алдымен бәсекелі экономика жүйесі, монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау жұмыстары туралы атап өтті.
Мемлекет басшысы Қаңтар оқиғасына баға беріп, бұл жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруының «қорытындысы» екенін мәлімдеді.
– Мен бұл туралы көп ойландым, әлі де жиі ойланамын. Меніңше, қасіретті Қаңтар оқиғасына жылдар бойы қордаланған әлеуметтік-экономикалық проблемалар, жалпы тоқыраудың билік пен қоғамды аздырып-тоздыруы себеп болды. Бұл – айтпаса да түсінікті жайт. Мен 2019 жылы Президент болып сайланғаннан кейін мемлекетіміз саяси жүйені демократияландыруға, қоғамдық өмірге еркіндік сипат беруге, экономиканы монополиядан арылтуға бет бұрды. Реформаларды әзірлеуге және оны жүзеге асыруға қоғам өкілдері, белсенді азаматтар, сарапшылар қатысты. Түрлі диалог алаңдарында, соның ішінде, менің ұсынысыммен арнайы құрылған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырыстарында көптеген бастама көтеріліп, жан-жақты пысықталды. Ашығын айтсам, осы жаңа бағдарымыз кейбір ықпалды адамдарға мүлде ұнаған жоқ. Олар бұл өзгерісті елімізде әбден тамыр жайған жүйеге және билік құрылымындағы өздерінің «ерекше мәртебесіне» төнген қатер деп қабылдады. Мұндай адамдар елдегі өзгеріске астыртын, кейде тіпті ашық қарсылық білдіре бастады. Ақыр соңында реформаның бетін қайтарып, өздеріне ыңғайлы бұрынғы қалыпқа оралу үшін бәрін тас-талқан етуге шешім қабылдады. Жоғары лауазымды тұлғалардан тұратын бұл топтың күштік құрылымдарға да, қылмыс әлеміне де орасан зор ықпалы болды. Сондықтан билікті күшпен басып алуға бел буды. Тергеу мәліметтеріне жүгінсек, олар 2021 жылдың ортасына таман дайындыққа кіріскен. Сосын Үкімет сұйытылған газдың бағасын күрт өсіру туралы жан-жақты ойластырылмаған, құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Маңғыстау облысында арандатушылардың айтағына ілескен жұрт шеруге шықты.
Сол кезде Үкімет менің тапсырмаммен арнаулы комиссия құрды. Оның мүшелері қоғам өкілдерімен кездесіп, ортақ мәмілеге келу үшін бірден аймаққа барды. Бірақ наразылық шерулері экстремистік сипат алды. Оны қаскөйлер дереу өз мүддесіне пайдаланды. Бас прокуратураның тергеуінен қаңтар оқиғасының бірнеше толқынмен өрбігенін көруге болады.
Шерулер алдымен Маңғыстау облысында басталды. Көп ұзамай басқа да өңірлерге жайылды. Орталық билік және әкімдіктер жағдайды реттеуге тырысқанымен, ел ішіндегі ахуал шиеленісіп кетті. Ортақ мәмілеге келу үшін жүргізілген келіссөздер мен диалогке толқуды ұйымдастырушылар еш мойын бұрмады. Көптеген аймақта алғашқы қақтығыстар басталды. Мұның бәрі арнайы дайындалған жансыздары арқылы жағдайды одан әрі ушықтыруға тырысқан қаскөйлер үшін «іздегенге сұраған» болып шықты. Осындай аса күрделі жағдайдың өзінде құқық қорғау органдары күш қолданбай, сабыр сақтады. Бұл – екінші толқын.
Жетекшілері ымыраласқан топтың айтқанын екі етпейтін және лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы бар қылмыстық топтар өршелене іске кіріскенде үшінші толқын басталды. Олар арнаулы технологияны, арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластырды. Ұрып-соғу, қирату, өртеу, өзгенің мүлкін қасақана жою белең алды. Дүрбелең кезінде қарулы радикалдар мен лаңкестер бір мезетте, бір ғана бұйрықпен мемлекеттік органдардың және күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Мұндай оқиға Алматыда ғана емес, бірқатар облыс орталығында да болды. Қаңтар оқиғасы кезінде үш мыңнан астам қару қолды болғанын айта кеткен жөн. Оның ішінде автомат, пулемет, тіпті гранатомет және басқа да атыс құралдары бар. Оған қоса, көлік инфрақұрылымы және телекоммуникация нысандары шабуылға ұшырады. Қарақшылар мен лаңкестер өзара ұйымдасып, бір-бірімен тығыз байланыста әрекет жасағанын тағы да қайталап айтқым келеді, – деді Президент.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев президент лауазымына бір-ақ рет сайлану ережесі енді ешқашан өзгермейтінін айтты.
– Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ. Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген, – деді мемлекет басшысы.
Сұхбатта айтылған тағы бір маңызды мәселе – АЭС құрылысы. Тоқаевтың айтуынша, АЭС салу мәселесін халық шешеді.
– Қазақстан үшін таза атом энергиясының мәні зор. Бұл – ел экономикасының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіреміз. Сол себепті мен еліміздің аумағында АЭС салу жайына айрықша мән беремін. Түптеп келгенде, энергетика қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүдде емес, нақты қажеттілік пен мүмкіндіктер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіретін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күрделі жайттар бар. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпы-халықтық референдумға шығаруды ұсындым. Халқымыз үшін аса маңызды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жылғы сайлау алдындағы бағдарламамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді, – деді Тоқаев.
Фото: aqorda



Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.