English version

Ресейдің ерекше мәдениетін жақынырақ білу біз үшін маңызды – Тоқаев

Контекст дня — 8 ноября 2023 16:30
0 -1

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік «Известия» газетіне берген сұхбатында биыл ТМД аумағында орыс тілі жылы болып жарияланғанын және мұның символдық мәні зор екенін айтты, деп хабарлайды Exclusive.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастама көтерген кезде мен әлемдік тәжірибені де басшылыққа алдым. Кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылған. Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды. Биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды  бағыты болып қала береді, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл өтіп жатқан «Орыс маусымы» жобасы туралы да ақпарат берді.

– Өзара құрмет пен екі елдің мүддесіне сай келетін осынау игі дәстүр келешекте де жалғасады деп сенемін. Қазақ мәдениетін әлемге таныту, сонымен қатар Ресейдің өзіне тән ерекше мәдениетін жақынырақ білу біз үшін маңызды. Жалпы, ТМД ұйымының отыз жылдық қалыптасу кезеңінде мәдениетаралық диалог Достастық кеңістігіндегі мәдени және гуманитарлық ортақ құндылықтарды тарату ісінде маңызды рөл атқарғаны сөзсіз. Бұл бағытты ТМД-ның рухани бірлігінің арқауы, елдеріміз мен халықтарымыздың арасын жалғаған «алтын көпір» деп санаймын, – деді президент.

Фото: aqorda


Поделиться публикацией
Комментариев пока нет

Все комментарии проходят предварительную модерацию редакцией и появляются не сразу.