Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің екінші сайлауынан кейінгі бірер ой - Exclusive
Поддержать

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің екінші сайлауынан кейінгі бірер ой

Алдағы жеті жылға ҚР Президенті болып қайта сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы көп күттірген жоқ: араға бір апта салып, 26 қарашада өткізілді.

Тәуелсіз бақылаушылардың пайымынша, электорат тарапынан Тоқаевқа көрсетілген 81,31% деңгейіндегі қолдаудың артында, ең алдымен, жаңа реформаларға деген үлкен үміт жатса керек.

Өз кезегінде, отандық сарапшылар 2022 жылдың 20 қарашасында өткен кезектен тыс Президент сайлауына сыни пікір танытып, алдағы жеті жылға белгіленген экономикалық және саяси реформаларға күмәнмен қарайтындарын жасырмайды.

Жаңа Президентке құлаққағыс…

Экономист, іскерлік әкімшілік докторы Ерлан Ибрагимнің пікірінше, билік тарапынан жария етілген «Жаңа Қазақстан» идеясы президенттің кезектен тыс сайлауынан кейін бос сөз, демагогия түрінде қала береді деген күдік күн өткен сайын өзектеле түскен секілді.

«Ойламаған жерден кезектен тыс сайлау белгіленіп, үміткерлер «тағайындалады» – ал олардың арасында соңынан ел еріп, сөзін тыңдайды дейтін бір адам жоқ. Әрине, дауыс беру бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген тармақшаның енгізілуі көңілден шықты, келісемін. Желіде бұл тұрғыда көптеген әзіл-оспақ та тарап кетті, мәселен, «сайлау қорытындысы бойынша екінші орынға шыққан «Бәріне қарсы» үміткер премьер-министр лауазымына лайық» деген сияқты. Ал «тағайындалған» үміткерлер 2%-дың о жақ, бұ жағында дауыс жинайтынына ешкім күмән келтірген жоқ, былайша айтқанда, олар «екінші орын» көрсеткішінің жартысына да жете алмады», — дейді сарапшы.

Ерлан Ибрагим, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында сайлауға қатысқандар саны өте аз болғанын еске салады. Оның айтуынша, бұл «азаматтық қоғам билікке сенбейді» дегеннің анық көрінісі, яғни жаңадан сайланған Президентке өзіндік құлаққағыс.

«Бүгінгі әлем қарқындап, жедел өзгеруде. Біздің билік кешегі күні «түбегейлі өзгеріс» деп суреттеген ұстанымдар, бүгінде «косметикалық шаралар» деңгейіне де жете қоймайды. Өз басым дауыс беруге барған жоқпын, өйткені бұл арадан ешқандай мән-мағына көріп, тани алмадым. Мемлекет басшысы өзгергенімен, билік бәрібір өзгерген жоқ. Әрине, мемлекет басшысына айтар тілек, пікір-ой аз емес, бірақ сол түйткілді билік басына жеткізудегі нақты жолдар мен механизмдерді мен әзірше көре алмадым», — деп түсіндіреді өз таңдауын Ерлан Ибрагим.

Жеті жылға бір уәде аздық етеді…

Ал экономист, қаржыгер Мұрат Темірхановтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі бірінші сайлауынан бүгінгі күнге дейінгі кезеңде ел ішінде экономикалық та, саяси тұрғыда да түбегейлі өзгеріс, шынайы реформа әзірше байқала қойған жоқ. Ендігі үміт алдағы жеті жылда: бірақ біз «Жаңа Қазақстанды» осы жеті жылда құрып, бекітуге дайынбыз ба?

«Елдегі нақты реформаларға келсек, бәрі Президенттің инаугурациясынан кейінгі және парламенттік сайлауға дейінгі кезеңде белгілі болады деп ойлаймын. Егер қазір Мемлекет басшысы өз төңірегіне экономикаға қатысты тың идеялары бар жаңа адамдарды жинап, елімізде экономикалық дамудың түбегейлі жаңа тәсілдерін жариялап жатса, онда біз өтпелі кезеңнен дұрыс өте аламыз деген үміт бар. Бірақ оның айналасындағылар ашық айтқан пікір-ойдан түсінгеніміз – елде бұрынғы экономикалық жүйе сол қалпында сақталмақ. Бір ғана өзгеріс мүмкіндігі уәде етілді: ресурстарды неғұрлым әділ етіп бөлу тұрғысында, бірақ бұл жеткіліксіз. Еер алдағы 2-3 айда біз экономикада жаңа өзгеріс, ұсыныс көре алмасақ, онда біз кешегі Назарбаев тұсындағы жағдайға қайта ораламыз.

Бүгінгі таңда біздің елде мемлекеттік-олигархиялық капитализм қалыптасқан, ол Ұлттық қорда жинақталған мұнайдан түскен доллар есебінен мемлекеттің экономикаға орасан зор ықпалы түрінде көрініс беруде. Яғни, әкімшілік-әміршілік экономикалық жүйе елдегі нарықтық экономиканы әбден басып-жаншып тастаған. Анығын айтқанда, қазір бізде дамыған елдердегідей шынайы нарықтық экономика жоқ. Ал бұл ел дамуына салмақ түсіріп отырған тежеуші күштің бірі. Өкінішке қарай, мен Президенттің сайлауалды бағдарламасынан да, соңғы Жолдауынан да – экономикалық ескі жүйеден жаңа жүйеге көшу жолдарын анық көре алмадым. Бәлкім, бұл – өтпелі кезеңде мұндай реформалар халық тарапынан қолдау таппайды, мұндай өзгерістер бензин, газ электр қуатының қымбаттауына және мемлекеттік секторда жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп соғады деген көзқарастан да туындаған болар», — деп пайымдайды сарапшы.

Мұрат Темірхановтың айтуынша, Президент Тоқаевтың 2020 жылдың қаңтарында жасаған жаңа экономикалық саясат туралы баяндамасын нағыз реформаторлық ұсыныс деп сипаттауға болады.

«Кейін жаңа экономикалық саясат туралы бәріміз сол қалпы ұмытып кеттік, әрине, бұл арада коронавирус күйзелісі де септік етпей қойған жоқ. Ал түбегейлі экономикалық реформалар жүргізуге «Қасіретті қаңтар» оқиғасына дейін «Назарбаевтың көлеңкесі» кедергі болғаны анық. «Қаңтардан» кейін Президент жаңа экономикалық саясат туралы қайтадан айта бастады, қоғам да жаңа реформаларға үміт артып, зарыға күтті. Алайда, үкіметтің жазда жария етілген орта мерзімдік экономикалық саясат туралы жобасынан да, Президенттің қыркүйектегі жолдауынан да, мен экономикалық саясатқа қатысты қандай да бір жаңа өзгеріс нышанын байқай қоймадым. Әдетте біз мемлекеттің экономикаға араласуын азайту керек дегенді жиі айтамыз, бірақ іс жүзінде бәрін керісінше жасаймыз, шағын және орта бизнестің үлесін ұлғайтуды жақтаймыз да, жалған цифрларды жазып көрсетеміз, ал ауыл шаруашылығындағы реформалар субсидияларды қайта бөлуден әрі аспайды», — дейді сарапшы.

Саяси реформалар төңірегінде Мұрат Темірханов, бәрі де парламент сайлауына келіп тіреледі дегенді айтады.

«Егер Мәжіліске шын мәнінде оппозициялық партиялар өте алмаса («Ақ жол», «Халықтық» сынды партияларды есепке алмаймыз), онда саяси жағдайдан да өзгеріс күтудің қажеті жоқ. Бұл арадағы тағы бір түйінді мәселе – бүгінгі таңда біздегі жаңа да ескі саяси партиялардың ешқайсысында нарықтық реформалар бойынша шынайы экономикалық бағдарлама жоқ. Олар, әншейін, экономикалық популизмнен әрі аспайды, яғни Ұлттық қордағы қаражат пен «Самұрық-Қазына» акцияларын таратып беру, жалақыны көтеру деген сияқты. Ал бізде алдымен шынайы нарықтық экономика іске қосылып, орта тап бой түзеуі тиіс, кәсіпкерлік деңгейі артуы тиіс, басқа жол жоқ бізде. Бұл тұрғыда, тіпті, мейлінше күрделі, ауыр реформалар түріндегі радикалды шешімдер де қажет болуы мүмкін. Мысалға, бүгін күн тәртібіне шыққан энергетика саласын алайық – ондағы қордаланған мәселелер неден туындап отыр? Мемлекеттің тарифтерді тежеп ұстау деген саясатынан, ал бұл салаға қазір инвестиция өте қажет. Тағы бір мысал – қазір «ҚазМұнайГаз» ІРО-ға шығып жатыр, бірақ мемлекет осы компанияның кіріс пайдасы есебінен ішкі нарықтағы бензин бағасын тежеп ұстауды әрі қарай жалғастыруда. Егер таяу арада біз Президент тарапынан экономиканы дамытудың түбегейлі жаңа тәсілдері туралы ести алмасақ, ел ішінде нақты саяси бәсекелестік болмайтын болса, онда алдағы жеті жылда біз «баяғы жартас, бір жартас» деңгейінде қала бермекпіз», — дейді сарапшы Мұрат Темірханов.

Өз кезегінде экономист Ерлан Ибрагим, алдағы жеті жылда ел ішінде шынайы реформаларды жүзеге асыру мүмкіндігіне күмәнмен қарайтынын жасырмайды.

«Жария етілген өзгерістер тек номиналды сипатта ғана. Саясат былай тұрсын, экономикада да түбегейлі өзгерістер байқала қойған жоқ. Әрине, шикізаттың тиімді бағасы түріндегі қолайлы экономикалық жағдай мен ойламаған жерден мүмкін болған РФ бағытындағы экспорттық транзит әлеуеті біздің билікке бюджет саясатын ойдағыдай қалыптастыруға жол ашады. Бірақ бұл біздің 30 жыл бойғы болмысымыз. Жемқорлыққа бой берген күш құрылымдары аясында ұлт байлығын жөн-жосықсыз сатудың бұлыңғыр жолдарына қайта түспесек деген алаңдаушылық мол. Елімізде бұл кеселді ауыздықтап, алдын алуға бағытталған нақты шаралардың болмауы – жағымды болжам мүмкіндігін үмітсіз етеді», — дейді ол.

Мирасқор мәселесі қаншалықты өзекті?

Ал Applied economics research center (AERC) бас директоры Жәнібек Айғазиннің айтуынша, жекелеген қалаларда Президент сайлауына сайлаушылардың немқұрайлық танытуы – халықтың саяси процестерге қатысудағы нақты көрсеткіші болса керек.

«Бұдан біз 1995 жылдан бері сайлауға қатысушылар көрсеткішінің нақты деңгейін алғаш рет көре алдық. Бәлкім, билік қоғамның сұранысын қанағаттандырып, азаматтық қоғам институттарын өзгерту туралы өтінішіне де ден қояр. Бұл арада, мәселе, ең алдымен, непотизм және клептократия жүйелерін меритократия принциптерімен (лайықтылар билігі) алмастыру дегенге келіп тіреледі.

Өкінішке қарай, біздің елде ескі жүйеден қалған шенеуніктердің орнын басатын жаңа тұлғалар сол қалпы қалыптаса қойған жоқ. 30 жыл бойы бізді марксизм-ленинизм диалектикасына сай тәрбиелеп келді, яғни алдымен экономика, тек содан кейін ғана саясат деген тұрғыда. Сөйтсек, саясат пен экономика қатар жүріп, дамитын процесс болып шықты, біз бұған енді ғана мән бере бастадық. Саяси жүйені жаңартпай, «шаруашылық механизмін» ретке келтіру мүмкін емес.

«Қаңтар» оқиғасынан кейін қоғамның реформаларға деген сұранысы әлі де қанағаттандырусыз қалып отыр, әрине, бұл көңілде күдік ұялатар жағдай. Ал билік болса Даннинг-Крюгер тұзағына өзі келіп түскендей, яғни тым сауатты жандар щешім шығарып, бірдеңе жасауға жүрексінеді, ал «аса білікті емес» дейтін жастар жағы ештеңеден қорықпайды, өйткені олар аға ұрпақтан қалған білім жүгін толыққанды сезіне қоймады. Бұдан шығатын қорытынды – бізде болашақ ел басқарушылар шоғыры әлі де қалыптасып, бой түзеген жоқ», – дейді сарапшы.

Сол себепті де, деп есептейді Жәнібек Айғазин, дәл қазір билік те, қоғам да мирасқор іздеп, сенделгеннен гөрі, менеджерлердің жаңа буынын дайындап, тәрбиелеуге көңіл бөлгендері жөн. Кім білсін, ертеңгі күні келесі Президент дәл осы ортадан шығып қалар?

Ал экономист Ерлан Ибрагим болса, мирасқор мәселесінде Украинаның тәжірибесін еске алады. Оның пікірінше, мемлекет басқаратын тұлға тұла бойы функционер емес, жемқорлыққа қарсы тұра алар қауқары бар, сауатты патриот болуы тиіс.

«Әрине, біздің елде ел басқару әлеуеті мол, лайықты тұлғалар жоқ емес, бірақ Қазақстан бұрынғысынша билікті бір қолға шоғырландыру жолымен жүретін болса, онда біз қайтымсыз тоқырауға қайта енеміз деген сөз, мұны біз қазір көрші Ресейдегі жағдайдан анық көріп отырмыз», – дейді ол.

Айта кетейік, 26 қарашада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент Сенатының сайлауын 2023 жылғы 14 қаңтарға тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.

Ал Мәжіліс сайлауы 2023 жылдың бірінші жарты жылдығында өтеді деп жоспарланған.

https://t.me/kzexclusive
https://t.me/kzexclusive

Алима Амантай




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.