Қазақстандықтардың қала өмірін жақсарту мақсатында өз қаражаты болады - Exclusive
Поддержать

Қазақстандықтардың қала өмірін жақсарту мақсатында өз қаражаты болады

Социологиялық сауалнамаларға сүйенсек, қазақстандықтардың кем дегенде 80%-ы қалалық өмірді жақсартудың қажеттілігі туралы ойлайтын көрінеді.  Алайда, әр жолы ақшаның жетіспеушілігі тәрізді мәселенің туындайтыны тағы бар. Қаланы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастыру, жаңа ойын алаңдарын құру, веложолдар салу және өзге де қоғамдық жобалар үшін қарапайым азаматтардың қалтасы көтере бермейтін орасан зор ақша қаражаты қажет етілетіні белгілі. Ендігі жерде мұндай үлкен соманы халықтың өзі қатысатын бюджет аясынан алуға мүмкіндік туып отыр.

Қазақстандық қоғам тәуелсіздік алған күннен бастап бүгінгі күнге дейін қай жағынан алсақ та шын мәніндегі демократиялық өзін-өзі басқаратын институтқа айналу үшін ұмтылыс жасауда. Бұл дегеніңіз ел тұрғындары проблемаларды талқылап, биліктің жалғыз ынта-еркіне ғана емес, сондай-ақ өз әрекеттеріне де сүйене отырып, жағдайды жақсарту мақсатында өз бетінше шешім қабылдай алады деген сөз. Өзін-өзі басқарудың пайда болу және таралу процесі әрқашан ұзақ келетіні белгілі, дейтұрғанмен қашан да бір нәрседен бастаудың қажеттілігі үнемі сезіліп тұрады. Әлеуметтанушылардың соңғы деректері бойынша Қазақстанда ел тұрғындарының шамамен 50%-ы пассивті түрде (бастамаларға дауыс беру, достарымен ақпарат алмасу) және 35%-ы белсенді түрде (проблемалар туралы айту, ұсыныс жасау) қатыса отырып, қаланы көркейтуге дайын екенін айтып отыр. Ал шын мәнінде мәселелерді талқылауға және шешуге дайын адамдардың пайызы онша көп болмаса да, мұндай үрдіс жыл өткен сайын артып келеді, алайда мұның қаражатты талап ететінін біз жақсы білеміз.

Алғашқы көмек көрсету бастамалары

Қазақстандық қала белсенділерін ақшалай төлемдермен қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы бастамалардың бірі 2010 жылы пайда болды. Акция «Туған жер – Туған қалалар» деп аталды, аталмыш акцияны минералды ресурстарды өндіру және өңдеу жөніндегі Еуразиялық компаниялар тобы (ERG) іске қосқан болатын. 2017 жылға дейін мұндай компаниялар тобы индустриялық өнеркәсіптің орналасқан жердегі қала өмірін жақсарту үшін өз кірістерінен  шамамен 194 млрд.теңгеге жуық қаражат бөлген болатын.

ERG акция аясында өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, спорттық-мәдени кешендерді жақсартуға, төрт бағыт бойынша әлеуметтік тепе-теңдік орнатуға көмек қолын ұсынды. Мәселен, Қостанай облысының Лисаковск қаласындағы іргелес аумақтарды абаттандырды, Арқалық қаласындағы қалалық стадионды жөндеді, Рудныйдағы балабақшаларға, шаңғы және туристік базаларға, спорт клубтарына, жедел жәрдем көліктеріне демеушілік жасады. Павлодарда жаңа трамвай көлігін сатып алып берді, оқушыларға арналған обсерватория мен мүгедек балаларға арналған балабақша ашты, мәдениет және демалыс саябағын, жағалауды қалпына келтірді. Қарағандыда футбол клубына қолдау көрсетіп, «Мәңгілік алау» алаңының аумағын абаттандырды, қазандық орнатты, су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетті. Ақтөбеде жастардың шығармашылық сарайын салып, теннис орталығына қолдау көрсетті, Хромтауды жылумен, сумен қамтамасыз етті. Ең бастысы, олар мұндай әрекеттерді тұрғындардың өтініші бойынша жүзеге асырды. Компаниялар ақшаны өздері қалаған жерге емес, халық айтқан жобаларға салды.

2017 жылы Еуразиялық топ инвестициялық жобалар аясында төрт облыстың әкімдіктерімен тікелей ынтымақтастық орната бастады. Меморандумдарға қол қойды, меморандум аясында неғұрлым ресми, заңды деңгейде тұрғындардың өтініштерін қадағалап, көмек көрсету мақсатында қаражат бөле бастады. 2017 жылы тұрғындарға 7 млрд. теңге, 2018 жылы – 8,6 млрд., 2019 жылы – 9 млрд. бөлді. Осы жылдар ішінде қолдау, көмек көрсету негізінен білім беру ұйымдарымен тығыз байланысты болды, соның арқасында шамамен алғанда 175 мектеп өздерінің білім беру  жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алды.

Ашықтық әрекеттерін жақсарту

Алайда бір мәселенің шешімі әлі күнге дейін табылмай отыр. Жобаларды қаржыландыруға қаражат тұрғындардың өтініші бойынша бөлінгенімен, іс жүзінде бұл ашық түрде жасалмаған болып шықты. Инвестицияны кімге беру туралы түпкілікті шешімді компаниялардың қызметкерлері өздері қабылдайтын болып шықты. Ал азаматтық қоғамның қарқынды түрде дамып, ашықтықты қалайтыны белгілі. Содан кейін ERG қалаларға көмек көрсету тәсілін өзгертуге шешім қабылдады. Сонымен қатар төрт облыстың көмегімен әлеуметтік жобалар байқауының үлгісін әзірлеуге кірісе бастады. 2017 жылдан бастап Еуразиялық топ мұндай шараны инноваторлар форумы аясында жүзеге асырса, 2019 жылы «ERG City» деп аталатын пилоттық режимде өткізді.

Пилоттық бағдарлама аясында қалалық жобалардың идеяларын өз қалаларына өзгеріс  жасағысы келетін ERG қызметкерлері, атап айтқанда инженерлер, экономистер, бухгалтерлер және т.б. ұсынды. Байқаудың түпкілікті мақсаттарының бірі, жобаларды тікелей жүзеге асырумен қатар, қазақстандықтарға проблемалар туралы айтудан, идеялар ұсынудан және жаңа бастамалар жасаудан қалайша қорықпау керек екенін жеке тәжірибелерімен көрсету болды. Одан кейін Ақтөбе қаласындағы арқан саябағы, Рудныйдағы жылы аялдамалар, Арқалық қаласындағы естелік ескерткішті қайта жаңғырту, Ақжар-2 ауылдық округіндегі күрес спорт мектебі, Хромтаудағы ашық аспан астындағы коворкинг жобалары бойынша жарыс жеңімпазы атанды. Павлодар қаласындағы мүгедектерге арналған клуб үйіне арнайы тренажерлар сатып алу және Ақсу саябағында дәретханалар орнату тәрізді жұмыстарды іске асырды. Әр идеяға 10 млн. теңгеге жуық қаржы бөлінді және мұндай бастамалар іске асырылды.

Идеяларды жалпықазақстандық деңгейге көтеру

2020 жылы Қазақстан үкіметі қала тұрғындарының өздері қала өмірін жақсарту жобасын жасау идеясын қолға алды. Содан кейін инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан урбанистер қауымдастығы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын әзірлеп шықты.

Маңызды деген шешімдерді талқылауға мүдделі азаматтардың өздері  қатысуы керек.  Әр мәселе жіті қаралуы тиіс. Белгілі бір аймақ тұрғындарының мемлекеттік шығындарға қатысты пікірін ескеру үшін халық қатысатын бюджеттің жобасы іске асырылатын болады,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың қаңтарында аталған жобаның өмірге келуін жариялай отырып.

Бағдарлама алғаш рет Алматы қаласының сегіз ауданында және елорданың «Сарыарқа» ауданында жүзеге асырылды. Ендігі жерде қаражат бөлу мәселесі краудсорсинг пен грант беру әдістерін біріктіру негізінде жасалды. Өзгерістерді қалайтын белсенділер жобаның маңыздылығы мен оның болжамды құны туралы ақпаратты толтырып, арнайы сайтқа өтініш бере алатын болды, ал өзге тұрғындар ұсынылған идеяға дауыс беруге мүмкіндік алды. Байқау ережелеріне сай келетін, комиссия мақұлдаған және ең көп дауыс жинаған ұсыныстар іске асырыла бастады. 2020 жылы қала өмірінің сапасын жақсартқысы келетін тұрғындардың идеяларын жүзеге асыруға шамамен 1,5 млрд. теңге бөлінді (бөлінетін қаржының ең төменгі шегі 1% мөлшерінде белгіленген болатын). Заңға сәйкес, халық қатысатын бюджет аясында аумақты абаттандыру,  жаяужолдарды ретке келтіру, жаяужолдарды жөндеу, пандустар орнату, көшені жарықтандыру, қырланған кеспе тастар төселген көшелерді жөндеу, қоқыс жәшіктерін, балалар және спорт алаңдарына арналған жабдықтарды жөндеу тәрізді жобаларды іске асыруға болады.

Бұл ретте Еуразиялық топ өзінің «Берекелі Бастама/Қалалық бастама» жобасын жүзеге асыра бастады. Басты идея – идеяларды жариялау және сайтта дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын «қоғамдық жанашырлық» байқауын құру болатын. Мұндай байқау 2020 жылы Хромтау қаласында (Ақтөбе облысы) жүзеге асырылды. Содан кейін қала әкімдігі мен ERG жалпы сомасы 50 млн. теңге қаржы бөлген болатын. Осылайша, түпкі ойлары ұқсас параллельді екі бастама пайда болды.

2021 жылдың қыркүйегінде Қазақстан үкіметі халық қатысатын бюджет бағдарламасын кеңейтті. Табысқа көзіне айналған әрі үлкен қызығушылық тудырған байқауға ең төменгі ақша үлесін қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшін қалалық бюджеттің 10%- на дейін ұлғайтуға шешім қабылдады. Жобаның ең жоғарғы құны 10 000 АЕК-ке дейін шектелді, ал республикалық және облыстық маңызы бар ірі қалалар бағдарламаға қатысушылар санатына жатқызылды. ERG-мен уағдаластық бойынша ыңғайлы байланыс жасау және бытыраңқылықты  азайту үшін атауы «Берекелі Бастама» деп аталатын сайт жасады (бұрын ақпарат әкімдіктердің сайттарында орналастырылатын, қазір бірыңғай портал пайда болды). Алдағы уақытта ұсыныстарды шектеулі уақыт кезеңінен гөрі, жыл бойы  қабылдау жоспарлануда.

Еуразиялық топ бағдарламасының атауы «Tugan Qala / Туған қала» деп өзгертілді (бәлкім, осылайша олардың алғашқы бастамаларына құрмет көрсетілген болар). Аталған бағдарлама биыл Хромтау (бюджет – 80 млн. теңге), Ақсу (100 млн. теңге), Рудный (120 млн. теңге), Қашар (35 млн.) және Октябрь (25 млн.) қалаларында жүзеге асырылуда. Бір жобаның жоғары құны – 8 миллион теңге. Ұсынылған идеяларға дауыс беру аяқталуда.

Байқауларға қатысқысы және өздері тұрып жатқан қалалардың өміріне ықпал  еткісі келетін тұрғындарға көмектесу үшін идеядан бастап жобаны жүзеге асыруға дейінгі барлық үрдістерді егжей-тегжейлі сипаттайтын «Халық қатысатын бюджет» атты қажетті анықтама кітабы және «ҚАДАМ» белсенді қала тұрғындарының мектебі жұмыс істейді.

Максим Елизаров




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.