Қоғамда интеллектуалды журналистика алға шығуы керек – Қали Сәрсенбай - Exclusive
Поддержать

Қоғамда интеллектуалды журналистика алға шығуы керек – Қали Сәрсенбай

Орыстарда мынандай мақал бар: «Мал золотник, да дорог». Шындығында, бұл мақал дұрыс. Мысалы, Қазақ ПЕН клубы ежелден элиталық жазушылар ұйымы болып саналады. Оның тек 60 мүшесі болса да әрбіреуі талант, тұлға! Бірі бірінен өтерлік.

Биылғы жылы ғана осы шағын, бірақ салмақты ұйымда Қазақ ПЕН клубының келесі мүшелері – прозаик және драматург Дулат Исабеков «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен – Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен, философ және әдебиет сыншысы Мұрат Әуезов «Отан» орденімен, прозашы Мереке Құлкенов бірінші дәрежелі «Барыс» орденімен, ақын Өтеген Оралбаев екінші дәрежелі «Барыс» орденімен, ақын Раушан Бүркітбаева «Парасат» орденімен марапатталды. Ал прозашы Тұрысбек Сәукетаев «Желқайық» романы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Сонымен қатар жақында Қазақ ПЕН клубының мүшесі, белгілі қаламгер, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай журналистерге арналған «Үркер» республикалық ұлттық сыйлығының лауреаты атанды. Осы үлкен марапатқа байланысты Қали Сәрсенбайдан сұхбат алдым.

– Қали, марапатқа байланысты құттықтауымды қабыл ал! Осы байқау туралы айтыңызшы, бәсекелестік қаншалықты күшті болды?

– Журналистикаға арналған «Үркер» ұлттық сыйлығы конкурсы алты жылдан бері өтіп келе жатыр. Конкурсқа қатысушылар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Естуімше биыл 500-ден астам жұмыс қабылданыпты. Бұл әрине аталған байқаудың қоғамда үлкен беделге ие бола бастағанының белгісі. Биылғы байқауда өте тартысты өтті. Бұл байқаудың бір атап өтер ерекшелігі А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналды.Соның ішінде 15-ке жуық номинация сарапқа түсті. Байқау жеке тұлғаларға арналған арнайы жүлде де белгіледі. Соның бірі ұлт баспасөзінің мэтрі Шерхан Мұртаза атындағы сыйлық маған бұйырды. Жалпы бұл байқауға қатысып, соңғы мәреге жеткендердің бәріне шын жүйрік, нағыз өз ісінің кәсіби шебері деп қарау керек.

Мен осы уақытқа дейін журналистика саласындағы байқауларға қатысқан жоқпын. Ал енді бұл сыйлыққа байланысты мынадай ой туындап отыр. Өзіңіз білесіз, әдебиет, өнер саласында екі жылда бір рет берілетін Мемлекеттік сыйлық бар (журналистикаға берілмейді). Ал енді сол сыйлықты күтіп отыру керек пе? Сондықтан журналистикада осындай сыйлықтарды, марапаттарды көбейту керек. Мәселен, Ресейде басқа да өркениетті елдерде беделді сыйлықтар көп және қаржысы да қомақты. Бұл бір жағы талантты, еңбекті бағалау әрі ынталандыру. Тәуелсіз сыйлықтарды көбейтсе шығармашылық бәсеке де артады. Талғам, талап күшейеді. Ұлттық, классикалық журналистиканың абыройы да артады. Осы тұрғыдан келгенде Үркер ұлттық сыйлығын Оскар деңгейіне көтеру керек

– Жалпы журналистке ресми атақтың керегі бар ма?

– Атақсыз да атақты, сыйлықсыз да сыйлы болуға болады. Мысалы кезінде Н.Муфтах, М.Исаев, Ж.Сабыржан, М.Қабанбай деген ғажап журналистер болды. Соларды ешкім де бәленбай сыйлықтың иесі деп атап отырмайды. Халық олардың атын біледі. Толстой да, Достоевскийде қандай атақ бар? Хэмингуэйді Нобель сыйлығының лауреаты демейді. Тек ресми жиындарда болмаса. Жеті роман жазған адам әрі беріден соң ол атақты аламын деп ойлаған да жоқ. Күн көріс үшін жаза салған, ақша керек болды. Ол онсыз да оған дейін де атақты адам болған. Өзіңіз білесіз, үш рет соғысқа қатысқан. Партизан отрядын басқарған. Екі рет ұшақ апатына түсіп, аман қалған.
Маған берілген сыйлықтың иесі Шерхан Мұртазаны алайық. Таяуда Таразда 90 жылдығы өтті. Бір адам, тіпті ресми адамдарда оның атағын айтқан жоқ. Тіпті Шерхан Мұртаза демеді. Жас та, кәрі де Шераға деді. Аға дегеннен артық атақ, титул болмайды. Бұл ілтипаттың ең жоғары түрі, көрінісі. Мысалы тарихта Қалибек Қуанышбаев – Қаллекей, Серәлі Қожамқұлов – Сераға, Елубай Өмірзақов – Елаға, Әбдіжәміл Нұрпейісов – Әбе деген атпен қалды. Олардың өмірден озған соң да артында атағы емес, аты қалды.

– Журналистиканың ардагері ретінде бүгінгі журналистика туралы өз пікіріңізді айтыңызшы? «Жаңа» журналистикаға не жетіспейді?

– Әрине, қазіргі замануи технологиялар заманында журналистика өте шапшаң дамып кетті. Оған сөз жоқ. Ал енді таза шығармашылық, сапалық тұрғыдан келгенде ойландыратын мәселе көп. Бір қарағанда осынау азапты өнердің жүгі жеңілдеп кетті. Интернетке «құдайдай» сеніп алдық.
Интернет үлкен, іргелі, өзіндік ізденісті шектейді. Себебі әріптестер көбіне соған сеніп, соның сөзіне имандай иланады. Бұл ретте білімі терең, озық ойлы, әбден қалыптасып, тіс қаққан журналистер болмаса, енді бастаған журналистер тек интернетке ғана сеніп өз бойындағы енді бүршік жарып келе жатқан мүмкіндігінен, қабілетінен айырылып қалады. Осыдан барып адамның бойында оқу тоқтайды. Оқу тоқтаған жерде ой тоқырайды. Оқымаған соң кімнің кім екенін, тұлғаларды, бардың бағасын, жоқтың қадірін білмейді. Бұл ретте журналистика факультеттерінің жұмысын сараптан өткізу керек, оқыту методикасын ұлттық бағытқа бұру керек. Ол үшін ең алдымен ұлттық, классикалық, дәстүрлі журналистиканың постулаттарын-қағидаларын, кешегі Алаш көсемдерінің ұстанымын басшылыққа алып, журналистиканың бүгінгі тәсілдерімен шебер ұштастыра білу керек. Бұрынғы журналистиканың басты ерекшелігі осында еді. Қазіргі қоғамда баспасөзбен бәрі де санасады. Әрине ол мықты болса ғана. Сондықтан қоғамда интеллектуалды журналистика алға шығуы керек. Қазіргі уақыттың талабы басқа. Қасым-Жомарт Тоқаев бір сөзінде: «Демократияның басты жауы – білімсіздік пен популизм» деп еді. Демек, популистік көзқарас, дилетанттық біліммен алысқа бармайсың, ешкімді алдай алмайсың. Өйткені оқырманның деңгейі өсіп кеткені сонша, олардың өзі де жаза бастады. Демек олар қазіргі журналистиканың деңгейіне қанағаттанбайды деген сөз. Мәселен сіздің біреуді қаралап жазған дүниеңіздің оқырманға түкке де керегі жоқ. Ол оны сізден де жақсы біледі. Сондықтан оқырманға өзі білетін нәрседен гөрі, ойлы, терең дүние, терең білімге негізделген аналитикалық ақпараттар керек. Демек нағыз журналист ешқашан оқырманның деңгейіне түспейді. Олай болмаса баспасөз бөспесөзге айнала береді. Қысқасы жастарды интеллектуалды журналистика жолына түсуге бейімдеу керек. Мұндай жолға ұмтылмаған журналистер арзан атаққа бейімделіп, «жұлдыз» болуды ғана ойлайды. Жалпы кейінгі кезде журналисткаға осындай мақсатпен бет бұратындардың да бар екенін жасыруға болмайды.

– «Сыйлықсыз да сыйлы болуға болады» деген сөзің ұнады.

– Жалпы мынадай бір қызық дерек бар. Стимул деген ұғым латын тілінен аударғанда ынталандыру емес, ызаландыру деген мағына береді екен. Испандықтардың коррида деген ұлттық ойыны бар. Стимул сондағы бұқаның шабын түртетін таяқтың атауы екен. Бұл жерде атақ адамды тек азапқа салады деген де ой түюге болады. Жалпы танымал адамдардың бәріне тұлға деп, атақты деп қарауға болмайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, егер сіз танымал адам болсаңыз атаққа бас ауыртып қайтесіз. Керісінше танымал емес адамдарда атақ бар. Бірақ ол бәрібір атақты емес. Парадокс қой.

– Бүгінгі журналист қандай қиындықтарға тап болып жүр? Жас әріптестеріңізге не тілейсіз?

– Баспасөздің қолында өзгеде бола бермейтін қуатты күш бар. Ол күш – сөз және қалам. Журналист егер ойы озық, білімі жеткілікті, парасат пайымы биік болса, кез келген жоғары лауазымды билік өкілін, тіпті президентті де сынай алады.

Журналист нағыз қасапшы (жақсы мағынасында), өз ісінің шебері болу керек. Білімсіз, ойсыз журналист не болса соған таң қалып, әуесқойлық, блогерлік деңгейінде қалып қояды. Өкінішке орай қазіргі журналистерді блогерлер деп қабылдау өріс алып барады. Олардың көбісі рухани қалдықпен өмір сүретін дилетант, маргиналдар. Журналистиканы өнер биігіне шығаратын шын мәніндегі журналистің одан артықшылығы – жазуынан, ойлау деңгейінен жоғары кәсіби деңгейі аңғарылып, зиялылық, мәдениеттің лебі есіп тұруы, оқырманды ойландыруы, күрсіндіруі, қуантуы керек. Біз сонда ғана оларды ақпарат кеңістігінен қуып шыға аламыз. Тәңірден берілген талант 99 пайыз еңбектің арқасында жүзеге асады. Еңбек кісі бойындағы көп кемшілікті жояды. Журналист басшылық жұмысқа барғанда өзін бастық, бюрократ сезінбеуі керек. Онда тез тоқырайды.
Капицаның сөзімен айтқанда, «руководить – это значит не мешать хорошим людям работать». Яғни ұжымда дұрыс шығармашылық потенциал қалыптастыруға күш салғаны жөн.

Сұхбатты жүргізген Бигелді Ғабдуллин




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.