Тоқаев қаңтар құрбандарына құран бағыштады
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Хазірет Сұлтан мешітіне арнайы барып, қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың 40 күндігіне орай олардың рухына құран бағыштап, құрбандық шалды.
Содан кейін мешітте халыққа үндеу жолдады.
Ақорданың мәліметінше, Мемлекет басшысы еске алу дұғасын оқығаннан кейін сөйлеген сөзінде биыл халқымыз ауыр сынақтарға тап болғанын атап өтті.
— Мемлекеттің тұтастығына, азаматтардың қауіпсіздігіне, елдің болашағына қауіп төнді. Біз лаңкестердің бетін қайтарып, олардың шабуылын тойтардық. Өкінішке қарай, бұл аласапыран көптеген азаматтардың өмірін қиды. Бұл нағыз трагедия. Менің тапсырмам бойынша тиісті органдар осындай әрбір жағдайды жан-жақты тексереді. Мен үшін адам құқығын қорғау мәселесі өте маңызды. Болған келеңсіз оқиғалар бүкіл елді дүр сілкіндірді, – деді Тоқаев.
Президент мешітке қаза тапқандардың рухына құран бағыштауға келгенін баса айтты.
— Қайғылы оқиғадан бері 40 күн өтті. Мен мешітке қаза болғандардың рухына дұға бағыштау үшін келдім. Қайтыс болғандардың туыстары мен жақындарына тағы да көңіл айтамын. Мемлекет сіздерді қиындықта жалғыз қалдырмайды. Орны толмас шығынға ұшыраған отбасыларға материалдық көмек көрсетуді тапсырдым, – деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Тоқаев мұндай жағдайдың қайталанбауы керек екенін айтты.
— Біз халқымыздың бірлігі мен ынтымағын бұзуға жол бермейміз. Бұл мемлекеттің ғана емес, барша азаматтардың ортақ парызы. Мұндай қайғылы оқиға қайталанбауы керек!, – деді ол.
Комментариев пока нет