Рождество мерекесінің беделі неліктен түсіп кетті - Exclusive
Поддержать

Рождество мерекесінің беделі неліктен түсіп кетті

Соңғы уақытта Рождествоны әлемде көптеген адам діни мереке ретінде қабылдамайды. Көбісі үшін бұл Аяз ата, бұғылар, қызыл қалпақшалар, есіктердегі гүл шоқтары, қызыл қапшықтағы сыйлықтар және т. б. рәсімдері бар әдет-ғұрыптықа айналып барады.

Посткеңестік кеңістікте Рождество көптеген адамдар үшін Жаңа жыл алдындағы мереке саналады, ал ғасырлар бойы бұл жылдың, кем дегенде қыстың басты мейрамы болған еді. Осы орайда Рождествоның беделі неліктен түсіп кеткенін білуге тырыстық.   

Көптеген еуропалықтар мен америкалықтар үшін Рождество әдет-ғұрыптық мерекеге айналғаны туралы зерттеулер аз емес. Бірақ ол жақтарда әлі күнге дейін Жаңа жылға қарағанда, Рождествоның мәртебесі жоғары. Еуропа мен АҚШ үшін Рождество – бірінші орында, содан кейін ғана – Жаңа жыл. Себебі бұл әрқашан халықтың мерекесі саналып, оны тойлау ресми түрде ынталандырылатын. Ал посткеңестік кеңістікте ұзақ уақыт бойы Рождествоны тойлауға ынталандыру былай тұрсын, тікелей тыйым салынған кездер де бар еді.

Дегенмен, КСРО-да 1929 жылы, революциядан 12 жыл өткеннен кейін де Рождество мерекесі тойланып, маңызды мейрам саналды.

1918 жылғы 1 қаңтарда Халық комиссарлары кеңесінің Жарлығымен кеңес елі юлиан күнтізбесінен григориан күнтізбесіне көшкені жарияланды. Орыс православие шіркеуі олай істемеді. Көптеген тарихшылардың пайымдауынша, дін өкілдерін қудалау бірден басталғандықтан, олар күнтізбені ауыстырып үлгермеген. Әйтпесе, орыс шіркеуі Болгария, Греция және Румыния православтарының жолымен григориан күнтізбесіне өтуі әбден мүмкін еді.

Бірақ, олай болмады. Сөйтіп, Кеңес одағында (оның артынан православтар тұратын посткеңестік республикаларда) Рождество Жаңа жылдан кейін тойланатын болды.

КСРО-да Рождество 1929 жылға дейін тойланып келді. Христиандық мерекені Жаңа жылмен алмастыру идеясы бірден пайда болған жоқ. Тіпті, Құдайды жоққа шығарған мемлекет құрушы Владимир Лениннің өзі рождествоны тойлаған дейді. Денсаулығы тәуір кезінде кремльдік шыршалар, шаруалардың балаларына арнап та Горкий үй-жайында шыршалар өткізген. Соңғы рет халықтың алдына да 1924 жылғы Рождествода шыққан. Бір қызығы, дәл осы 1924 жылдан кейін Рождествоны 25-26 желтоқсанда тойлайтын болған. Және ол күндер КСРО-да демылыс күндеріне жатқызылды.    

Әрине, сол кезде олар мерекенің христиандық рухын барынша басуға тырысты. Діни тақырыптардағы көріністерге тыйым салып, бірте-бірте жаңа әдет-ғұрыптармен алмастырды. Мысалы, «Щедрик» пен басқа да танымал халық әндерінің орнына балалар үйлерді аралап, идеологиялық өлең шумақтарын шырқады.

Көбісі ынталана мерекеге қосылғанымен, тәжірибе көрсеткендей, комсомолдар көрсеткен көріністердің шын мағынасын түсінбеді. Кейбір салаларда «карнавалдар» әртүрлі конфессия өкілдері арасында, сенушілер мен атеистер арасында қақтығыстар тудырды. Сондықтан 1920 жылдардың екінші жартысынан бастап партия басшылығы көшедегі іс-шаралардан бас тартуды және жұмысшылар мен ауылдық клубтардағы ғылыми насихатқа басымдық беруді ұсынды. Ал 1929 жылы Рождество мерекесін тойлауға мүлдем тыйым салынды. Сөйтіп, кеңес өкіметі тікелей дінге соғыс жариялады – діни қызметкерлер қамауға алынып, храмдар жабылды. Қарапайым діндарларға да ашық түрде құлшылық жасау және өз дінін ұстану қиынға соқты. Осылайша, алғашқы соққы негізгі христиандық мерекелер – Пасха мен Рождествоға жасалды.

Алғашында кеңес өкіметінің Пасха мен Рождествоға қатысты репрессиялық қадамдары нық болды. Христиандық рәсімдердің орнына кеңестік әдет-ғұрыптар енгізілді. Бірақ Пасхаға келгенде адамдар белгілі бір қауіп-қатерге қарамастан, жасырын түрде мерекені тойлап, тіпті, Пасха қызметіне баруды жөн көретін.

Ал Рождествоның мәселесі басқаша болды. 1929 жылдан бастап діни жәдігерлер сияқты барлық рождестволық рәсімдермен күрес жүрді. Алайда, 1935 жылдың соңында күтпеген жерден бұл күрес аяқталды. Украина Компартиясы ОК екінші хатшысы Павел Постышев (әрине, КСРО басшысы Иосиф Сталиннің бұйрығымен) кенеттен жұмысшыларға «шыршаны» қайтаратын уақыт келді деген мәселе көтерді. «Комсомольская Правда» жариялаған мақалада Постышевтің бала кезінде «шырша» тұрған «буржуазиялық үйлерге» қызғанышпен қарағаны туралы әңгімесі де жазылды. Сөйтіп, мақалада «шырша» кеңестік жұмысшылардың балаларына қолжетімді болуы керек және бұдан былай Рождествомен байланыстырылмауы керек» деген қорытынды жасалды.

Осылайша, рождестволық рәсімдерді кеңестік Жаңа жылмен алмастыру бойынша идеологиялық жұмыс басталып кетті. Мәсіхтің орнына Аяз ата басты кейіпкер болды, оның бейнесі еуропалық әулие Николай мен фольклорлық, әдеби және мифологиялық кейіпкерлердің ерекшеліктерін біріктірді. 1937 жылы оған славян мифологиясының тағы бір кейіпкері – Ақшақар көмекші ретінде берілді — ол алғаш рет Одақтар үйіндегі мерекеде пайда болды. Алғашында Ақшақар кішкентай қыз болды, содан кейін бойжеткеннің бейнесі орнықты.

Жаңа жылдық шырша да өзгерді. Ең басына Вифлеемск белгісінің орнына – қызыл бес бұрышты жұлдыз, бұтақтардағы періштелердің орнына – ұшақтар, танктер, зымырандар қойылды. Кейінірек, тоқырау кезінде шыршаға тағылатын ойыншықтар қайтадан қысқы ертегі тақырыбында шығарыла бастады.

Жалпы, большевиктердің Рождествоны Жаңа жылмен алмастыру идеологиясы белгілі бір түрде біздің заманымызға дейін жетті. Соғыс кезінде рождествоны тойлауға тағы да рұқсат етілгенімен, ол күні демалыс берілмеді. Көптеген адамдар алғашында бұл өзгеріске қарсы тұруға тырысып, шыршаны Жаңа жылдық емес, рождестволық атрибут екенін үнемі еске салып отырғанымен, ұрпақтар алмасқан сайын дәстүрлер ұмыт болуға шақ қалды.

1991 жылы КСРО 1929 жылдан бері алғаш рет Рождествоны ресми түрде атап өтті. Тәуелсіз Қазақстанда да бұл күн мерекелік саналып, Рождествоның өзіндік дәстүрлері пайда бола бастады. Бірақ көптеген адамдар үшін әлі де Рождествоға қарағанда, Жаңа жылдың маңызы жоғары.

Константин Козлов

Аударған Айдар Өрісбаев




Комментариев пока нет

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.